Руханият • 02 Шілде, 2020

Сарғайған суреттерде сағыныш бар

783 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көптеген отбасында жылдар бойы жинақталған фотоальбомдар, уақыт сарғайтқан жазбалар, қойындәптерлер, ашықхаттар (открыткалар), бәзбіреулерінде, тіпті, жеке жанның қағазға түсірген сырға толы күнделіктері барына күмән келтірмеймін. Олар – әрбір отбасының шежіресі, тарихы, архиві, өткен күндердің жарқын елесі, кейбір жандардың ешкімге жария етпеген құпия сыры, жүрек түбінде бұғып жатқан алтынға бергісіз қымбат дүниесі десек те болады. Кей отбасыларында атадан балаға мирас болып келе жатқан көне фотосуреттер, хаттар, кітаптар да сақталған. Соларды көз қарашығындай сақтап, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жеткізіп жүрген азаматтардың ұқыптылығына, игілікті ісіне шексіз риза боласың. Егер ондай жандар болмаса не болар еді?

Сарғайған суреттерде сағыныш бар

Бірде қала орталығындағы көпқабатты үйдің бірінің маңынан өтіп бара жатып, ескі қалдықтарды тастайтын контейнердің маңынан жерде шашылып жатқан бір бума қағаз көзге шалынды. Сар­ғайған қағаздар арасында том-том кітаптар да бар. Олардың арасында ескі фотоальбомның ашылған парақтары да шашылып жатыр. Қоңыр күздің ызғарлы желі қағаздарды бей-берекетсіз көтеріп, жан-жаққа ұшырып алып кетуде. Менен көмек сұрағандай екі-үш фотосурет мезгіл-мезгіл ішін тартып соғып тұрған желдің қауқарына шыдамай алдыма жалп-жалп етіп келіп қонып, аяғыма оралды. Суреттің бірінде қолына домбыра ұстаған, мұрты қияқтай, басына қазақи бөрік киген келбетті қарт кісі бейнеленген. Екіншісінде кимешек киген қарт әже бауырына сәбиді, сірә, немересі болу керек, қыса ұстап тұр. Үшіншісінде  әскери форма киген, кеудесіне ордендер мен медальдар тізіл­ген кісі. Басқа ондаған сурет сарғайған жапырақтармен жа­рысып, қана­тына оқ тиген қарғалардай үдере соққан желге қалбаң-қалбаң етіп бей-берекет ұшып барады. Олардың қайда барып «пана» табатыны белгісіз. Сол бір ың­ғайсыз, жүрекке салмақ салатын көрініс көпке дейін көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Әлгі фотосуреттер кімдердікі болды екен? Оларды керексіз санап, кім қоқысқа лақтырып тастады?

Расында да, қазір үйіне ата-әжелері сонау ертеректе тір­нек­теп жинаған сандаған том-том кітап көпшілік жастарды ешбір қызықтырмайды. Оларды еш кәдеге жарамайтын, тек шаң-тозаң жинайтын үйдегі керексіз дүниеге санайтындар бүгінгі қо­ғамда жыл өткен сайын кө­бейіп келеді. Сонысы өкінішті-ақ. Жарайды, олар үшін кітап керексіз, қызықсыз дүние болсын. Бірақ отбасылық ескі фотоальбомдар, сарғайған естелік хаттар, қойындәптерлер неге «бағасын жоғалтқан», құнсыз дүниелер қата­рына қосылып кетті? Неге олар қазіргі өскелең буынға, жарыса желкілдеп өсіп келе жатқан жас­тарға керексіз болып қалды? Неге?..

Әрине, олардың көзқарасымен, не болса соны үйге жыюдың қажеті жоқ, ескі-құсқы керексіз дүниеден арылу керек. Онысы орынды да шығар. Барлық әлем бұл күндері сондай үрдісте. Бірақ ескі фотоальбомдағы ата-әжеңнің, әке-шешеңнің, аға-әпкеңнің және де басқа бауырларың мен жора-жолдастарыңның, әскерде бірге болған, университетте білім алған ескі таныстарыңның суретін қоқыс жәшігіне лақтырып тастауға дәтің қалай барады, жүрек оған қалай шыдайды? Әттең-ай... Олардың әрқайсысы сен үшін ерекше, аса қимас асыл бейне ғой. Ата-әжең­нің, әке-анаңның көзі, тіпті сенің өміріңнің бір бөлігі емес пе?

Осындай ауыр сұрақтар мені еріксіз бала кезімдегі бір оқиғаны есіме түсірді. Иә, қолдан келгенше бәрін басынан бастап асықпай баян­дап берейін.

