"Сіздердің жазған әрбір мақалаларыңызда, дайындаған сюжеттеріңізде елдің мұңы мен мұқтажы, ойы мен пікірі, талабы мен тілегі, қоғам дамуының тынысы айқын көрініс тауып отыр. Өйткені жұмыс барысында жұртпен етене араласып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға зор еңбек сіңірдіңіздер. Сонымен қатар кәсіби біліктіліктеріңіз арқылы мемлекетіміздің көш басындағы өркениетті елдердің қатарына қосылуы үшін өлшеусіз үлес қосып келесіздер", – делінген құттықтауда.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында пандемия кезінде денсаулық сақтау, құқық қорғау салаларының қызметкерлерімен бір қатарда тынымсыз жұмыс істеген журналистердің еңбегін ерекше атап өткен. Онан соң Дәурен Абаев Президент сыйлығы мен грантының иегерлерін, Алғысын алған шығармашылық ұжымдарды құттықтады.
Мемлекет басшысының Алғыс хаттары еліміздің барлық өңіріне жіберілді. Аталған марапаттар әр аймақтан үздік деп танылған журналистерге салтанатты түрде табыс етіледі.