Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Аманжол Еренұлының айтуынша, оқушылар онлайн форматта эссе жазып, физика, математика, ағылшын тілінен жеке тапсырмалар орындаған. Нәтижесінде екінші іріктеу турының қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен 3 оқушы республикалық кезеңге жолдама алады.

"Шараға Нұр-Сұлтан қаласынан "IQanat білім қоры" қоғамдық қорының директоры Айжан Садықова арнайы қатысып, оқушыларға сәттілік тіледі, - дейді Аманжол Еренұлы. - Бірінші кезеңнің жеңімпазы деп танылған және екінші кезеңге қатысушы оқушыларға сертификаттар мен сыйлықтарын табыс етті. Сонымен қатар былтырғы жылғы қатысушыларынан Павлодар облысынан жоғары көрсеткіш көрсеткен 5 оқушы ресми волонтер атанды. Бұл 5 оқушының ішінен 2 оқушы - біздің ауданымыздан Аққулы жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушылары Дильназ Валиханова бен Анель Хамит. Оларға "IQanat білім қоры" қоғамдық қорының директоры волонтер кітапшасын табыс етті.
Айта кетерлігі, IQanat олимпиадасы ауыл мектептерінің 9-сынып оқушыларына арналған республикалық бағдарламасы – қазақстандық меценаттардың білім беру саласындағы жобасы. Бағдарламаның мақсаты – ауыл мектептерінің оқушыларын ұлттық және шетел университеттеріне түсулері үшін қолдау, ынталандыру.