Аймақтар • 01 Шілде, 2020

Көкшетауда дезинфекциялау жұмыстары жалғасуда

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда адам көп жиналатын ғимараттардың іші, көше бойы, аялдамалар күн сайын тазартылуда. Санитарлық жұмысқа 350 адам жұмылдырылған, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Көкшетауда дезинфекциялау жұмыстары жалғасуда

Халық "Сақтансаң сақтаймын" деген сөздің мәнін әлі де түсіне қоймаған сыңайлы. Көше бойында бетперде тақпаған адам көп. Осы бір аңғалдық кей тұста орны толмас өкінішке ұрындырып жатады. Елге сақтану шарасын бұлжытпай орындау керектігі де ескертіліп жатыр. Жаман тұмау қайтадан бел алғалы облыс орталығындағы санитарлық жұмысқа ерекше мән беріліп отыр. Халық көп баратын мекемелердегі сақтық шаралары күшейтілді.

"Карантин кезінде біздің қызметкерлердің 70 проценті өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жергілікті тұрғындар белгілі бір мәселелерге орай шағым айтып келеді. Адам аяғы үзілмейді десе де болғандай.  Сондықтан, ғимараттың ішін үнемі залалсыздандырып тұрамыз", – дейді Көкшетау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Жанат Шәріпов. 

Санитарлық тазалау жұмыстарына Көкшетау техникалық институтының өкілдері де өз үлестерін қосуда. Оқу ордасынан арнайы топ құрылған. Ол топта институттың оқытушылары мен офицерлері бар. Олар осы екі күннің ішінде 5 ғимаратты дезинфекциялаған.

Дезинфекциялауға жұмылдырылған жандардың барлығы қажет жабдықтармен  толық жарақтандырылған. Яғни, қалалық әкімшіліктен 200 дезинфекциялау құрылғысы мен 350 арнайы форма берілген. Сондай-ақ, диахлор сұйықтығы да жеткілікті бөлініпті. Қала бойынша залалсыздандыру жұмыстары күшейтіле түсті.