Қасиетті Қаратаудың жонын­дағы біздің алақандай Үшбас аулының шеткі көшесінде жалғыз-бас­ты Зейнеп деген ана тұрды. Қолымыз қалт еткен сәттерде пионер-тимуршылар тобында жүрген үш-төрт бала жиылып, көмекке барып, қолғабыс тигізетінбіз. Көпшіліктің әңгімесі бойынша, Зейнеп апаның күйеуі Ұлы Отан соғысы басталған жылы әскерге алынған. Майдан даласынанан мезгіл-мезгіл жазған үшбұрыш хаттары екі жылдай келіп тұрады да, әрі қарай хабар күрт үзіліп, бұрынғы мекенжайы­на қанша рет хат жазса да жауап ала алмаған. Жергілікті әскери комиссариаттан «соғыста белгісіз себептерден жоғалып кетті» деген қысқа жауап келген. Сөйтіп, Зейнеп апа тағдырдың айдауымен қолындағы үш жасар қызымен 27 жасында жесір қалған. Колхоздың ауыр жұмысына жегіліп, арқа еті арша, борбай еті борша болып, ауыр тұрмыс тауқыметіне көніп, «шықпа жаным, шықпа» дей жүріп, әйтеуір елден қалмай жалғыз қызын орынды тәрбиелеп, өсірді. Тоқтаусыз сырғып жылдар өте береді. Бірақ Зейнеп апа соғыста із-түзсіз жоғалып кеткен күйеуін тірі болса келіп қалар деген үмітін үзбей, ұзақ жылдар бойы жағымды жылы хабар күтіп, ошағының отын сөндірмей, түтінін түтетіп, ешкімге тұрмысқа шықпады. Қызы өсіп, жетіліп, өз теңін тауып тұрмысқа шыққан. Оған анасының артар ешқандай кінәсі, өкпесі жоқ. Өмір заңына қарсы тұру – күнә. Жалғыз бас­ты ана жылы орнын суытпай ел-жұртының ортасында бір­сарынды тіршілік етіп жатты. Ауласындағы біраз жеңіл-желпі жұмысты (бақшасының жерін өңдеу, көмірін кіргізіп беру және т.б.) бітірген біздерді берекелі дастарқанына шақырып, сүт пен қаймақ қосқан қоңыр ша­йын бе­ретін. Ыстық бауырсақ, қолдың сарымайы, дәмді құрт пен ірімшік, қант пен науат, өрік пен мейізі дас­тарқанынан үзілмейтін.

– Қысылмаңдар, асықпай ішіп-жеңдер, айналайындар. Жасаған жақсылықтарың Құ­дай­дан қайтсын. Мен сендер сияқты қолғанат балаларға ризамын. Сендерді тәрбиелеген әке-шешелеріңе де мың рахмет, көп жасаңдар, жарқындарым, – деп көңілденіп, аса мейірімдік сезіммен арқаларымыздан қа­ғатын. Сөзден сөз шығып, әң­гіме қызып, оның арнасы есте­ліктерге көшетін. Жарықтық апа­мыз кейбір суреттерге ерек­­­ше тоқталып, қызыға әң­гі­ме қозғайтын. Қабырғаға ілін­ген күйеуі мен қызының, неме­релерінің суреттерін нұсқап: «Мы­на аталарың мен қызымның, немерлерімнің бейнесіне қарап күш аламын. Солардың арқасында өзімді сергек сезінемін. Алла тағалаға шүкіршілік етемін», дей отырып қолына фотоальбомды алып, ондағы суреттерді, майданнан күйеуінің жазған хаттарын көрсетіп, ұзақ сонар әңгімеге көшетін кездері де болатын бей­бақтың. Кейде сол сарғайған қағаздарды бізге оқытып, терең күрсініп, даусы дірілдеп, жанар­ы суланатын. Сірә, сары сағы­нышқа айналған күндерін еске алып, жал­ғыздықтан жалығып, іші күңі­ренетін болуы керек. Не дегенмен ол да жас кезінде бақытты бол­ған­ды армандап, болашағынан жақ­сылық, үміт күткен біз сияқты бір пенде ғой.

 Атың өшкір соғыс болмағанда Зейнеп апа да ел қатарлы тұрмыс-тіршілік етпес пе еді?! Әттең, тағдыр оған ондай жаймашуақ күндерді, саялы өмірді қимапты. Енді міне, жалғыз үйде жалғыз өмір кешуде. Көңіл кірбіңі бір сәт те өкінішті ұмыттырмайды. Қо­лындағы әлгі фотосуреттер мен сарғайған үшбу хаттар өзіне мәңгілік серік болып келеді. Ол үшін олардан қымбат, асыл, жан­ға жылы дүние жоқ мына әлем­де. Барлығы, барлығы: ойы да, қиялы да, сенімі де, үміті де соларда...

Зейнеп апа да сөйтіп жұ­байын, қосағын күтіп, өмірден үміт үзбей, келер күндерге сеніп арта жүріп қартайып барып мына өмірден озды, жарықтық. Оның сары алтындай жинаған, құрметтеген, қастерлеген фотоальбомы, хаттары не болғаны бізге беймәлім... Сірә, менің ойымша, артына ерген қызы мен жиен-немерелері жиып алып, өз отбасы архивінің қатарына қосқан болу керек. Әлде, басқаша болды ма екен?.. Айтуға ауыз бармайды. Әйтеуір олай болмауын тілеймін...

Иә. Адамдар өмірге келеді, уақытпен жарысып өседі, өміріне серік болатын сүйіктісін табады, ұл-қыз өсіріп, өмірден өтіп, артына із қалдырады.

Жақсы адамдар туралы сан рет жағымды естеліктер айтылып, көңіл шіркін бір рақаттанып, жасарып қалады. Әр кез солай болса екен деп тілейсің. Бірақ өмірде олай болмауы да мүмкін ғой.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, Журналистер одағының мүшесі

 

ТАРАЗ