09 Сәуір, 2010

ПӘТЕРЛЕР ЖАЛҒА ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ?

907 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сәрсенбі күні Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ басқарма төрағасы Қай­рат Келімбетов Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары аясында “Самұ­рық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры” АҚ сатып алған пәтерлерді жалға беруге байланысты ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды. Келісім Астана қаласы тұрғын­да­рына қор тұрғын үйлерінің қол­же­тімділігін жоғарылатуға бағыт­тал­ған. Ол әкімдіктің Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң­намаларына сәйкес Жылжымай­тын мүлік қорына тұрғын үйді қа­жет ететін қала тұрғындарының тізімін беруді қарастырады. Өз кезегінде Жылжымайтын мүлік қоры тұрғын үйлерді өткізген кезде тізімге енген адамдарға басымдық берілуін қамтамасыз ететін болады. Осылайша, Жылжымайтын мүлік қорының пәтерлерін бөлу Тұрғын және тұрғын емес (коммерциялық) үй-жайларды өткізу ережесіне сәй­кес белгіленген тәртіпте адамның төлем қабілеттілігі расталуымен жүзеге асырылады. Келісімге қол қою барысында “Самұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры” АҚ басқарма төрағасы Ғосман Әмірин құрылысы Жыл­жы­май­тын мүлік қорының қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан нысан­дар­дағы Тұрғын және коммер­ция­лық (тұр­ғын емес) үй-жайларды өт­кізу ере­жесінің ресми тұсаукесерін жасады. Жылжымайтын мүлік қоры биз­нес, эконом және әлеумет-кластағы тұрғын үйлерді екі жолмен – жал­дау және жалдай отырып сатып алу тәсілімен бөлетін болады. Ережеге сәйкес сату шартымен жеке тұл­ға­лар­ға тек паркингтер ғана беріледі. Ал коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалдау, жалдай отырып са­тып алу және тікелей сату шар­ты­мен өткізу туралы шешім қабыл­данған. Ереженің бірден-бір қағидаты тек төлемге қабілетті, тұрғын үйі жоқ немесе тұрғын жағдайын жақ­сар­туды қажет ететін адамдарға ғана беріледі. Тұрғын үй рыно­гына алыпсатарлықты болдырмау үшін әр өтінім беруші бір ғана пәтер ала алады, сондай-ақ, жалдай отырып сатып алу кезінде жалға алушы бас­тапқы 5 жыл ішінде пәтерді сатып ала алмайды. Сонымен қатар, 4 айлық жалдық ақысы мөлшерінде кепілдік институты енгізілген. Тұрғын үйді бөлуде 2 тетікті қол­дану қарастырылған. Ол тұрғын үй комиссиясына “Нұр-Отан” ХДП, Жылжымайтын мүлік қоры, әкімдік, “Самұрық-Қазына” ҰӘАҚ, “Атамекен” одағының өкілдерін қосу және “Самұрық-Қазына” ұлт­тық әл-ауқат қоры” АҚ құры­лы­мы­на арнап квота белгілеу арқылы жүзеге асырылады. Ереженің толық мәтіні “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттерінде жарияланып, сондай-ақ, Жылжымайтын мүлік қо­рының www.kazproperty.kz және Астана қаласы әкімдігінің www.astana.kz ресми сайттарына орналастырылатын болады. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.