11-мәрте жалауы желбірейтін байрақты бәсекеге қатысуға 4 команда өтініш берген. Құрлықтық хоккей лигасына дайындық іспетті турнирде «Барыс» (Нұр-Сұлтан), «Локомотив» (Ярославль), «Динамо» (Минск) және Оңтүстік Корея құрамасы бас жүлдені сарапқа салады. ҚХЛ-дің өткен маусымында «Локомотив» Гагарин кубогының плей-офф сатысына дейін жеткен болса, Минскінің «Динамо» клубы 24-орынды иеленген болатын. Оңтүстік Корея құрамасы да Қазақ жанкүйерлеріне таңсық емес. Былтыр екі елдің ұлттық құрамалары жолдастық матч өткізіп, жерлестеріміз ірі есеппен басым түскен-ді.
2010 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Президент кубогы бәсекесінде елорданың «Барыс» командасы бес мәрте топ жарған. Ал Санкт-Петербургтің СКА, Омбының «Авангард», Новокузнецкінің «Металлург», Нижнекамскінің «Нефтехимик» және Хабаровскінің «Амур» клубтары бір реттен жарыс жеңімпазы атанған. Былтырғы турнирде «Барыс» командасы жеңіске жеткен еді.