ЕЛБАСЫ ҚАМҚОРЛЫҒЫНА ЕЛІ РИЗА
Мемлекет басшысының атына Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны, зейнеткер, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Нарғали Демеуовтен хат келді.
Хат иесі Сыр өңірі республикадағы өзге өңірлер сияқты Елбасы қамқорлығы арқасында дамуда екенін айтады. Аралдықтар үшін маңызы зор “Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу” жобасының жүзеге асырыла бастауына ризашылық білдірген автор хатында “Қазақ жеріне қатысты бөлігі үшін қарастырылған шараларды орындауға өзіңіз бас болып кірістіңіз. Нәтижелі жобаның бірінші кезеңінде Сыр өңірінің бүгіні мен келешегі үшін үлкен мәні бар ғасырлық нысандар – Әйтек, Көкарал, Ақлақ және Қараөзек құрылыстары жүргізілді. Көксарай су қоймасы өзіңіздің назарыңыздағы әлеуметтік маңызы бар нысан. Оның мақсаты мен тиімділігіне толық қаныққан сырбойылықтар Сіздің бұл бастамаңыздағы жобаңызды толық қуаттауда”, – деп жазады.
* * *
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Алматы облысы Қызылағаш ауылындағы орта мектептің 11-ші сынып оқушысы Жанар Дубековадан хат келді.
Хат иесі қиын жағдайдағы қызылағаштықтарға қамқорлығы үшін Елбасыға рахмет айтып, ауылдастарының атынан Мемлекет басшысына зор денсаулық тілейді.
ОҚЫТУШЫЛАР МЕН СТУДЕНТТЕР АЛҒЫСЫ ШЕКСІЗ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына “2009 жылдың жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” грантының иегерлері, барлығы 56 жоғары оқу орнының 200 оқытушысы қол қойған хат келді.
Хат авторлары мемлекеттік грант есебінен шетелдердің озық оқу орындарында тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін арттыруларына, ғылыми-зерттеу жұмыстарын тиімді жүргізулеріне зор мүмкіншілік тудырған Елбасының қамқорлығына шексіз ризашылықтарын айтады.
Сонымен қатар, грант иегерлері арасынан Президентке жеке өз атынан хат жолдаған Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушысы, профессор Майра Кенжеболатова: “Білім – ғылым саласындағы осынау игі шара – мемлекеттік деңгейде, Сіздің тарапыңыздан жүргізіліп отырған көреген саясаттың айқын бір көрінісі. Өйткені, білім мен ғылымға жасалған қамқорлық – елдің даму болашағының кепілі”, – деген пікірін білдіреді.
* * *
Елбасының атына студент жастар атынан да көптеген хаттар келуде. Қосымша мемлекеттік білім гранты бойынша білім алуды жалғастыру мүмкіндігін беру туралы шешім үшін ризашылық білдірген мазмұндағы хаттар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің, Атырау мұнай және газ институтының, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттерінен және олардың ата-аналарынан келді.
Хат иелері Елбасына шексіз ризашылықтарымен бірге игі тілектерін жеткізіп, бұл үлкен жақсылыққа лайықты болуға уәде етеді. Мәселен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті студенттерінің хатында: “Мен жастарға сенемін” деп Мағжан ақын айтқандай, бізге сенім артып, жеңілдік жасап отырған Елбасымыздың қамқорлығына жауап ретінде біз де жақсы оқып, сапалы білім, саналы тәрбие алып, тәуелсіз Қазақстанның одан әрі дамуы және өсіп-өркендеуі үшін аянбай еңбек етуге уәде береміз”, – делінген.