Әлем • 29 Маусым, 2020

Беларусь: Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек

158 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл 9 тамызда Беларусь мемлекеті тәуелсіз ел болғалы алтыншы президент сайлауын өткізеді. Мемлекетті 26 жыл бойы басқарып келе жатқан Александр Лукашенко осы жолы да үміткерлер қатарында. Дегенмен биылғы үміткерлер бұрынғыдан өзгерек.

Беларусь:  Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек

senno.by

Президенттіктен үміткер­лікке  55 адам өтініш берген. Қол жинау науқаны 19 маусым­да аяқталды. Нәтижесінде, 7 адам­­ның үміткерлікке жет­кі­­лі­кті қол жинағаны мәлім бол­ды. Олардың қатарында ел пре­зиденті Александр Лука­шенко, сондай-ақ Виктор Баба­рико, Валерий Цепкало, Светлана Тихановская, Анна Канопацкая, Андрей Дмитриев пен Сергей Черечень сынды тұл­ғалар бар. Сайлау комис­сия­сының ай­­туынша, тәуелсіз елдің тарихында алғаш рет президенттікке үміт­керлер үлкен шо­ғыр­ды көрсетіп отыр. Халық арасында «Белгаз­промбанктің» бұрынғы басшысы Виктор Бабарико, «Жо­ғары техноло­гиялар паркі­нің» экс-басшысы Валерий Цеп­­­калоны қолдаушылар көп. Са­рап­шылар осы екеуі бұған де­йінгі үйреншікті үміткер­лер­ден ерек болуы арқылы халық сеніміне бөленіп отыр дейді.

Беларусь медиа өкілдері де Украинаның сценарийін қайта­ламақ болғандай, осы жолы үміт­керлер қатарынан видеобло­гер Сергей Тихановский көрінді. Алайда сайлау комиссиясы оның өтінішін мақұлдамады. Блогер өзінің әйелі Светлана Ти­хановскаяны қолдау тобын бас­­қаруға кірісіп  кетті. Са­рап­­­­шылар жоғарыда аталған екеуі­­­нің ел арасындағы имиджі жақ­сы екенін, халықтың сене­тін адамдары екенін айтады. Бабарико мен Цепкалаға қолдау білдірушілер саны күн санап артып келеді. Оған пандемия­ға қа­ра­мастан халықтың қол жи­науға кірісіп, ұзын-сонар кезекте тұруы дәлел.

Биылғы жағдай, яғни жаһан­дық пандемия мен дағдарыс мүлде күтпеген нәтиже алып келуі мүмкін дейді ел саясат­кер­лері. Бұл сайлаудан үлкен өз­геріс күтетін Беларусь халқы пан­­демияға қарамастан наразы­лыққа шығып, азаматтарды дауыс беруге шақыру қарқынды жүріп жатыр. Биылғы жағдайға белсенділер «қол қою революциясы» деген ат берген. Өйткені беларусьтықтар бұрын-соңды болмаған белсенділік танытып, республиканың кішігірім қалаларында да қол жинауға кіріскен халық қарасы қалың. Жалпы, Беларусьта пандемия билік деңгейінде де ескерілмей жатқандай. Естеріңізде болса, Минск Жеңіс күніне орай 9 мамыр­да үлкен парад өткізген бола­тын. Елде мейрамханалар, стадиондар мен басқа да қоғам­дық орындар жұмысын тоқтат­қан жоқ. Соңғы мәлімет бойынша, елде 61 мыңнан астам вирус жұқтырған адам тіркелген.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, елде үміт­керлердің сайлауалды кам­­паниялары мен наразы­лықтар қызу. Бүгінге дейін пре­зи­дент­тікке кандидаттарды ұсыну бо­йынша пикеттерге қатысқан 97 адам жауапқа тартылып, жалпы алғанда 1 246 сағатқа әкімшілік жазаға тартылған. 105 адам жалпы сомасы 90 мың беларусь рублі (40 мың АҚШ доллары) шамасында айыпұл төлеген. Жауапқа тартылған­дар арасында блогерлерден бөлек, қарапайым жұмысшылар, фермерлер, тіпті зейнеткерлер де бар. Митингіге шыққан­дар­дың барлығы елге жаңа басшы мен өзгеріс керектігін айтуда. Ұрандар арасынан тіпті «кім болса да, Лукашенко емес» де­ген­ді жиі кездестіруге болады. 

Беларусь құқық қорғау орган­дарының өкілдері сайлауалды кампанияларының үрей мен қорқыту атмосферасында өтіп жатқанын айтады. Бұған мамыр айында басталған белсенділерді қудалау операциясы себеп болса керек. Лукашенконың ең не­гізгі деген қарсыластары құ­қық қорғау органдарының тек­серуінен өтіп жатқанын, тіпті үй­лері тек­серілгенін айтады. Ал Вик­тор Бабарико қазір тергеу изоля­торында. Оның есепшоттары бұғаттаулы.

Еуропарламент мүшелері Беларусьтағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, ел билігін халық­ты тыңдауға шақырды. Олар­дың ойынша, билікке үміт­­керлер, белсенділер мен – оп­по­зи­ционерлерді қудалауды – доға­рып, кандидаттыққа жеткі­лік­ті қол жинаған жаңа аза­мат­тар­ды тіркеуге алуы керек. Соны­мен бірге Парла­мент өкіл­дері үгіт-насихат жұмыс­тарына БАҚ-қа шектеу қойыл­ғанына наразы екендіктерін білдірді.

«Лукашенконың Еуропа одағы елдегі мұндай әрекет­терге төзбейтінін, шара қолданыл­маған жағдайда белгілі топтар мен жеке тұлғаларға қатыс­ты санк­циялар салынып, Бела­русь­қа бағытталатын қаржы­лай көмек шешіміне әсері бола­тынын ескергені жөн», делін­ген ұйым хабарламасында. Соны­мен қатар бұл ескертулер ес­керусіз қалса, елдегі демо­кра­­тиялық топтарды әрекетке ша­қы­­ратыны да ашық жазылған. 

Әзірге Лукашенконың екі басты қарсыластары Цепкало мен Бабариконың үгіт-насихат жүргізуіне кедергі көп. Еуро­пар­ламент ескертуінің не өзгер­тері белгісіз. Үмткерлердің тір­келуінің аяқталуына санаулы күндер қалды. Бұл сайлаудың бұрынғыдан өзгерек болып-болмауы да уақыт еншісінде.