Өткен апта соңында аталған байқаудың 2020 жылғы қорытындысы жарияланып, конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Биыл мәртебелі байқауға төрт аталым бойынша 56 журналист қатысып, олардың қаламынан шыққан 116 шығармашылық жұмыс қазылар талқысына ұсынылыпты.
Осылай үздік деп танылған журналистерді онлайн марапаттау шарасы кезінде қатысушыларға жүрекжарды құттықтау сөзін жолдаған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «Мемлекеттің жан-жақты дамуына, елдің бірлігіне бұқаралық ақпарат құралдарының қосар үлесі зор. Біздің ортақ мақсатымыз – бір-бірімізді қолдау, бірге әрекет ету, елдің, экономиканың дамуы, әлеуметтік саланың гүлденуі, өмірдің тыныштығына, сіздер, журналистер қауымы, алтын көпір болып келесіздер» дей отырып, жүзден жүйрік шыққан шығармашылық иелеріне табыс тіледі.
Сонымен байқаудың бас жүлдесі жас журналист Дәуіржан Төлебаевқа бұйырып, 1 миллион теңге сыйақыға ие болды.
«Үздік мақала» аталымы бойынша: І орын – «Egemen Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі Орынбек Пазыловқа, ІІ орын – «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің қызметкері Гүлзина Бектасоваға, ІІІ орын – «Ана тілі» газетінің журналисі Қарагөз Сімәділге;
«Үздік сайт мақаласы» аталымы бойынша: І орын – «Аlаdоp.кz» сайтының редакторы Ермұхамед Мәуленге, ІІ орын – «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің қызметкері Аян Өрібайға, ІІІ орын – «Elorda Aqparat» сайтының журналисі Аян Әбдуәлиге;
«Үздік радиобағдарлама» аталымы бойынша: І орын – «Шалқар» радиосының тілшісі Гүлнұр Омарханқызына, ІІ орын – «Қазақ радиолары» ЖШС қызметкері Айнұр Шамшейітоваға, ІІІ орын – «Шалқар» радиосының тағы бір тілшісі Нұрмат Мансұрға;
«Үздік телебағдарлама» аталымы бойынша: І орын – «Жетісу» телеарнасының журналисі Айбек Құттыбековке, ІІ орын – «Акцент» телеарнасының қызметкері Жанар Кәшкінбаеваға, ІІІ орын – «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының тілшісі Гүлнұр Қалдыбаеваға бұйырды.
Жоғарыда атап өтілген аталымдар бойынша орын иеленген журналистерге бірінші орынға – 500 мың, екінші орынға – 350 мың, үшінші орынға – 150 мың теңге сыйақы берілді.
Шараны ұйымдастырып өткізген Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, танымал жазушы Әлібек Асқар марапаттау рәсімін қорытындылап, бұл реткі сынға түскен туындылар сапасы талап деңгейінен шыққанын, әсіресе жас журналистердің тіл тақырыбын дендеп зерттеуі қуантарлық екенін жеткізді.