Экономика • 26 Маусым, 2020

Донор аймақтар көбейсе, ел экономикасы еңселенеді

814 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елімізде «Донор аймақ­тар неге азайып кетті?» деген мәселенің қоғам­дық пікірден мемлекеттік деңгейге көтеріле бас­тағанына екі-үш жылдың жүзі болды. Былтыр бюджетке түсетін түсімдердің барлық аймақтарда қыс­қарғаны байқалды.

Донор аймақтар көбейсе, ел экономикасы еңселенеді

 

Өңірлердің дамуы біркелкі емес

Қаржы министрлігінің мәлі­метінше, 2019 жылы 2 млн тұр­ғыны бар Алматы қаласы рес­пуб­ликалық бюджетке 115,3 млрд теңге құйды. Ал биыл­ғы жоспар бо­йынша мегаполис «ортақ қазынаға» 171,7 млрд теңге құйып, былтырғы көрсет­кішке қарағанда біршама артық беруі керек.

Атырау облысы 2020 жылы респуб­ликалық бюджетке 207,3 млрд теңге аударады. Бұл был­тырға қарағанда екі есе артық. Оны мұнайдың көп өнді­рілуімен түсіндіруге болады.

Биыл донор-аймақтардан қар­жыны алу көлемі 420 млрд теңгеге дейін жетпек. Бірақ пан­де­мияның салдарынан өзгеріс болуы әбден мүмкін. Дүниежүзілік банктің сарапшылары әлемде шикізат тауарларына сұраныс айтарлықтай азайып, бағасы құлдырайтынын айтып жатыр. Қазірдің өзінде баға төмен екені мәлім. Донор-ай­мақтарда, әсіресе Нұр-Сұл­тан мен Алматы қала­ларын­да бюд­­жетке салық төлей­тін шағын және орта кәсіп­кер­­лік­­тің жұмысы саябыр­лап қал­ды. Дамудың күретамы­ры­на қан жүгіртіп келген өңір­­лер түш­кіріп қалса, өзге ай­мақ­­тар­дың жағдайының не бола­тынын се­зіп, Үкімет орталық­тан­дырыл­ған бюд­­жетке тәуелді реципиент ай­м­ақ­­тар­дың көбейіп кетуінің ал­дын алмаққа қам жасап жатыр. Сарап­шылар бұл оңай шаруа емес екенін айтады.

Нұр-Сұлтан, Алматы қала­лары, Ақтау мен Атырау об­лыс­тары донорлардың көшін бас­тап тұр. Алматы мен Нұр-Сұл­танда бизнес субъек­тілері­нің қатары көп болса, Атырау мен Ақтау эконо­мика­сының күретамырына мұнай қан жүгіртіп келді.

Үкімет осыған дейін дота­цияға тәуелді емес аймақ­тарға Алматы облысы мен Қара­ған­дыны айтатын.  Сарапшылар Алматы облысының экономикасының өсіміне Қорғас бекеті мен Алматы қаласы ықпал ететінін, Қарағандыға географиялық жағынан Нұр-Сұлтанның жақын орналасқаны тиімді екенін айтады. Мұндай мысалдар әлемдік тәжірибеде көп. Айталық, АҚШ экономикасы Канадаға қуат берді. Қытай экономикасының дамуы Вьетнамды ұйқыдан оятты. ЕО-дағы елдердің дамуы­­­­на бір-бірімен көрші қонуы әсер етті. Демек дамыған елдердің экономикасы көрші елдерге, ал ШОБ-тың әлеуеті іргелес қалалардың өсіміне дем беретіні де нарық заңы.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, кез келген мемлекеттің табысты дамуы – аймақтық саясаттың тиімділігіне тәуелді. Қазір көптеген елде мемлекетті орталықтан басқару әдісі әлсіреп, билікті аймақтарға беруге көңіл бөліне бастады. Кез келген мемлекеттің дамыған, дамушы және дамымай артта қалған аймақтары болады. Экономикасы шикізатқа тәуелді, жері кең, елді мекендер мен қалалары бір-бірінен алыс орналасқан Қазақстан үшін мұндай жағ­дай­дың болуы да заңдылық. Бұл тұста облыстарды дамытудың бағыты ретінде орта­лықтағы мамандарды аймаққа, ай­мақ­­тағы мамандарды орталыққа ротация­лау тетігін басшылыққа алуға болады.

