Қоғам • 28 Маусым, 2020

"Бақытты отбасы" сертификатына кімдер үмітті?

572 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекеттік бағдарламаның қатысушыларына тұрғын үй сертификаттарын беруге өтініштер қабылданып жатыр. Бұл туралы "Атамекен" ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

"Бақытты отбасы" сертификатына кімдер үмітті?

Қазіргі таңда мемлекет атынан тұрғын үй сертификаттары "Бақытты отбасы" ипотекалық бағдарламасына қатысушы азаматтарға үлестірілуде. Аталған бағдарлама бойынша ипотекалық несие 2 пайызбен 20 жылға дейінгі уақытқа беріледі.

Сондай-ақ алғашқы жарна баспана құнының 10 пайызы болуы тиіс. Оған көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Сәйкесінше, тұрғын үй сертификаттары да осы санаттағы тұрғындарға беріледі. Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Лариса Кузменованың айтуынша, биыл 29 сәуірде тұрғын үй сертификаттарын беру ережесіне өзгерістер енгізілген.

"Мемлекеттік қызметтің нақты мерзімдері мен тапсырылатын құжаттар тізілімі бекітілді. Бұрын сертификат тек жаңа үйлер сатып алуға берілсе, енді қайталама нарықтан алынатын баспаналарға да үлестірілмек. Құжатта жоғарыда аталған санаттардан бөлек, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласында сұранысқа ие мамандар, әлеуметтік қамсыздандыру, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер де тұрғын үй сертификаты берілетіндер қатарына кіргізілді. Бірақ олар "7-20-25" бағдарламасы арқылы баспаналы болғанда бұл көмекті ала алады. Аталған бағдарлама аясында сертификаттар үлестіру жылдың екінші жартысынан кейін басталмақ", – дейді Лариса Кузменова.

"Бақытты отбасы" бағдарламасына қатысушылар сертификатқа өтініш берерге дейін олардың ипотекалық несиесі мақұлданған болуы тиіс. Сондай-ақ сатып алатын нақты пәтердің де белгілі болуы шарт.

"Айта кету керек, сертификаттың екі түрі бар. Біріншісі – қайтарымсыз әлеуметтік көмек ретінде беріледі. Оның көлемі бастапқы жарнаның 100 пайызы көлемінде, бірақ, 1 млн теңгеден аспайды. Мұндай сертификат алуға отбасының табысы оның мүшелеріне шаққанда әрқайсысына күнкөріс минимумының екі еселенген мөлшерінен аспауы талап етіледі. Бұл – 65 376 теңге. Ал отбасының әрбір мүшесіне кіріс көлемі аталған сомадан жоғары болса, онда "Бақытты отбасы" қатысушысына тұрғын үй сертификатының басқа түрі – бюджеттік несие беріледі. Яғни мемлектеттің қайтарымды әлеуметтік қолдауы. Оның мөлшері бастапқы жарнаның 50 пайызын құрайды, алайда 1 млн теңгеден аспайды. Бюджеттік бұл несие тұрғындарға 15 жылға дейін 0,01 пайызбен беріледі", – дейді ол.

Тұрғын үй сертификатын алу үшін азаматтар Павлодар қаласы әкімінің атына белгіленген тәртіптегі өтініш жазуы керек. Өтініш берушінің жеке куәлігі, балаларының туу туралы куәліктері, отбасының соңғы алты айдағы табысы туралы анықтама, ипотекалық несиенің банкте мақұлданғаны туралы анықтама тапсырады.

Ол анықтамада азаматтың алатын нақты баспанасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ай сайынғы төлемі көрсетілуі тиіс. Өтініш үш күн ішінде қаралып, тұрғынға жауап беріледі. Яғни мақұлданғаны немесе мақұлданбаса, себебі көрсетіліп, хат жіберіледі.

"Биыл қалалық бюджеттен аталған тұрғын үй сертификаттарын үлестіруге 93,4 млн теңге бөлінді. Оған қоса, бюджеттік несиелер беруге 200 млн теңге қарастырылып отыр. Әрине, қажеттілік туындап, сұраныс артса, берілетін сертификаттар саны қайта қаралуы мүмкін. Қазіргі таңда 17 адам өтініш білдірді. Былтыр қаламызда 37 бюджеттік несие берілген болатын", – дейді Лариса Кузменова.