Сұхбат • 02 Шілде, 2020

Саламат Садықова: Алатаудың баурайында ән салдым

643 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, өнері мен музыкалық аспаптарына дейін аралас айыр қалпақты ағайынмен рухани байланысымыздың тарихи тамыры тым тереңде жатыр. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен бауырластық байланыстарды әсіресе өнер әлемінен көптеп мысалға келтіруге болады. Соның бірі – мақамы мен мағынасы ұқсас дәстүрлі ән өнері десек, қазақ-қырғыз мәдениетіне ортақ тұлға, Қырғызстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Тоқтоғұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Саламат САДЫҚОВАНЫҢ өнері көпшілікті өзгеше өрнегімен сүйсінтеді.

Саламат Садықова: Алатаудың баурайында ән салдым

– Саламат Момынқызы, Қазақ­стан, Түркия, Қытай, Гер­мания, Италия, Франция, АҚШ, Жапония, Корея, Ресей, Өзбекстан, Араб елдері сахнасында өнер көрсетіп, «Әлемдік шебер» сертификатын иеленген екенсіз. Мұншалық зор ілтипатқа бөлену  – дәстүр­лі ән­ші­лердің өмірінде өте сирек кездесетін құбылыс. Мұны өне­ріңіздің бастау-шыңы деуге бо­ла ма, жоқ әлде мұнан да биік мақ­саттарыңыз бар ма?

– Сіздің қойып отырған сұра­ғыңызға нақты жауап беру үшін әңгімені тым әріден бастауға тура келеді. Мен тоғыз жасымнан бастап әнші болуды армандадым... Бұған әрине көп адам сене қоймауы мүм­кін. Бірақ шындығы солай. Біз де бақтың етегінде топтасып сақи­на салу, орамал тастау сияқты бала­лық шаққа тән ұлттық ойындар­мен әуестеніп, құрбылармен құ­лын-тайдай тебісіп өстік. Есейе келе әндетіп кілем тоқыдық. Ата-аналарымызбен бірге таң ат­қан­нан қас қарайғанға дейін ең­бек етіп, арасында кітапханаға бас­ сұғатынбыз. Касымалы Бая­ли­нов, Зуура Сооронбаева, Шың­ғыс Айтматов сияқты көр­некті жазу­шылардың роман-повес­те­рін­дегі ару-қыздардың көркем бейнелеріне тамсанып бой түзе­дік. Мысалы, Ажар, Алтынай, Жә­мила,Толғанай тәрізді асыл бей­нелерге ілесіп, қиялға құлаш сермесек, басқа да халықтық қазы­наларды – жыр-эпостарды, дастан-ертегілерді жастайымыздан жас­танып оқыдық. Асқақ Алатаудың ұшар шыңына ұқсас мұз қиялымды сахараға самғатып, алып ұшқан жастықтың арман құсы бәлкім сол сәт­те қанат қақ­ты ма, кім білсін, әй­теуір қиын­дыққа қасқайып қар­сы тұра бі­луді, өжеттік пен қай­сарлықты кішкентай кезімізден бастап балғын сананың түбіне түйіп қоя білуді үйрендік. Өнер жолындағы жиған-терген абыро­йым мен адами қасиетімді жоғалтып алмай, биігімнен таймай, бітіміме нұқсан тигізбей, өмірге өкпе артпай осы дәрежеге жетуіме соның бәрі көмегін тигізген сияқты. Гас­трольдік сапарлардан шет қал­­­ған сәттерім мен он жылдай Қазақ­станға мүлде жолым түспей қойған кездерім еске түссе, көңіл құлазиды. Тіпті үйден шықпай, көптің көңілінен көше жаздап, әділет­сіздік пен озбыр жандардың оспа­дарлығы жаныма қатты батса да сары уайымға салынып жа­тып алған жайым жоқ. Кісіні дүниеде мүлде елемей қоюдан, бар не жоқ демеуден асқан сұмдық қасірет жоқ-ау, сірә. Адамзат ба­ла­сының бәрі ізгілік іздеп туады деген сөз­дің үнемі шынайы өмір­мен қабыса бермейтінін, кез келген зұлымдық олардың ізгі­ліктің не екенін білмеуінен пай­да болатынын есейіп барып, еске сақтап жүрміз. Мұны өмірде көр­ген-түйгені мол үлкен кісілер жақ­сы біледі. Қазір бәрі көрген түс­тей ұмытылды. Өт­кен­нің қиын­дықтарын тәптіштеп жаңғырт­қанмен ол күндер бәрібір қайта ай­налып оралмайды. Мен үшін бүгінгі іс-әрекетім мен ертеңгі тағ­дырым маңызды.

