Аймақтар • 25 Маусым, 2020

Батыс Қазақстанда ҰБТ-ның алғашқы нәтижелері белгілі болды

779 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы өткен үш күн ішінде 1552 түлек сынақ тапсырды. Ереже бұзып, сынақтан шеттетілгендер де бар, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстанда ҰБТ-ның алғашқы нәтижелері белгілі болды

Пандемия кезіне тап келгендіктен, биылғы ҰБТ санитарлық-эпидемиялық нормаларды қатаң сақтаумен ерекшеленді. Оның ішінде сынақ тапсырушылардың ара қашықтығы да бар. Бұл бір мезгілде тест тапсыратын түлек саны азайып, сынақ мерзімінің ұзаруына әкеліп соқты. Сондықтан да облыста ҰБТ 12 күнге созылмақ.

"Біз ҰБТ өтетін орындардың қажетті техникалық жабдықтармен және санитарлық қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етілуін тексеріп шықтық. Әзірге санитарлық-эпидемиялық талаптар бұзылған жоқ", - дейді Батыс Қазақстан облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Сәрсенғалиева.

Биылғы ҰБТ сынағында бақылау ерекше болатыны, тест тапсырушылардың рұқсат етілмеген заттар мен әдістерді қолданбауы алдын ала ескертілсе де, ереже бұзғандар кездескен. Осы үш күн ішінде облыс бойынша 13 тестілеуші тестке қатыстырылмаған. Ал сынаққа қатысқан 9 түлектің нәтижесі жойылған. «Бұл балалар биылғы қаңтар айында ҰБТ сынағына қатысып, сертификат алса, ақылы түрде елдегі жоғары оқу орындарына түсе алады» деп хабарлады департамент.

Биылғы тестілеу 9 пунктте өтіп жатыр. Жоғарыда айтылғандай, сынаққа қатысушыларды тәуелсіз сарапшылар қадағалайды. Олардың құрамына арнайы мониторингтік топ мүшелері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және "Адалдық алаңы" жобалық кеңсе өкілдері кірген. Сынақ өтетін әр аудитория бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Қатысушылар металл іздегіштен өтпес бұрын ережелерді ұстану туралы міндеттемелермен танысып, тыйым салынған заттардың жоқтығы туралы құжатқа қол қояды. Тыйым салынған заттарды қолдануға жасалған кез келген әрекет тест нәтижелерін жарамсыз етеді, қатысушы аудиториядан шығарылады және осы жылы ҰБТ-ны қайта тапсыра алмайды. Сондай-ақ биылғы 25 тамызға дейін әр аудиториядан алынған бейнежазбаны мамандар зерделейді. Егер бейнематериалдарды талдау кезінде ережелерді бұзу анықталса, талапкердің тест нәтижесі жойылуына әкеледі. Егер сол кезде қатысушыға грант тағайындалған болса, ол грантынан айрылады.

"Осы ережені барлық ата-ана, тест тапсырушыларға сан мәрте ескерткенімізге қарамастан, 3 күн ішінде 13 түлек тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тестілеуге жіберілмеді. Оның жетеуі – Жәнібек ауданынан, алтауы – Қазталов ауданынан. Тағы 9 түлек тест тапсыру барысында ҰБТ ережелерін бұзғаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылып, жұмыстары жойылды. Олар – Жәнібек ауданынан – 1 адам, Қазталов ауданынан – 5 түлек, Бөрлі мен Сырым аудандарынан – 1 адамнан, БҚАТУ орталығында сынақ тапсырған 1 түлек", - дейді Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Ғұмарова

Жергілікті санитар дәрігердің қаулысымен Батыс Қазақстан облысында 27-28 маусым күндері күшейтілген карантин талаптары енгізіліп, көлік қозғалысына шектеу қойылған болатын. Бірақ ҰБТ тапсырушылар үшін арнайы көліктер ұйымдастырылатыны белгілі болды.

 

Батыс Қазақстан