Қазақстан • 29 Маусым, 2020

5 мыңға жуық қандас азаматтық алуға өтініш берген

1304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Азаматтық алғысы келетін қандастарымызға арналған "Отандастарды ақпараттық қолдау орталығы" құрылып, оған былтырдың өзінде 5 мыңға жуық өтініш түсті. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz

5 мыңға жуық қандас азаматтық алуға өтініш берген

"Осы ұлтаралық қатынас саласының үлкен бір бөлігі – шетелдегі қазақтар мен елге оралған қандастар мәселесі. Бұл бағыттағы барлық сұрақтарды шешу үшін қазір "Отандастар" қорымен бірлесе отырып, бірқатар жобаларды қолға алдық. Өздеріңіз білесіздер, Үкімет тарапынан бекітілген "2018-2022 жылдарға арналған этникалық қазақтарды қолдау жоспары" бар. Оның аясында шетелдегі қазақтардың қатысуымен көптеген мәдени-гуманитарлық іс-шаралар  өткізіліп келеді", деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, елге оралған қандастарымызға құжат рәсімі анағұрлым жеңілдетіліп, "бір терезе" принципі енгізілген. Осының арқасында қазір  қандастар 5-6 мемлекеттік мекемені аралап табан тоздырмай, барлық шаруасын бір жерден шешетін болады. Оларға қажет құжаттардың саны да екі есеге ықшамдалып, рәсімдеу уақыты 6 айдан 3 айға қысқарады. 

"Қандастардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қолдау мәселесі де жылдан жылға шешіліп келеді. Қазір олар елімізде іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға енгізілетін болады. Азаматтық алғысы келетін қандастарымызға арналған "Отандастарды ақпараттық қолдау орталығы" құрылып, оған былтырдың өзінде 5 мыңға жуық өтініш түсті", деді министр Аида Балаева.

Сондай-ақ "Отандастар" қорымен бірлесіп қазақтар көп шоғырланған шет елдерде Қазақ мәдени-іскерлік үйлері ашылатын болады. Бұл ең алдымен Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Германия мен Түркия сияқты елдерге қатысты. Министрдің мәліметінше, қазірдің өзінде 12 елдің 23 қаласында 31 қазақ сыныптары онлайн режимде ашылды. Осы жылы бұл елдерде 2,5 мыңнан аса балалар ана тілін оқитын болады.