Президент • 02 Шілде, 2020

Мемлекет басшысы: Назарбаев – әлем мойындаған мемлекет қайраткері

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне жариялаған мақаласында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірімен бөлісті.

Мемлекет басшысы: Назарбаев – әлем мойындаған мемлекет қайраткері

Мыңжылдықтар тоғысында Ұлы дала төсінде құрылған жас мемлекеттің зар заманда жоғалтқан құндылықтары қайтарылды, бары бүтінделді, азаттықпен бірге сәулелі сәттерге толы шуақты шежіресі түзіле бастады. Өз мақаласында Мемлекет басшысы осы бір мерейлі миссияны орындау Елбасы Н.Назарбаевтың маңдайына жазылғанына екпін берді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әлем картасында орын алған тектоникалық үлкен саяси өзгерістердің салмағын саралай отырып, Қазақстанның ұлттық мүддесін сыналап енгізе білген Елбасы осы бір отыз жылдың ішінде жас мемлекетті әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсатымен көш бастады. Көшіміз көлікті болды. Ұлтымызда "Бас болмақ оңай, бастамақ қиын» деген сөз бар. Бұл орайда Қазақстан – қалыптасқан қоғамдық құрылыстар ауысқан алмағайып кезеңде кемеңгер басшысын таба білген ел", деді Қ.Тоқаев.

Президент нақты әрі батыл іс-әрекетке бара алатын адамдар сирек екеніне тоқталып, мұндай тұлғалар тарихты түзеп, жаңа заманды алға жетелейтініне назар аударды.

"Нұрсұлтан Әбішұлы – осындай айрықша ерік-жігерімен ертеңгі көкжиекке батыл қарай білген бірегей реформатор, әлем мойындаған мемлекет қайраткері! Ол – тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеурінді тұлға! Елбасымыз әлемнің ең азулы елдерінің басшылары мен саяси қайраткерлері құрмет тұтатын биікке көтеріліп, еліміз халықаралық қоғамдастықтың белді де беделді мүшесіне айналды. Бұл – күрмеуі қиын күрделі кездерде халықты ауызбіршілік пен татулыққа жұмылдырып, ескі түсініктен нарықтық қоғамға өткізген және әлемдік экономиканың белсенді қатысушысына айналдырған Нұрсұлтан Назарбаев феномені", деді Қ.Тоқаев.