Жиын барысында министр қазіргі уақытта жағдай инфекцияның үйде таралу деңгейіне өтіп кеткенін атап өтті.
«Коронавирус пандемиясы қазақстандықтардың өміріне үлкен әсерін тигізіп жатыр. Көршілес елдердегі қиын жағдайларға қарамастан мемлекеттің шекарадағы санитарлық күзетіне бағытталған күш-жігері – инфекцияның сырттан келетін жағдайлардың барынша алдын алуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта жағдай инфекцияның үйде таралу деңгейіне өтіп кетті. Вирус халық ішіне тарады. Әр отбасы осынау қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. 30 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 40 мыңға жетті. Кейінгі айларда медициналық ұйымдар күшейтілген режімде жұмыс жүргізуде. Медициналық қызметкерлер инфекция жұқтырған адамдарды емдеп, олармен үнемі қарым-қатынаста жүр. Сол себепті олар да ауырып жатыр. Бұл – кадрлық тапшылығы мәселесін күрделендіруде. Бірақ ресурс жеткілікті. Біз оны да еңсеріп келеміз. Үкіметтік шаралардың жаңа пакеті жағдайды тұрақтандырады. Денсаулық сақтау жүйесі – әлеуметтік-экономикалық жайлылықтың барометрі болып қала береді. Атап өтетін тағы бір маңызды мәселе, қазіргі уақытта еліміздің Кедендік қоймаларында қажетті дәрі-дәрмектердің көтерме партиялары бойынша құжаттарды рәсімдеу жүргізілуде, олар алдағы уақытта дәріханалардың сөрелеріне түседі», деді ол.
Сонымен қатар А.Цой Үкімет 1,2 млн ПТР-тест тест сатып алу үшін 1 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді.
«Елде өкпені компьютерлік томографиядан өткізу жағынан кезектер пайда болды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 135 томограф бар. Пневмонияны сонымен бірге арзанырақ әрі қолжетімді цифрлы ренгтген аппараттар арқылы анықтауға болады. Диагностиканың бұл әдістемесі COVID-2019 бойынша ем-дом клиникалық хаттамасына енгізіледі. Нарықта отандық өндірушілер де шығарған бірнеше диагностикалық тест бар. Үкімет 1,2 млн тест сатып алу үшін 1 млрд теңге бөлді. Тесттер қоры әрдайым толығып отырады. Қазақстанда қазіргі таңда 46 диагностикалық зертхана бар. Нұр-Сұлтан қаласында күніне 10 мың тест жүргізуге болады. Зертханалардың қуатын арттыру мақсатында тамыз айының соңына дейін тағы 20 ПТР-анализатор сатып алу жоспарланып отыр», деді министр.
Министрдің айтуынша, амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қашықтан жұмыс істеу форматына көшіріледі. Осылайша учаскелер деңгейінде шамамен 3 мың мобильді бригада құру жоспарлануда. Олар медициналық қызметкерлердің пациенттерге үйге баруын, COVID-19-ға тест алуын қамтамасыз етеді. Емделушілерге кеңес беріп, ем тағайындайды, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдейді, сондай-ақ пациенттің жағдайына қашықтан мониторинг жасайды.
«Бұл вирустың ағымының ерекшеліктері пациенттер жиі стационарлық емдеуді және тыныс алуды жасанды қолдауды қажет етеді. Бүгінде ел бойынша адамдар жатқан стационарлық төсек-орын саны 60%-ды құрайды, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ол 90%-ға жетті. Ел бойынша 348 медициналық ұйымда COVID-19 бар пациенттерді емдеу үшін 26 мың төсек-орны ұйымдастырылған, тамыз айының соңына дейін стационарларда қосымша 10 мың төсек-орнын ашу жоспарлануда. Олардың құрылымында жабдықталған реанимациялық бөлімдер мен ӨЖЖ аппараттары бар қарқынды терапия палаталары болады. Қолданыстағы ӨЖЖ аппараттарының жалпы саны 3294 бірлікті құрайды, соңғы ай ішінде 978 аппарат сатып алынды. Қосымша 1 мыңға жуық ӨЖЖ аппаратын сатып алу жоспарлануда. Айта кететін тағы бір жайт, көз жұмған адамдарды жерлеу тәртібі маңызды болып отыр. Қазіргі тәртіпке өзгерістер енгізілді: енді қайтыс болған адамды санитарлық-эпидемиялық және гигиеналық нормаларды сақтай отырып, кез келген зиратқа жерлеуге болады», деді А.Цой.
Сондай-ақ ол халық арасында инфекцияның өсуіне қарамастан, Үкіметте қалыптасқан жағдайдан жоспарлы түрде шығу бойынша нақты көзқарас бар екенін және COVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандырудың шұғыл шараларының егжей-тегжейлі жоспары жасалғанын атап өтті.
«Мен осы ретте медицина қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегін атап өткім келеді. Осындай қиын уақытта, өз отбасылары мен жақындарын қалдырып, олар өз денсаулығы үшін қауіпті жағдайда емделушілерге медициналық көмек көрсетуді жалғастыруда. Бұл кәсіп жанқиярлық пен адалдықты талап ететін күрделі һәм қауіпті жұмыс. Осыған байланысты, сіздерден бізбен тығыз қарым-қатынас жасап, медицина қызметкерлерінің қиын еңбегіне қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз», деді А.Цой.