Сабырмен еңбек ете білген адам түбінде жеңетінін түсіндім. Өнер­ге кіршіксіз адал, өмірінде адам баласына қиянат жасамаған жанды халқы қадірлеп, түптің түбінде алдынан аңсаған айшуақ таңның арайлап атары хақ. Жа­нымды жабырқатпай әрдайым қа­сымнан табылған, тілектес, жанашыр бола білген халқыма, дос­тарыма ризашылығым шексіз. Осының бәрі өнердің қасиетінің арқасы. Адами арыңды биік ұс­тап, кісілік келбетіңді сақтасаң, Құдай да саған назарын бұрмай тұр­майды. Маңыздысы – мақсат жолында тоқтап қалмау, сенімді жоғалтып алмау.

– Кей әннің бағын орындау­шы­сы ашса, кейде керісінше ән арқылы орындаушының жұл­­­­дызы жанып, халықтың сүйіс­­­пен­шілігіне бөленіп жатады. Сіздің өнердегі өрнегіңізді өз­герт­кен сондай әндер болды ма?

– Бір ән арқылы әншінің бағы жанып кетеді деген пікіріңізбен онша келісе қоймаймын. Неге де­сеңіз, әншілік – тал бесіктен жер бесікке дейінгі тіршіліктің құ­пия тылсымынан тарту етілетін киелі өнер. Күллі адамзатқа сүйіс­пеншілікпен ой салатын үлкен жүректі, жігерлі жан ғана ән өне­ріне лайық тұлға деп санаймын. Әттең, бірақ жұрт қазір басқаша ойлайды. Сахна сайын даладан саналыны сарқып алар салттан айрылды. Бұрыннан айтылып жүрген халық әндерінің әуезін бұзып, жұртты арзан клиппен алдарқатқан «жұлдыздар» экранды жаулап алды. Әннің ырғағын бұрмалап, жауһар туындыларға көпе-көрінеу қиянат жасап жүр­гендер әбден жирендіріп бітті. Алдыңғы толқыннан ұялу, қы­сылып-қымтырылу дегенді мүл­дем білмейтін бір толқын кел­ді. Арналар да соларға икемделіп, қолдан «қуыршақ» жасауды әдетке айналдырған. Халық шоу бизнес пен таза өнердің аражігін ажырата алмай дел-сал. Сын оғының таза әншінің жүрегіне дәл қадалып жататыны содан. Мысалы, мен 80-ші жылдардың басында бар болғаны 25-ақ жаста екенмін. Ол кезде ауылға жаңадан түскен келінмін. Аупарткомның мәшинесімен күнде таңертең аудан орта­лығындағы театрға барамын. Ел арасынан шыққан талантты жастар театрдың жанынан жаңадан құрылған ән-би ансамблінде бас қосамыз. Арамызда түрлі кәсіптің иелері бар. Шетінен өнер десе, іш­кен асын жерге қоятын шеберлер. Мені өнерге баулыған ал­ғашқы мектебім – осы алтын ұя. Театр­да басты рөлдерді сомдадым, қан­шама концерт жүргіздім, би­мен, әнмен қатар айналыстым. Ресейде, Польшада ән шырқадым. Ал енді Тоқтоғұл Сатылғанов атын­дағы мемлекеттік ұлттық фи­лар­монияның сахнасына 1987 жылы өткен көркемөнерпаздардың «Тогуз-қайрык» телефестивалінде Ток­тосун Тыныбековтің «Қыз жыры» әнін орындап шықтым. Құра­мында Асанхан Жұмахметов ағамыз бастаған қырғыз музыка­сының кілең корифейлері бар қазы­лар алқасы өнеріме өте жоға­ры баға берді. Әннің әр шумағын айтып бола бергенде жұрттың дуылдата қол соғып, сахнадан жібермей тұрып алған сәті әлі күнге есімнен кетпейді. Содан бері мен «Қамбарқан» фольклорлық-этнографиялық мемлекеттік ансам­блінде өнер көрсетіп келе­мін. Репертуарымда халық әнде­рінен басқа қазақтың белгілі компо­зиторларынан Нұрғиса Тілен­диев, Әсет Бейсеуов, Ескен­дір Хасанғалиев, Алтынбек Қораз­баев ағаларымыздың «Әгу­гай», «Өмірдің көбі кетіп, азы қалды», «Әдемі-ау», «Сағындым Алматымды», «Анашым» сияқты т.б. әндері бар. Жалпы, репер­туарымдағы әндердің ұзын-ырғасы 300-ден асады. Ара­сында тек менің дауысыма арнап жазылғандары да кездеседі. Танымал авторлар­мен бірге жұмыс істедім. Әр ән­ді жүрек сүзгісінен өткізіп орын­дағандықтан, бұларды бөле-жар­май, сәбидей аялаймын. Белгілі композитор Қалибек Тағаевтың «Өмір жолы», «Алатау, сенің жазың-ай», «Қалығұлдың жырлары», Қамшыбек Букалаевтың «Адас­қан жаңбыр», Арзыбек Бе­дияровтің «Қайтып кел...» әндерін, сондай-ақ «Гүлдерайым», «Еркем-ай», «Қызыл гүл», «Ай нұры бізге төгілді» сияқты халық әндерін тебіренбей шырқау мүмкін емес. Соңғы жылдары авторлық шығармаларымды, атап айтқанда «Келіңдер, сый­ласайық», «Халықтың қа­лауы», «Бұл өмір» (сөзі Қалқаман Сариндікі), «Қария­лар азайып бара жатыр» (сөзін жазған Мұқағали Мақатаев), «Сыйыну» (сөзі Ақберен Елгезек­тікі) сияқ­ты әндерімді көпші­лік жылы қабылдап жүр. Мұх­тар Шаханов ағамыздың «Ер Манастың елінде», Шәмші Қалдая­қов­тың «Өмір-өзенін» жұрт ұйып тың­дайды.

– Басқа әншілерге қара­ған­да дәстүрлі өнерді насихат­таушы­лардың болмысы өзге­шелеу қалып­тасатын сияқты. Оларға қан­дай талап қойылады?

– Басқа жанрға қарағанда дәс­түрлі әншілерге айрықша талап қойылуы заңды. Сәби кезінде бесік жырын тыңдап өспеген, ата-апасы ертегі оқып бермеген, фоль­клорлық әде­биеттен сусындамаған кісі ко­муздың үнімен бірге қалай кең көсіліп, кермиық даланың кел­бетіне келісті өрнек салады? Дәстүрлі әншілерге осы жағынан көбірек талап қойылғаны абзал. Көнеден келе жатқан ұлттық құн­дылықтарымыз бен әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің берік сақ­та­луына бірден-бір ықпал ете алатын бай дәстүрдің бірі – халықтың ән өнері. Басқа елдердің рухани қазынасын ескіліктің сарқыншағы санап, тағылық сипат тағып, ата дәстүрдің тамырына балта кезен­ген қилы кезеңдерден аман-есен өткен халықтың ендігі алға қой­ған мақсат-мұраты қолда бар бай­лыққа ие болып қалу ғана емес, оны көздің қарашығындай сақ­тап, одан әрі жаңғырту, дамыту екені сөзсіз. 

Эстрадалық, опералық ән­ші­лерге қарағанда дәстүрлі ән­шілердің көркемсөз бен ше­шен­дік өнерге бір табан жақын тұ­ратыны тағы бар. Сондықтан жыршылық өнерді насихаттау­шылар мейірім мен ізгілікті дәріп­теу жолында құмырсқадан бетер көп еңбектенуі керек. Еңбексіз, маңдайдан тер тамшылатпай елге жағу мүмкін емес. Құр қиялдан, халқыңның қанында жоқ әдет-дағдыға бой ұрғызып, есер әуен­ге еліктегеннен түк пайда жоқ. Демеушінің ақшасымен қымбат студияда фонограммамен ән жаздыру өнерге жатпайды. Өз басым дәстүрлі әншілік өнерді бабалардан бергі салт-санамызға ұялаған, ұят пен арға арқа сүйеген тәрбие мектебі, кәдімгі тәй-тәй басқан нәрес­теге ұзақ ғұмыр тілегендей мейі­рім­мен өрілген мінез, дана халқымыздың қатарында қара­пайым өмір сүруге талаптану деп түсінемін.

– Белгілі композитор Түгел­бай Қазақовтың «Жаңбыр төкті» әні қазақ-қырғыз сах­насын­да қатар орындалып жүрген кес­телі әннің бірі. Халық әні «Жыл­қычы­ның ыры», Нурак Абды­рахмановтың «Аппақ сүйуу» әні де солай. Ал Қыр­­ғыз елін­де қазақ­тың қай әндері көп тың­далады?

– Тоқсаныншы жылдардың басында Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этно­графиялық «Отырар сазы» оркес­трі Бішкекке гастрольдік сапармен келіп, филармонияда өнер көрсетті. Халық Қаhарманы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, күйші-композитор, дирижер, дәулескер домбырашы Нұрғиса Тілендиев ағамызды сонда бірінші рет кө­руім. Күйшінің тектілігі, тұла бойы толған ән, әуен, саз екені бекзат болмысынан байқалып тұрды. Ол кісі домбырада ойнағанда көк жүзінде қанатын кербез керіп, кең даланы тапжылмай сүйген тау қыранындай шабыттанып, сиқырлы әуенмен бірге жұртты қоса арбап, арқаланып кетеді екен. Мұндай құбылысты жақыннан тамашалау қандай ғажап! Нұрғиса ағамыздың «Ата толғауы» күйі концерттік бағдарламалардан түс­кен емес. Ал жиі орындалатын қазақ әндерінен «Әселім», КСРО халық әртісі Әлібек Дінішевтің репертуарындағы Абайдың «Көзім­нің қарасы», сондай-ақ «Есіңе мені алғайсың», «Анашым» сияқты тамаша әндер қырғыз елінің үлкен мерекелік кештерінде жиі орындалып жүр.

 – «Қырғыз-қазақ – бір туған» демекші, ондағы бауырлар сіздің өне­ріңізді қалай құрметтесе, қа­зақ халқы да әндеріңізді сүйіп тың­дайды. Алғаш Нұрғиса Тілен­диевтің «Алатау» әнін шыр­­қағанда бар болғаны 16-ақ жас­та екенсіз. Содан бері репер­туарыңызға қазақтың қанша әнін қостыңыз?

– Ауылдан аудан орталығына жарты сағатта жаяулатып жетіп баратынбыз. Еңбек жолымды кіші мекенім Баткеннің Мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі қызметінен бастадым. Ол уақытта фонограмма деген атымен жоқ, барлық әнші жанды дауыспен орындайды. Ең алғаш Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау» әнін Мәде­ниет үйінің эстрадалық ансамблі сүйемелдеуімен орындап шықтым. Білетінім жалғыз осы ән еді. Кейін Алматыға жолым түсіп, «Ауылым әнім», «Қоштасқым келмейді», «Бір ауыз сөз», «Өтерсің өмір», «Махабат­тың жазылмаған заңы» сияқ­ты жан дүниеңді еріксіз баурар әсем сазды әндерді тез үйреніп алдым.

– Соңғы уақытта қазақ ақын­­­дары өлеңдеріне жазған әнде­ріңізді жиі орындап жүрсіз. Соған қарағанда қазіргі қазақ поэзия­сынан хабары бар кісі сияқ­тысыз. Бұл ретте кімдердің шығармашылығын бөле-жа­рып айтқан болар едіңіз?

– Ой-қиял әлеміне терең бойлап дағдылануыма түрткі болған нәр­се – кітап. Бала күнімнен жан дүниемді толтыратын жарық сәулені кітаптан ғана іздедім. «Абай жолының» төрт томдығын аста­наның әуежайынан сатып алдым. Біраз жыл бұрын Мұ­қа­ғали Мақатаевты, Фариза Оңғар­сынованы әлеуметтік желі арқылы гуглден тауып оқып жүрдім. Қазір Әбіш Кекілбайұлы мен Светқали Нұржанның кітап­тарын оқуға құштармын. Сондай-ақ Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, биыл 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін әл-Фа­рабидің «Қайырымды қаласы» мен «Бақытқа жол сілтеу» трактатын түгел оқып шыққым келеді.

