Аймақтар • 26 Маусым, 2020

Жол саласында маман тапшы

492 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда жол саласында маман тапшы. Ресми деректерге сүйенсек, автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмыстарына 3 мыңдай адам қажет екен. Бұл туралы "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК МОФ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Жол саласында маман тапшы

Құзырлы мекеменің барлық филиалдарына жол шеберлері, инженер-сметашы, зертханашылар, жол инженерлері, автогрейдер жүргізушілері мен механизаторлар жетіспейді. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары отандық жоғары оқу орындары мен колледждерде жол саласы мамандарын даярлау ісі жаңадан қарқын алды. Бұл салаға мемлекеттен жыл сайын грант бөлінеді. Мәселен, 2019-2020 оқу жылына 9750 грант қаралып отыр.

Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг универсиететі мен Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжімен Маңғыстау облысындағы жол сапасын бақылау орталығы әріптестік байланыс орнатқан. Оған биыл 4-ші курс оқитын екі студенттің филиал ғимаратында ақылы өндірістік тәжірибеден өтіп жатқанын дәлел ретінде айтуға болады.

Нартай Урынбаев пен Оразалы Ақылбеков есімді жастар жолдан бұрғыланып алынатын сынамаларды (керн) зертханалық жағдайда тексеру, олардың тығыздығы мен басқа да техникалық талаптарға сәйкес келуін бақылау жұмыстарын көріп қана қоймай, өз қолдарымен атқарып та жүр.

"Жол саласының маманы атануды мектепте оқып жүрген шағымда мақсат етіп алға қойдым. Шүкір, бүгінде арманым орындалды. Бұйырса, оқуымды аяқтаған соң "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Маңғыстау филиалына жол зертханашысы болып қызметке тұруды қалаймын. Қазіргі таңда біраз тәжірибе жинақтап қалдым. Бір жағынан өндірісте жүргенім үшін қомақты ақы да төленеді. Келешек осы ұжымның бір мүшесі болғым келеді", дейді Нартай Урынбаев.

"Жол активтері ұлттық сапа орталығы" РМК бас директоры Замир Сағыновтың бастамасымен 2020 жылы "1000 мектеп" науқаны басталды. Көзделген мақсат − мектеп бітірушілермен тікелей кездесу өткізіп, жол мамандығына тарту.

"Карантин басталғанға орта білім беру мекемелеріне орталықтың жол инженерлері, зертханашылары мен картограф-диезист мамандары барып, бүгін оқушы − ертеңгі жас мамандармен жүздесті. Санэпидемиологиялық жағдай тұрақталған соң, бұл жұмыстар жаңа қарқынмен жалғасады. Маңғыстау облысында 154 мектеп болатын болса, біздің ұжым қызметкерлері 26 орта білім беру ордасына барып, 9-11 сынып оқушыларымен кездесті. Бұл жерде Ақтау қаласынан бөлек, орталыққа жақын тұрған Мұнайлы және Түпқараған аудандары да қамтылды", дейді филиал директоры Елтай Таялиев.

Танымдық кездесулерде облыста салынып жатқан көлік жолдарының сапасын бақылау айтылып, жол мамандықтары турасында жан-жақты түсінік берілді.