Аймақ дамуы үшін мемлекеттік бағ­дар­ламалар орындалуы қажет. Ал әлем­дік тәжірибеде мемлекеттік бағ­дар­ла­малар орындалуы үшін ІЖӨ деңгейі 5-7 пайыз­дан асуға тиіс. Қазақстан пандемияға дейін де бұл өсімге қол жеткізе алған жоқ. Д.Сәтпаевтың пайымдауынша, шынайы өміріміздің шеңберіне лайықтаған сауатты бағдарламалардың жоқтығынан ІЖӨ 5 пайыздың айналасында болды. «Қазіргі біз қолданып отырған жүйені халықаралық терминде «социалистік бірлік» деп атайды. Бұл жүйеден Ресейдің өзі бас тартып жатыр. Мүмкін бізге де бас тартып, аймақтардың даму ерекшелігіне көңіл бөлу керек шығар. Пандемияға дейін Өзбекстан экономикасы өсім бере бастағаны қазақ экономикасының қалғып кетуіне мүмкіндік бермейтін факторға айналды. Бұл факторды Түркістан облы­сы­ның дамуына қолдануға болады. Өзбек инвесторлары Түркістан, Жамбыл облыс­та­рынан біріккен кәсіпорындар салуға ықыласты», дейді ол.

Сарапшы Бейсенбек Зиябеков осыған дейін аймақтардың қандай салаларға дамуға бейім екенін зерделемегенімізді ай­тады. Олардың экономикалық стратегиясын айқындау мүмкіндігі шек­те­ліп, ортақ бюджетке деген тәуел­ді­лігі терең­деп кеткен. Донор қатарына енген 4-5 аймақтан өзгесінің кенжелеп қалуы эконо­микалық саясат үшін де тиімді емес. Саясаттанушы Замир Қаражанов орталықтан алыс аймақтардың инвес­ти­ция­лық климаты тартымсыз деген пі­кірге сенбейтінін айтады. «Зауыты, кәсіп­орындары бар шағын қалалардың біразының инвестициялық картадан түсіп қалуына КСРО-ның күйреуі себеп болған. Дағдарыстан ес жиып, кәсіпорындары табысты жұмыс істей бастағалы Кентау қала үлгісіндегі елді мекенге айналды. Қазір Қазақстанның кәсіпорындарындағы трансформаторлардың 90 пайызы Кен­тау­да жасалады. Моноқалалар туралы мем­­лекеттік бағдарламаның нәтижесін Жаңаөзен мен Кентау қалаларының дамуынан байқауға болады. Кентау – КСРО кезінен өндіріс ошақтары бар қала. 1990 жылдары талан-таражға түскен жоқ. Бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын бақыласақ, біраз тірліктер алға жылжиды», дейді З.Қаражанов.

 

Донор аймақтардың азайғаны – әлемдік құбылыс

2013 жылы АҚШ автокөлік индус­трия­сының астанасы Детройт қала­сы банкрот болды. Сол кезде АҚШ-тың федералдық соты «Детройт қаласы қа­рыз­ға батты. Енді несие берушілеріне ақшаны қайтаруға мүмкіндігі жоқ» деді. АҚШ тарихындағы ең ірі муниципалды банкрот қаланың қарызы қазір 18 млрд доллардан асып кетті. Сарапшылар Детройттың банкрот болуының себептері туралы әртүрлі пікір айтады. «Несие берушілерден заңды түрде қорғану үшін қаланы банкрот деп жариялады деген пікір басым. Себебі 10 жыл бойы банкрот деп жарияланып, кейін еңсесін түзеген қалалар АҚШ тарихында көп. Алдағы бірер жылда бізде де осындай мәселе туын­­да­масына кім кепіл?!

Ресей де шағын қалаларды дамытуға 1,5 млрд рубль бөлген. Тең­ге­мен есептегенде 7-8 млрд. Ал Қазақс­танда 1 жылға 34 млрд теңге, 3 жылға 120 млрд теңге бөлінді. Біздегі моноқалалар саны 27 болса, Ресейде – 300. Сарапшы Б.Зиябековтің тү­сін­діруінше, Үкімет бөлген қаржы мақ­сатты түрде жұмсалса, 27 қаланың инфрақұрылымы 90 па­йыз­ға жаңаруы тиіс еді. «Қазақстанда ха­лық­тың өмір сүру деңгейін аз да болса теңестіру үшін мемлекет кірістерді қайта бөлу тетіктерін қолданады. Яғни қар­жыны бай өңірден алып, тұрмысы төмен аймаққа береді. Ақшаны бұлайша қайта бөлуді «Мемлекеттік бюджетті теңестіру» деп атайды. Бұл механизм Бюджет кодексінің 45-бабы арқылы заңдастырылған. Бюджет кодексіндегі осы бапқа өзгерістер енгізу керек. Донор аймақтардың реципиенттер қатарына қосылуының өзі проблема деген түсінік бар. Себебі аймағы артта қалса, әкімдердің рейтингіне әсер етеді. Әкімге аймақтың инвестициялық тартымдылығы емес, жақсы атанып, бюджеттен молырақ үлес алып қалғаны жақсы. Пандемия экономикада шындықты жамап-жасқап, жақсы атанып, уақыт өткізу мүмкін емес­ті­гін көрсетті. Бізде аймақтардың дам­уын скринингтен өткізіп, жағдайды соның нәтижесіне қарап бағалауға болады. Бұл аймақ басшыларынан «халқыңның жағ­дайы қалай, олардың қанша пайызын жұ­мыспен қамтамасыз еттің, тапқан та­бысы күн көрісінен артыла ма?» деген мәселелерді ашық талап етуге мүм­кін­дік береді. Меніңше, әкімдердің рей­тингі инвестиция тартумен ғана емес, халқының экономикалық белсенді бөлі­гінің жұмыспен қамтылуымен де есеп­тел­уі керек», дейді ол.

