"Бұл бағытта біздің алдымызда 3 өзара байланысты міндет тұр. Біріншісі – халық арасына зайырлы мемлекет құндылықтарын насихаттау, екіншісі – дінаралық келісімді сақтау, үшіншісі – діни экстремизмді болдырмау. Ал енді осыларды іске асыру үшін келесі бағыттарда жұмыс істеп келеміз. Бұл – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды райынан қайтару және интернет арқылы діни экстремизм идеологиясына қарсы жұмыстар", дейді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, өткен 2019 жылы ақпараттық-түсіндіру топтарының күшімен 3 миллиондай адамды қамтыған 50 мыңнан астам іс-шара өткен. Дін саласындағы проблемалық сұрақтарға жедел жауап беру мақсатында 300 адамнан тұратын білікті лекторлар пулы құрылған.
Сонымен бірге Аида Балаева: "Көріп отырсыздар, жұмыс өте тиімді. Сондықтан да, осы жылы біз бұл топтардағы мамандардың санын 500-ге дейін арттырып, 1200 лекторларды қайта даярлықтан өткізуді жоспарлап отырмыз", дейді министр.
"Бұдан бөлек, "Жусан" операциясының нәтижесінде елге оралған 163 әйел-азаматшаларымызбен мақсатты түрде жұмыс жүргізгеннің арқасында 144 әйел радикалды ойларынан қайтып, олардың біразы зайырлы өмір салтына өтті. Әрине, мәселенің салдарымен емес себебімен күресу керек. Сондықтан да, 2019 жылы 5300-ден аса интернет-ресурстары сарапталып, оның 3200-нен заңға қайшы материалдар анықталды. Олардың барлығы дер кезінде бұғатталды", дейді Аида Балаева.
Дін мәселесіндегі нақты ойларының бірі – халықтың радикалды ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастырып, елдегі дінаралық қақтығыстардың алдын алу болып табылатындығын айтып өтті.