"Халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан грант алатын кейбір азаматтарымыз қабылданған заңды негізсіз сынайды. Олардың пікірінше, Қазақстанда "Митингке қашан шығамын? Кіммен шығамын және қай жерде өткіземін? Яғни өзім білем" деген жүгенсіздік қағидаты болуы керек екен. Әсіресе солардың митингіге шетел азаматтары мен кәмелетке толмаған балалардың қатысуын талап етуін шектен шыққандық деп санаймын. Олардың ойы белгілі. Ондай адамдарға тыныштық пен тұрақтылық қажет емес. Ал біз қарқынды дамыған, татулығы жарасқан Тәуелсіз Қазақстанды сақтауымыз керек. Халық ең алдымен ел іргесінің беріктігін терең жауапкершілікпен сезінуі керек. Сонымен қатар мемлекет өз азаматтарының заңды талаптарына құлақ асуға, қаржылық және құқықтық мүмкіндіктер аясында оларға жәрдем беруге міндетті", - деді Мемлекет басшысы "Ана тілі" газетіне берген сұқбатында.
Сондай-ақ ол жастар үшін әлеуметтік лифт орнықтыру керек екенін сөз етті.
"Мемлекеттік басқару ісіндегі және идеология саласындағы қателіктерді дер кезінде түзеткен жөн. Егер жұмыс осылай жүретін болса, сөзсіз әділдік орнайды. Мен мұны сайлау алдындағы бағдарламамда айтқан болатынмын. Сонда митингтің де қажеті болмай қалады. Соңғы кездері елімізде "митингшілдік" белең алуда. Көбінесе азаматтарымыз сырттағы біреулердің арандатушылық ұрандарына еріп жүр. Бұл – аймақтық бәсекелестік күшейіп келе жатқан халықаралық аренада Қазақстанды ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр", - деді Президент.