«Акселерацияның алғашқы қадамынан өткен 39 жобаның жиырмасы таңдалып алынды. Енді олар акселерацияның толық бағдарламасынан өтіп, еліміздің әр аймағында жүзеге асуы үшін жұмыс жүргізеді. Бүгінде акселераторлардың алдында үш басты міндет тұр. Яғни дайын жобаларға сараптық және әдістемелік көмек көрсету, оған инвестициялар тарту және осы жобаларды жан-жақты таратып, аясын кеңейту көзделіп отыр», деді жоба кураторы, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты Сараптау және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының жетекшісі Людмила Бурлаченко.
Оның айтуынша, «Өзгерістің сәруарлары» жобасының қатысушылары білім, мәдениет, инклюзия, экология бағыттары бойынша төрт топқа бөлінген.
«Біз тек өз кәсіптерінен табыс тауып отырғандарды емес, әлеуметтік маңызы бар, қоғамға тигізер пайдасы мол жобаларды қолдаймыз. Әр жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты ұстанымдарына сәйкес келеді. Нақты айтқанда, аталған жобалар барлық құндылықтарды сақтай отырып, өз саласында үздік болуы тиіс, сондай-ақ инновациялық түрде үнемі үздіксіз дамуы қажет. Қазірдің өзінде Қазақстанды халықаралық нарықта алға жетелеп, атын қалыптастырған брендтер бар», деп атап өтті Людмила Бурлаченко.
Мәселен, сондай жобалардың бірі – «Aspara Fashion week». Мәдениет саласында жүзеге асып жатқан бұл жоба fashion-индустрия тарихында бірінші рет халықаралық деңгейде онлайн сән апталығын өткізіп жатыр.
Білім беру саласында «Open English» жобасы да ерекше назар аудартады. Бұл әлеуметтік жобада ерікті жастар жоғары сынып оқушыларына ағылшын тілін үйретеді. Сонымен қатар ерікті жастарды басқару технологиясының заманауи үлгілеріне бейімдеп, көшбасшылық қасиеттерін арттырады және алдағы уақытта жұмысқа орналасу мәселесін де жеңілдетеді.
Жиырма жобаның сегізі инклюзивті салаға арналады. Оны осы бағыттағы тәжірибесі мол «Болашақ», «Саламатты болашақ», «Замандас» қорлары және енді ғана құрылғанымен әлеуметтік салаға инновациялық көзқарасымен енген «Altyn bala» кәсіпкерлері жүзеге асырмақ. Бұдан бөлек, инклюзивті бағыт бойынша «Kunde» және «Emoji» әлеуметтік кафелері жұмыс жасап жатыр.
«Акселераторлар жұмысының басты ерекшелігі ретінде әр жобаға жеке тоқталып, тыңғылықты көңіл бұратынын айтуға болады. Сарапшылардың 3 ай ішінде атқарған жұмысы арқылы аталған жобалар жан-жақты дамуы үшін зор қолдауға қол жеткізді», деді Людмила Бурлаченко.