Білім • 29 Маусым, 2020

АҚШ-тың төрт университетінен шақырту алған оқушы таңдау жасады

116 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы Нығмет Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатты биыл бітірген Балнұр Төленованы еңбегі ақталып, бағы жанған түлек деп сеніммен айтуға болады. Неге десеңіз, ол жақында АҚШ-тың төрт бірдей университетінен шақырту алды.

АҚШ-тың төрт  университетінен шақырту алған оқушы таңдау жасады

Жас түлек бес тілге бірдей жүйрік екен: қазақ, орыс, француз, ағылшын және түрік тілдерін терең меңгерген. Өзін экономика, әлеуметтану және жа­ра­­ты­лыстану ғылымдарының қызық­­ты­ратынын айтады.

Балнұр 10-сыныпта оқып жүргенін­де халықаралық емтихан тапсырып, оның нәтижелерін әлемнің түрлі ел­дерін­дегі университеттердің жалпы база­сына жіберген екен.

– Менің ынталандыру бағытындағы хатымды оқып, олар таңғалыпты. Жалпы, шетелдік университеттер бола­шақ студенттердің өзіндік дамуы­на, ынталануына, ішкі сипаты мен дү­ние­танымына үлкен мән береді екен. Бес тілді білетінім өз алдына, мен filmmaking and photography ісімен, сон­дай-ақ экологиялық жобалармен айна­лысамын, математика бойынша олим­пиадаларға қатыстым. Негізі, оқудан тыс іздену мен қызығушылық адамның бойындағы даралық қасиетті аша түседі. Университеттер қалыптасқан тұлға­ларды іздейді. Мен армандарым­ды жүзеге асыру үшін күшімнің, білі­мім мен мүмкіндіктерімнің мол болға­нын қалаймын. Болашақта өзімнің бизнес-жобаларымды іске  асырсам деймін, – деп армандайды талапты жас Балнұр Төленова.

Сонымен, Қарағандының дарынды қызы Америкадағы Род-Айленд штатының университетін таңдады. Бұл оқу ордасында білім алу құны жылына 80 мың АҚШ долларына дейін тұрады екен. Ал емтихан сынағынан сүрінбей өткен Балнұр болса, аталған университетте тегін оқу мүмкіндігіне ие болды.

 

ҚАРАҒАНДЫ