Сарапшы осы ретте осы күнге дейін қолданыста болған экономикалық модельден бір күнде бас таруға болмайтынын айтады. «Қалған өңірді сақтаймыз деп қолдағы барды құрбандыққа шалып жіберуге болмайды. Үкіметке – шындап ойланатын, әкімдерге рейтингтен де маңызды мәселелермен айналысатын кез келді. Осы күнге аман жеткен донор аймақ­тардың әлеуетін сақтап қалу реципие­­­нт аймақтарды алға жыл­жытумен бірдей жүр­гізілуі керек. Жеріне екі-үш мемлекет сы­йып кете­тін кейбір облыстар дотацияда отыр. Егер қалалық орталықтардың дамуы нарық жолымен үйлестірілмесе, реттелмеген көші-қон процестеріне, өңіраралық үйлеспеушілікті одан әрі нығайтуға ықпал етуі және экономиканы әртараптандыруға кедергі болуы мүмкін. Бұл ретте «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасынан үміт күтемін. Үкі­мет жағдайды мүмкіндіктерге қарай бейім­деу­дің қажет екенін пайымдап барып бұл құжатты қабылдады», дейді сарапшы.

 

Аймақтардың әлеуетін бизнес көтереді

2020 жылдың басынан бастап Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағ­дар­ламасының екінші бесжылдығы іске қосылды. Алдағы бес жылда бас­қа­рылатын урбанизацияға назар аударылады. Төрт ірі агломерация – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе шаһарларын дамытуға көңіл бөлінеді. Ұлттық экономика министрлігінің 2025 жылға дейінгі жоспарына сәйкес, қала­лар­дың дамуына ғана емес, сонымен бірге ауылдық елді мекендерге де назар аударылады.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының дамыған ел­дерін алсақ, урбанизацияның орташа дең­гейі ретінде халықтың шамамен 77 пайызының қалаға шоғырлануы қарастырылған. Қазақстанда 2019 жылы бұл деңгей 58,2 пайызға жетті. 2025 жылға қарай Ұлттық экономика министрлігі бұл көрсеткішті 62 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­­қаевтың экономикалық мә­се­­­ле­­лер жө­­­нін­­дегі кеңесшісі Олжас Құдай­бер­­ге­нов: «Бүгінгі таңда еліміз­де 4-5 до­нор­лық аймақ бар, бірақ жағдай бас­­­қаша болуы керек. Бұл жағ­дай ішінара са­лық түсімдерінің орта­лық­тан­ды­ры­­лып келуінің салдарынан болды. Им­порт­қа тәуелділіктің жоға­ры­лы­ғы, эко­номикалық және ақша-кредит сая­са­тын­­дағы қателіктер де себеп. Егер осы кем­­­шіліктер ескерілсе, жұмыс дұрыс ұйым­­дастырылса, донор аймақтар саны 13-14-ке дейін артады», дейді.

Даму әлеуеті бар ауылдарды анық­тау­дың жаңа әдістемесі жасалды. Бұған 6,5 мың ауылдың шамамен 3,5 мыңы кіреді, оның 1 150-і тірек ауыл, қалғаны – спут­ник­тік және шекаралық ауылдар. Ұлт­тық экономика министрлігінің жос­па­ры­на сәйкес, «Ауыл – Ел бесігі» жоба­сы­ның аясында тірек және серік ауыл­дар­ды жаңғырту бағдарламасының жаңа ба­ғыты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапа­сын жақсарту мен әлеу­мет­тік инфра­құ­ры­лымды жаңарту.

Елді мекендердегі барлық әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды 7 жыл ішінде модернизациялау жоспарлануда, бұл ауыл экономикасының дамуына серпін береді. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағ­дарламалары қалаларға ғана емес, соны­мен бірге ауылдарды қолдауға бағыт­­талады.

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар