Руханият • 27 Маусым, 2020

Талғат МҰСАБАЕВ: "Абай – жаныма жақын ең жарқын бейне"

67 рет көрсетілді

"Астана Опера" театры астана күні құрметіне өз сайтынан және TengriTV-ден қазақ ұлттық опера өнерінің жауһар туындысы – А.Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абай" операсын ұсынбақ, деп хабарлайды Egemen.kz

Қойылымдағы басты партияны сомдаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Талғат Мұсабаев мерекелік іс-шараға не үшін бұл спектакльдің таңдалғаны туралы айтып берді.

– "Абай" спектаклінің басқа қойылымдардан ерекшелігі неде?

– Біріншіден, қойылым репертуарымыздағы ұлттық классикамыздың ең шоқтығы биігі. Сахналық ғажайып туынды үшін театр ұжымы Мемлекеттік сыйлықпен марапатталғаны баршаға мәлім. Аты аңызға бара-бар опералық туынды – еліміздегі басқа да опера ошақтарының афишасына сән беріп, көрермен көзайымына айналған үздік қойылым. Екіншіден, биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтудеміз, астана күнінде дәл осы спектакльдің көрсетілуі айрықша мәнге ие деп ойлаймын. Барша көрерменге, соның ішінде әсіресе, театрдың бірде-бір көрсетілімін назардан тыс қалдырмайтын шетелдік көрермен қауым үшін мұндай жобалар Қазақстан мәдениеті мен өнерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, Абай партиясы – қазақ операсындағы баритонға арнап жазылған ең айтулы дүние. Ақын бейнесін сомдау өнерімнің шыңы деп есептеймін. Барша қазақстандықтар сияқты, маған да ойшыл, ақын, философ Абай рухы етене жақын. Адам бойындағы игі де асыл қасиеттің барлығы осы тұлғаның мінезінен көрініс табатыны рас.

– Опера театры сахнасындағы Абайдың бейнесі несімен қымбат?

– Кім-кімге де мұндай кесек партияны орындау оңай соқпайды, себебі орындаушыға үлкен жауапкершілік артылады әрі бейненің ішкі тебіренісін, тереңдігін паш ету жүктеледі. Музыкалық жағынан да бәрі сондай жеңіл орындалып, кез келгеннің оң жамбасына оңай оңғарыла кетеді деп айта алмаймын, өйткені партия лирикалық баритон дауысқа емес, алымы кең айрықша баритон дауысқа арнап жазылған. Оны мінсіз орындап шығу үшін драматургия музыкамен жақын жымдасып, өзара үйлесім табуға тиіс. Опера әншісі уақыт өте келе кемелдіктің шексіз екеніне көз жеткізіп, сахнаға әр шыққан сайын ерекше реңктер табуға талпынады, Абайды жаңа қырынан танып-білгісі келеді.

– Елорданың қазіргі кескін-келбетіне қандай баға берер едіңіз?

– Мұнда 2007 жылы Елбасының астана мәдениетін дамыту үшін "Шығармашыл жастарды тарту"  бағдарламасы бойынша қоныс аудардық. Ел астанасы тарихымен бірге еліміздің жаңа дәуірі басталды. Сөзсіз, бүгінде ол – мәдениет, саясат, экономика орталығы. Нұр-Сұлтан менің туған қалама айналды, дәл осы жерде балаларым дүниеге келіп, өсіп-өніп жатыр. Бас қаламызда өз-өзіңді дамытуға барлық мүмкіндіктер бар және ең бастысы, бұл жерде шығармашылыққа арналған кеңістік бар. Түрлі концерт залдары салынып, театрлар, академиялар бой көтеруде... Қаламыз бұрынғыдан да өркендеп, абыройы асқақтап, көркейе беруін тілеймін.

 

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ

Соңғы жаңалықтар

Теріскейдің Самалы

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар