Ел біріншілігі өзге елдердегідей көрерменсіз өтеді және жарыс кезінде қызмет ететін адамдардың саны шектеулі болады. Сонымен қатар Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы командаларға санитария талаптарын қатаң сақтауды міндеттеген.
Пандемияға байланысты уақытша үзіліс кезінде Павлодардың «Ертіс» командасы қаржылық жағдайға байланысты чемпионатты жалғастыра алмайтын болған соң, ұйымдастырушылар матч күнтізбесін қайта жасақтап шықты. Ережеге сай, әр тур бес ойыннан тұрады және командалар кезектесіп бір турға қатыспайды. Осылайша турнирді 11 команда жалғастыратын болды.
Ел чемпионатының үшінші турында «Тобыл» – «Каспий», «Қайсар» – «Тараз», «Қызылжар» – «Оқжетпес», «Қайрат» – «Жетісу» және «Ордабасы» – Шахтер» командалары ойнайды. Жоғарыда айтып өткендей, бұл турда «Астана» футболшыларына демалыс берілген. Ал Бірінші және Екінші лига командалары арасындағы біріншілік және Қазақстан Кубогы 1 тамызда басталады.