Әдебиет пен тарихқа көңіл бөлген елдің келешегі жарқын болмақ. Бұл бағытта Қазақстанда көл-көсір жұмыс істеліп жатқанын аңғардым. Бәрекелді!

– Адамның бойындағы қай қасиетін ерекше бағалар едіңіз?

– Абайдың қара сөзінен: «Тегінде, адам баласы адам бала­сы­нан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген тамаша тәмсілді оқыдым. Бұл сұраққа осыдан асырып жауап беру мүмкін бе. Дәл бүгінгі қоғамның тамы­рын тап басып айтылған сөз емес пе. Ең алдымен, халқыңның сүйіс­пеншілігіне бөленіп жүруден асқан бақыт жоқ сияқты. Ол үшін өмірге де, өнерге де адал болу керек. Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді дейді.

– «Ұстаз көрген», «үлкен кісі­ден бата алған» деген сөздер бар. Сіз кімді ұстаз тұтасыз?

– «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деген екен Мұхтар Әуезов. Мен үшін ұстаз – тіршіліктің шырағы! Жұмыр басты пенденің бәрі жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяу­лы тұлғаға зәру. Өмірде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – Ұстаз. Бір әріп үйреткен ұстазға өмір бойы бас иіп өтуге міндеттісің. Біз көкірегі ойға толы Жамбылы мен Тоқтоғұлы, Айтматовы мен Әуезові бар, ұстаз­дықтың ұлағат­ты ұлы мектебі қа­лыптасқан ха­лық­пыз. Ұстазды ұла­ғат тұту санамызда талайдан бар. Адам баласы мұнсыз, жеке-дара, оқшау әлемде өмір сүре алмайды. Алай­да олардың әлеуметтесуі дәл қазір­гідей сынаққа душар болған емес. Соған байланысты дүние-танымымыз, түйсік-пайымымыз бөлек сипат алып бара жатыр. Құндылықты басқаша пайымдайтын саналық әрекет алға оза бас­тады. Ұстаз бен шәкірт жөніндегі түсінікті жаңа заман адамы миына біздің бұрынғы қабылдауымызда көшіріп сіңдіре салуы екіталай. Біз олардың осы талабымен санаса отырып өмір сүре білуді үйрене бастадық.

– Фонограммамен ән айтатын әншілерге жан-тәніңізбен қар­сы адам екеніңізді білеміз. Өкі­нішке қарай, мұның көме­гімен бүгінде екінің бірі әнші ата­нып жүр. Бұл мәселеге өнер иесі ретінде не айтар едіңіз?

– Бүгінде әншілердің фонограмманы қолдануы – әлеуметтік желіде жиі талқыланып жүрген өзекті мәселенің бірі. Бұл туралы қоғамда түрлі пікірлер айтылып жүр. Жанды дауыспен ән салу үшін әнші талантты болуымен қатар, қаржысы да болуы керектігі сөз етілуде. Себебі әртістің қалта­сының қалыңдығы біраз түйткілді шешуге көмектеседі. Меніңше әуелі әншілерге жанды дауыспен ән орындауға мүмкіндік туғызып алуымыз қажет. Ән сал­ғанда алпыс екі тамырың түгел шымырлап, ет-жүрегің бүлкілдеп, халықтың энергетикасын сезініп айтпаған соң, ол кімге керек? Өзіңді өтірік жұ­батып, халықты алдап соғып тапқан тиын-тебеніңде не құн бар?! Шы­найы өнермен ғана әншінің жұрт алдындағы жүзі жарқын, еңсесі тік. Ән шырқап тұрғанда залдың тынысын, тыңдаушының жүрегінің лүпілін сезінуің керек. Сондай сәттен ләззат алмаған соң, қалай өзіңді әншімін деп есептейсің. Шын мәнінде кімнің кім екені, деңгей-дәрежесі, қай жүйріктің қалай шабатындығы осындайда мәлім. Осы арқылы әншінің мүмкіндігін танып-біле аламыз. Жұрт та қазір шын өнер мен жасанды шоулардың аражігін ажыратып келе жатыр. Жанды дауыс­пен ән айту әншінің қарым-қабілетін, талантын шыңдауға жол ашады. Онда шынайылық бар. Мәселен, Америкада фонограмманы заңсыз пайдаланған адам заң алдында жауапқа тартылады екен. Ал Қытайда фонограммамен ән айтқан әншіге АҚШ ақшасымен 20 мың доллар айыппұл салынады деп естідім. Түрікменстанда 2005 жылдың тамызынан бастап сахнаға мұны мүлде жуытпайтын көрінеді. Өзбекстанның әншілері 2015 жылдың шілде айынан бері сахнаға тек жанды дауыспен шықса, Индонезия, Малайзия, Ұлыбритания елде­рінде өнер иесінің деңгейі лицензиялау арқылы шешіледі дейді. Молдовада ресми концерттер тек таза дауыста өтсе, Әзербайжан елі тәртіпті заңмен бекітіп тастапты.

Бұл жерде телеарналар мен радиоға да көп нәрсе байланысты болып тұр. Аузын жыбырлатқан әншісымақтардың қаптап кетуіне олардың қосып жатқан «үлесі» аз емес. Нарық заманында мұндай талаптың орындалуы екіталай екенін білемін. Алайда ұлттық құндылықтарға зиянын тигізіп жатқан кемшіліктермен бірлесіп күреспесек болмайды.

– Белгілі тұлғалардың әлеу­мет­тік желіде өз ресми парақ­шалары бар. Дәстүрлі өнерді насихаттаудың алаңы ретінде бұл мүмкіндікті сіз қалай пайдаланып жүрсіз?

– Әлеуметтік желіде біраз жыл бұрын мен тек mail.ru поштаға кіргенді үлкен жетістік деп ойлаушы едім. 2008-ден бастап жеке әнші ретінде менің өнеріме әлемдегі көптеген ірі концерттік ассоциациялар, Folk-продакшн компаниялар сырттай қызығушылық танытып, шақырулар келе бас­тады. Алғашқы кездері поштама келіп түскен мұндай хаттар мен шақыртуларға бара алмайтынымды айтып, жауап жазып жүрдім. Өстіп көп жылымды текке жоғалтып алған екенмін. Өйт­кені адам өмірге бір-ақ рет келеді. Көбіміз күнделікті тұр­мыс­тың қамын күйттеп, жарық дүниеге келгендегі миссиямызды орындауға құлқымыз соқпай, бос әурешілікпен уақытымыздың қалай ұрланғанына мән бермейміз. Егер өнер иесінің өмірде өзіндік үні мен орны болмаса, соңында жарқырап жиылған асыл қазынасы тұрмаса, онда кім болғаны? Сол сияқты шетелдік әріптестерімнің маған жазған хаттары үлкен ой салды. Organic Music, Folk-продакшн, Max, World Massters сияқты әлем­дік деңгейдегі дәстүрлі өнер жа­нашырларының маған деген ізгі ниеттері мен ықыласының арқасында тәжірибелі әншіге айналдым. Жаңа бір әлемнің есігі алдымнан айқарыла ашылғандай, көп нәрсеге басқаша қарауға үйрендім. «Өнерлі – өрге жүзеді» деген халқымызда қанатты қағида бар. Мұның терең мағынасына әлем танитын тамаша тұлғалармен араласқан сайын қайталай үңіліп, басқаша бойладым. Дүние жүзіне аты мәшһүр зиялы жандармен, кәсіби музыканттармен достастым. Ғаламтордағы желіден өз саламызға қатысты небір білікті мамандармен, әріптестеріммен арайлап атқан таңнан жұлдыз жанған кештерге дейін байланысымызды үзбей, амандық-саулығымызды біліп отыратын халге жеттік. Өркениеттің шек­сіз мүмкіндіктерін игілігімізге айналдыруға қолымызды жет­кізген Жаратушы иемізге ризамын. «Ағаш тамырымен, адам досымен мықты», «Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам» дейді дана халық... Алайда ғаламды алқымнан алып, жаһан жұртшылығын алаңдатқан пандемия дерті бірлескен көп жобамызға қолбайлау болып тұр. Әлеуметтік желіні ашып қараудың өзі қорқынышты. Бейбіт заманда адам өмірінің қиылуы қандай қасірет. Жер бетіндегі бүкіл адамзат баласының амандығын тілеймін. Бауырлас қазақ-қырғыз халқының өнері өркендеп, дами берсін!

 

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»