Елімізде өткелі отырған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындықты өнертапқыштарымыз бастап кеткелі қашан. Олар республиканың барлық аймақтарында дерлік көрмеге қатысты жасалған игі жобаларын әлем көрермендері алдында көрсетуге асығулы. Бұлардың қатарында өзіндік ерекше жаңалықтарымен жұртшылықты тамсандырамыз деп отырған жас өскін оқушылар да бар. Елордада өткен «ЭКСПО-2017 балалардың көзімен» тақырыбы аясында «Мектеп табалдырығынан – ғылымға» атты ғылым мен техниканың халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумы да осының дәлелі.

Аталған басқосуға алыс-жақын шетелдерден өкілдер мен еліміз облыстарының, Астана және Алматы қалаларының 8-11-сынып оқушылары келіпті. Сонымен бірге, бұлардың арасында ғылыми қоғамдар мен ғылыми-техникалық жаратылыстану бағытындағы өңірлік байқаулардың жеңімпаздары да бар.
Форум аясындағы жұртшылықты қызықтырған шараның бірі – «Идеялар. Жобалар. Өнертабыс» ғылыми-техникалық шығармашылық роботтехникасы және инновациялық жобалар көрмесі дер едік. Мұндағы еліміздің барлық аймақтарынан дерлік келген іргелі жұмыстар оқушылардың өз жетекшілерімен бірге жұртшылыққа таныстырылды. Қарағанды облысының «Мұрагер» мектебінен келген оқушы Шыңғыс Смағұловтың биоотынға байланысты жаңалығы да көрерменнің қызығушылықтарын туғызды. Экологиялық таза, шығынды мүлдем аз талап ететін бұл жұмыстың ерекшеліктерін автор егжей-тегжейлі айта келе, алдағы тұрған мәселе отын алынатын қидың иісін тазалау екендігін айтты. Ол енді осы бағытта жұмыстар жасайтындығын жеткізді.
Ал елордадағы №50 Қазғарыш мектебінің 10-сынып оқушысы Алматин Алмасбектің (жетекші ұстазы Шернияз Ілиясов) жасаған трактор макеті мен екі қабатты автобус жобасы да ерекше болып отыр. Әуелі тракторға келер болсақ, ол шөпті орып, жинап, сонымен бірге, тайлап та үлгереді екен. Сондай-ақ, оның жанар-жағармай үнемділігі де қызықтырмай қоймайды. Ауылшаруашылық техникаларының ішінде «Беларусьтан» кем түспейтін бұл трактордың құны одан едәуір төмен. Мәселен, «Беларусь» тракторы шамамен 3 миллион теңгеден астам болса, мұның бағасы жобамен 2 миллион теңгеден аспайтынға ұқсайды. Бір жағынан отандық өнім, екінші жағынан бағасы да төмен бұл болашақ тракторды жиылған жұрт жиі төңіректеп қызықтады. Ал екі қабатты автобус жобасы қалаішілік бағытқа арналған. Жоба жетекшісінің айтуынша, ішіне жүз қаралы жолаушы еркін сиятын көлікте ЭКСПО-ға келген қонақтар мен жалпы туристерге арнайы жағдай жасау қарастырылған. Валюта айырбастау, түрлі төлемдер қабылдау орындарын осы автобус ішінде орналастыру жоспарланған.
Форум шығармашыл әлеуеті жоғары дарынды балаларды анықтау мен қолдаудың жаңа сатысы болмақ. Бұл ғылыми-техникалық саладағы іздену мен зерттеушіліктің ең үздік жетістіктерін көрсетеді. Сонымен қатар, нақты ғылымдарға деген қызығушылықтың артуына, энергия үнемдейтін технологияларды ойлап табуға және енгізуге ықпал етпек, дейді шараны ұйымдастырушылар.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».