Биыл көктем ылғалды болғанымен, жаз басталғалы жауын жауған жоқ. Қазір дала қурап тұр. Жазатайым жалғыз шырпы тисе, соңы қаулаған өртке айналмақ.
Маусым басталғалы 23 орман өрті болып, 41,79 гектар орман алқабын жалмап кетті. Қураған өліқаудың қызыл жалынға орануының 33 оқиғасы орын алды. 374,23 гектар жерді тілсіз жау күйдіріп тастады. Сөз арасында облыстағы орманды алқаптың аумағы бір миллион гектарға таяу екендігін айта кеткен ләзім. Осынша жерді қорғау да оңай-оспақ шаруа емес. Демек, әрбір саналы тұрғын туған табиғатына залал келтірмеу жағын ойлау керек.
Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Манарбек Шапағатовтың айтуынша, табиғат аясына шыққан демалушылар жалпыға бірдей тәртіпті орындай бермейді. Өз іс-әрекеттеріне жауапсыз қараған 14 адамға ескерту берілсе, оның 14-іне 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынған екен.
Ақкөл, Зеренді, Бурабай аудандарында өрттен қорғауға жұмылдырылатын үш авиа топ жасақталған. Өрттен қорғаушылар күні-түні күзетте тұр. Дегенмен, адамдардың да абай болғаны жөн.