Қолына қалам алып, ақпарат таратуға асыққан журналистер қай кезде де миссиясынан мызғыған емес. Мейлі өрт, мейлі апат, мейлі тасқын болсын сол оқиға орнынан дереу сапалы, сенімді ақпарат таратады. Елде төтенше жағдай жарияланып ұлттың иммунитеті сыналар сәтте де журналистер ширақ қимылдап, кәсіби міндетін жоғары деңгейде атқара алатынын тағы бір дәлелдеді. Бұл уақытта эпидемиялық жағдайға байланысты елеңдеген елдің сұрағы көп болғаны белгілі. Халық пен билік арасындағы дәнекер ретінде журналистер мың сауалды тиісті органға жеткізіп, толымды хабар беріп отырды. Арасында коронавируспен күрестің қалың ортасында жүріп репортаж жасағандар да бар. Соның бірі «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы Жаңалықтар қызметі Алматы бюросының жетекшісі Жазира Оразқызы жер-жаһанда тараған жұқпалы індет жағадан алғанда, сәт сайын өзгерген жаңалықтарды жалпақ жұртқа жеткізу үшін журналистер қауымының қарбаласқа толы жұмысы одан сайын қыза түскенін айтады.
– «Алматыдан коронавирус анықталды» деген алғашқы хабар айтылған күннен бастап жұмыс тәртібіміз тұтас өзгерді. Әлеуметтік желілерде сан түрлі жаңалықтар шыға бастады, оның ішінде бұрмаланғаны да, шындыққа жанаспайтыны да болды. Онсыз да бойын үрей мен қорқыныш билеген жұртқа ресми ақпаратты дер кезінде беру, сағат сайын хабар тарату Ұлттық арнаның басты қағидатына айналды. Жаңалықтар қызметінің жүргізушілері мен тілшілері індет жұқтыруымыз мүмкін деген қорқынышқа қарамастан, қызметіне адал болып, абыроймен атқаруға тырысты. Оқиға орнынан тікелей эфирлер, телефон арқылы хабарлау, маңызды әрі соңғы ақпаратты сапалы, жылдам жеткізу үшін тыным таппады, – дейді ол.
Оның айтуынша, мұншалықты көп арнайы шығарылымдар әдетте мерекелерде, айтулы күндерде жасалған болса, карантин кезінде аяқ астынан тікелей эфирге шығу үйреншікті жұмысқа айналған.
«Алматыда коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелген сәттен бастап 600-ден астам індет ошағы анықталыпты. Қала әкімі Б.Сағынтаевтың есебінде айтылғандай, бір тәулікте 132 инфекция ошағы тіркелген кездер де болған. Түсірілім топтары індет ошақтарына жақын бармауға тырысты. Дегенмен, біздің басты қаруымыз – ақпарат. Телекөрермендерімізге сараланған, салмақты, тексерілген, маңызды, өзекті жаңалықтарды беру үшін кейде біраз тер төгуге тура келеді. Ақпарат алудың сан алуан амалдарын қолданамыз. Бастысы, материалыңды көргенде көрермен көкейінде ешқандай сауал, күмән қалмауын ойлауымыз қажет. Қауіпсіздік шараларын да қатаң ұстандық, әлі де карантин талаптарын сақтаймыз», дейді Жазира Оразқызы.
Бұл қатаң тәртіп халықтың біразын үйге тыққанмен оның да бір қайыры болды. Жақсылық көре білген адамға оқшаулау режімі жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Кез келген жағдайға бейім әріптестеріміз карантин кезінде өз үйін мобильді студияға айналдырып, жаңа форматта ақпарат таратуды да үйренген.
«Білесіз бе, жаңалықтар бөлімі пандемия әкелген жаңашылдыққа да ақырындап бой түзей бастады. Бұл ретте журналистің үйі мобильді студияға айналғаны бар. Қашықтан жұмыс істеген тілшілер ұялы телефон арқылы маңызды мәліметтерді өз баспанасынан онлайн хабарлап отырды. Бұл жаңа үрдіске үйренісу алғашында оңай болмады. Оператор, жарық қоюшы, режиссер сынды тағы да басқа көптеген мамандарсыз эфирге шығу үлкен жауапкершілік пен еңбекті талап етті», дейді Atameken Business арнасының тележүргізушісі Қайырбек Баймырза.
Әріптесіміздің сөзіне сенсек, аталған телеарнаның 90% қызметкері үйден жұмыс істеп, қалған қызметкерлер редакцияда барлық санитарлық талаптарды орындай отырып жұмыс істеген. Үйде телеарнадағыдай техникалық мүмкіндіктер болмаса да жаңа жағдайда эфир уақыты артып, бастысы – жаңалықтар желісінен жаңылмаған. Аңдап қарасақ, коронавирус көп түсініктің тонын теріс айналдырды. Қоғамға қалыпты жағдайға басқа қырынан қарауға, көп нәрсенің қадірін білуге үйретті. Сабырға шақырды, сабамызға келтірді. Елдегі кейбір кемшін тұстарды түзетуге жол ашты...
Қазіргідей қиын сәтте алғы шепте қызмет еткен әрбір маман иесінің еңбегі өлшеусіз. «Жегені жантақ, арқалағаны алтын» әріптестердің жұмысын адал атқару үшін ең қатерлі аймақтардан ақпарат таратқан ерен еңбегі еленіп, халықтың сенімі арта түссе екен деген тілегі бар. Өкінішке қарай, бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 19 мыңнан асса да індеттің барына сенбейтіндер әлі де бар. Қайткенде де басты міндетіміз ақпараттандыру, құлақтандыру болғандықтан, қоғамды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақыру жалғаса береді.
Қуанышты жаңалықтар таратар күніміз көп болсын!