Қоғам • 26 Маусым, 2020

"NUR SUNQAR" байқауының жеңімпаздары анықталды

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

"Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, "NUR SUNQAR" республикалық конкурсының жеңімпаздарын жариялады. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

"NUR SUNQAR" байқауының жеңімпаздары анықталды

"Құрметті журналистер! "Nur Otan" Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні – кәсіби мерекесінің қарсаңында дәстүрлі түрде "NUR SUNQAR" республикалық конкурсын осымен 11-ші рет өткізіп отыр. Бүгінде бұл сыйлық журналистер қауымы арасында беделді де танымал марапатқа айналды. "NUR SUNQAR" – медиа-қоғамдастық қызметкерлерінің елде жүріп жатқан реформаларды қолдау, қоғамдық маңызы бар жобалардың табысты атқарылуы және халықтың кері байланысын қамтамасыз ету бойынша сіңірген еңбегі мен үлесін бағалаудың бір көрінісі", - деп жазды Бауыржан Байбек Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, конкурстық комиссия биыл бірнеше жаңа номинация белгілеген. "Алғы шеп" – Төтенше жағдайды жария ету бойынша қажырлы еңбегі үшін", "Біз біргеміз" – волонтерлік жұмыс туралы үздік жарияланым", "Партияның "қайта жандануы" бойынша үздік материал" номинациялары. Жалпы 135 өтінім және 355 материал берілген.

"Пандемияға байланысты қалыптасып отырған қазіргі жағдай біздің салтанатты шараны өткізу жөніндегі жоспарымызды түбегейлі өзгертті. Биыл бізге партиялық сыйлықты салтанатты түрде тапсыру рәсімінен бас тартуға тура келіп отыр. Бұл – амалсыздан жасалып отырған қадам. Бұған барша қатысушылар түсіністік танытады деп сенемін.

Партиямыздың Лидері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым журналистердің шығармашылығы еліміз бен халқымыздың игілігіне бағытталған ізгі істерге ұйытқы болуын қалады. Сондықтан да конкурстық комиссия ел дамуының өзекті мәселелерін жарыққа шығаруға елеулі үлес қосқан үздік сөз зергерлерін іріктеп алды", делінген жазбада.

"NUR SUNQAR" байқауының жеңімпаздары:

"Телевизия үздігі" – Саламат Омаш, "Qazaqstan" ұлттық арнасы

"Ұшқыр қалам" – Айгүл Халықова, "Egemen Qazaqstan" газеті

"Үнжария" – Ләззат Әбдіреева, NS радиосы

"QAZNET үздігі" – Альберт Ахметов, zakon.kz

"Партияның қайта жандануы" – Нұрислам Ғұмар, "Қазақстан-Атырау" телеарнасы

"Елбасы салған сара жол" – Серік Малеев, altynorda.kz

"Блогосфера үздігі" – Айдос Жұқанұлы

"Алғы шеп" – Ирина Әлімжанова

"Біз біргеміз" – Әсел Тұрсынғазина, "Хабар" телеарнасы

"Партияның атынан және жеке өз атымнан "NUR SUNQAR - 2020" сыйлығының жеңімпаздарын лайықты марапаттарымен құттықтаймын! Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Журналистер күні құтты болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке және шығармашылық мол табыс тілеймін!" - деді Бауыржан Байбек.