Таяуда Қарағанды облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «Antikor» орталығында өткен брифингте жергілікті білім беру басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев ҰБТ сынағы кезінде түлектер тарапынан болған тәртіп бұзушылықтар жайында әңгіме өрбітті.
Жалпы, Қарағанды облысында ҰБТ сынағы 20 маусымда бастау алған, шілде айының 5 күні аяқталуы тиіс. Бүгінде өңір бойынша 6431 түлек 15 бекеттің базасында ұйымдастырылған емтихан аламанында бақ сынауда. Қанша жерден айтып түсіндірсе де, қорқытып ескертсе де, түлектер сынақ тәртібін бұзуды тоқтатар емес. Көбісі емтиханға рұқсат етілмеген заттарды өздерімен бірге ала барады. Қолына ұстап емес, әрине. Тығып, жасырып алып өтеді.
– Өкінішке қарай, тәртіпті бұзған 12 талапкерді емтихан залынан қуып шығуға тура келді, – дейді Есенғазы Иманғалиев. Тестілеу сынағы кезінде тыйым салынған зат пайдаланылса, онда түлектің нәтижесі жарамсыз деп саналады да, ол бала биыл ҰБТ тапсыру құқығынан айырылады.
Міне, тәртіп осылайша қатаңдатылған. Мұны түлек қана емес, әрбір ата-ана білуі тиіс және талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Тығып апарған ұялы телефонды пайдаланған немесе «шпаргалка» қолданған түлекке енді аяушылық деген болмайды. «Өкініштісі сол, осындай теріс әрекетке барған жастар өздерінің болашағына өлшеусіз зиян келтіруде...», деп қынжылыс білдірді Е.Иманғалиев.
Қазір тестілеу сынағы өтетін дәрісханалардың бәріне бейнекамералар қойылған, құрамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері мен қоғам қайраткерлері енген мониторинг тобы да жағдайды жіті бақылап отырады. «Бейнематериалдарға ұдайы мониторинг жасалады. Ең абзалы, мұндай жағдайда әрбір талапкер өз күшіне сенуі керек!», дейді облыстың бас мұғалімі.
Қазір «жаман тұмаудың» өршіп тұрғаны белгілі. Осыған байланысты, барлық ата-анаға емтихан тапсырып жатқан баласын ҰБТ бекетінің маңында күтіп отыруға тыйым салынған. Есесіне, әркімнің үйінде отырып-ақ, ҰБТ сынағының барысын онлайн режімінде көруге мүмкіндік жасалынған. Мұның өзі санитарлық-эпидемиялық жағдайды ушықтыруға жол бермеу үшін ойластырылған іс-шара екенін әрбір ата-ана саналы түрде сезінуі тиіс.
Пандемия демекші, ҰБТ өткізу бекеттерінде күшейтілген медициналық-санитарлық шаралар қарастырылған. Дәрісханаға кірер алдында талапкер аяқ киімін, одан кейін қолын тазалап, дезинфекциялық өңдеуден өтеді. Сонымен қатар олар үшін термобақылау да ұйымдастырылған. Медициналық-санитарлық тексеруден өткеннен кейін, талапкерлерге респираторлық немесе бір рет қолданылатын маскалар беріледі. Айтқандай, биыл ата-аналар мен түлектердің өтініші бойынша, ҰБТ сынағының уақыты 10 минутқа ұзартылып, төрт сағатқа тең болды. Әлбетте биылғы ҰБТ талаптарының қатаң болғанын, оның үстіне сынақтың пандемия кезеңіне сәйкес келіп, соның салдарынан талапкерлердің бойында індет жұқтырып алмаймыз ба да деген шамадан тыс қобалжудың байқалғанын айтып, мұң шаққан ата-аналар да болды. Бірақ заң және карантин талабы бәріне де ортақ болғаннан кейін, мұндай сынаққа түлектер психологиялық тұрғыда дайын болуы керек-тін.
ҰБТ сынағы кезінде күтпеген оқиғалар мен түрлі мәселелердің болуы әбден ықтимал. Міне, осындай жағдайға сақадай-сай болу үшін тестілеу сынағы өтіп жатқан бекет ғимаратының ішінде жедел жәрдем мен медицина қызметкерлерінің және жергілікті полиция өкілдерінің кезекшілігі ұйымдастырылған.
Биыл ҰБТ сынағынан сүрінген түлектер екінші мәрте бақ сынау мүмкіндігіне ие болады. Емтиханнан «құласа» да, жоғары оқу орнына түсуден үмітін үзбеген өрен алдымыздағы тамыз айында немесе 2021 жылдың қаңтарында ақылы негізде тестілеуден өте алады. Бар болғаны 2242 теңге төлесе жетіп жатыр. Сонан соң тағы қайталап айтамыз, оқып адам болам деген алғадай жастың қойнына жасырған «шпаргалкаға» емес, білімінің шапағатына жүгінгені абзал болар еді.
Қарағанды облысы