Аймақтар • 30 Маусым, 2020

Ағылшын тілінің үздіктері анықталды

457 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ағылшын тілінен оқытатын ұстаздар үшін "Арманға апарар жол", 1-4 сынып мұғалімдеріне арналған "Бастауыш мектептегі ағылшын тілі: ойын арқылы оқимыз" және жоғарғы сынып оқушылары арасында "My best student’s book" атты республикалық сайыстар өз мәресіне жетті, - деп жазады Egemen.kz

Ағылшын тілінің үздіктері анықталды

Қазақстанда жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша дәріс беретін мұғалімдер мен оқушыларды ынталандыратын үш бірдей байқау биыл бесінші рет өткізіліп отыр. Білім жобасының ерекшелігі – онлайн сипатында қорытындыланып, үздіктерге халықаралық баспа кітаптарының авторлары Боб Обби мен Джордж Коколас Англиядан арнайы құттықтау жолдады. Елімізде көптілді білім беруді насихаттайтын шара Білім және ғылым министрлігі, "Edu Stream" оқу орталығы және қазақстандық мектептердегі базалық ағылшын тілі кітабын дайындаған "Express publishing" халықаралық баспасы ұйымдастыруымен қолға алынған болатын. Шетелдік сарапшылардың бірі онлайн-режімде білім алу бүкіл әлемде қиындық туғызғанымен  білім саласы қызметкерлері кез келген жағдайға бейімделе алатынын алға тартса, енді бірі карантин салдарынан шашын қысқарта алмай жүргенін айтып, тілегін қалжыңмен жеткізген.

"Интернет пен онлайн жүйе барлығымызды бір шартқа бағындырды", – дейді Солтүстік Қазақстан облысы, Пески ауылында тұратын ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сабина Тұрмұратова. – Мен 1-11 сынып оқушыларына ағылшын тілінен сабақ беремін, себебі біздің шағын кешенді мектепте небары 100 бала оқиды. Соған қарамастан шәкірттерім талай байқауда жеңімпаз атанды, енді міне, бүгін өзім де сондай бәйгеден жүлдеге ие болып отырмын.

Айта кететін тағы бір жайт, республикалық байқау бірнеше кезеңнен тұрады, сайысқа қатысушылар ынталандыру хаттарын, сабақты бейнетаспаға түсіріп жолдаған, араларында қойылым ұсынғандары да бар. Ұйымдастырушылар барлық облыстан байқауға мыңнан астам өтініш келіп түскенін айтады. Жалпы білім бәйгесінде Қызылорда, Алматы, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының ұстаздары мен оқушылары белсенділігімен айрықша көзге түскен. Сонымен қатар жеңімпаздар қатарында алыс аймақтан қатысқан үздіктердің бары қуантады.

"Байқау қызық, мазмұнды, әділетті өтті, – деп ойын ортаға салды ағылшын тілі жеңімпаздарының бірі, степногорлық  мұғалім Вероника Щербина. – Қазылар алқасы – тәуелсіз, қатысушылардың ешқайсысын бөле-жармай, тура шешім шығарды. Нәтижесінде, біріншіден бастап, соңғы кезеңге дейін барлығы таза бәсекелестікпен өтті. Өкінішке қарай, бүгінде мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Кейде алдын-ала барлық орын белгіленіп қойған байқауларға қатысудан бас тартып жататынымыз тағы рас. Неге десеңіз, ондай шаралар кәсіби тұрғыда қарын аштырып, шабытты тұншықтырады. Бақытымызға орай, бұл байқау – ондай ала-құлалықтан ада. Физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшынша оқытатын ұстаздарды да келешекте осы байқауға қатыстырса, нұр үстіне нұр болар еді. Әділ қазылар алқасының құрамына енген лингвистер, әдіскерлер, психолог-мамандар мен журналистер қатысушылар еңбегін ерекшелігіне, жаңашылдығына, ыңғайлылығына және креатив пен заманауи жеткізілгеніне қарай бағалады.

Сонымен білімнің аламан бәйгесінде қара үзіп шыққан жеңімпаздарға келсек, 1-4 сыныпқа ағылшын тілінен сабақ беретін ұстаздар арасында Алматыдағы №32 мектептің мұғалімі Ақмарал  Мұсаева жеңімпаз атанса,  «Үздік театрлық қойылым» аталымы бойынша Арал ауданы Қамыстыбас стансасындағы №21 мектептің мұғалімі Перизат Тыныштықбаева («Aldar Kosse and Greedy farmer» қойылымы үшін), Қостанай қаласы №2 мектеп-лицейдің мұғалімі Дарья Лозовая («Story time The fire Owl» қойылымы үшін), «Ең белсенді мектеп» аталымында Қызылорда қаласы дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныпта үш тілде сабақ беретін «Мұрагер» мектептері, «Шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаз» номинациясы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының Явленка ауылындағы Т. Позолотин ат. №1 орта мектептің мұғалімі Валентина Трушникова жүлдеге ие болды. Ал 5-10 сынып оқушылары арасындағы сайыста 1-орын Алматы қаласы №121 мектептің оқушысы Әлия Жұмағұлова (жетекшісі Эвелина Луценко), Қызылорда қаласы «Мұрагер» мектебінің оқушысы Балдырған Баймағамбетова (жетекшісі Ділназ Төлеген) еншісіне тиді. Пәнді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдер арасынан бас жүлде Қостанай қаласы А. Горький атындағы гимназияның информатика пәнінің мұғалімі Александр Бармутаға, 1-орын Балқаш қаласы №15 мектеп-лицейінің информатика пәнінің ұстазы Сәтжан Омаровқа, Алматы қаласы №59 мектеп-гимназиясының информатика пәнінің мұғалімі Мейіргүл Қажытаеваға, Степногор қаласы Л. Толстой ат. №4 мектеп-гимназиясы биология пәнінің мұғалімі Вероника Щербинаға бұйырды.