Десе де тұңғыш Олимпиада чемпионымыздың ізін жалғап, Әлжан бағындырған шыңға жету үшін барын салып жүрген спортшыларымыз да бар. Солардың бірі – «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Рүстем Ерғали. Кейіпкеріміз баскетболдан Қазақстанның 13 дүркін чемпионы атанып, 15 жыл бойы ұлттық құрама капитаны болған.
Қостанай қаласында дүниеге келген Рүстем 10 жасынан бастап баскетбол спортының қыр-сырына қаныға бастаған. Командадағы қараторы жігітті барлығы Джексон деп атайтын. Ұлттық баскетбол ассоциация ойыншыларының ішінде Рүстем көп жылдар бойы Леброн Джеймсті үлгі тұтып, оның ойын мәнеріне ерекше тәнті болғанын айтады.
– Баскетболды ең алғаш теледидардан көргенім есімде. Шамамен 1996 жыл болуы керек. ҰБА ойындарын көріп, спорттың осы түріне аңсарым ауа бастады. Мені әсіресе, Леброн Джеймстің ойыны тәнті етті. Сол спортшыға ұқсағым келіп, еш ойланбастан баскетбол үйірмесіне жазылдым. Баскетболмен қатар тағы бірнеше спорт түрімен шұғылданып көрдім. Олардың қатарында бокс, теннис, волейбол да болды. Бірақ түбі баскетболға қайта айналып келдім. Анама соңғы шешімімді айтып, баскетболға тоқтағанымды жеткіздім. Алғаш үйірмеге барып жүргенде жаттығуға бір күн кешігіп қалғаным үшін бапкерім мені үйірмеден шығарып жіберді. Кейін анаммен Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебіне бардым. Олар мені бірден құшақ жая қарсы алып, келесі аптада командамен бірге Қазақстан чемпионатына аттанып кеттім. Енді мына қызықты қараңыз, сол жарыста біздің командамыз бірінші орын алса, мен біріншіліктің үздік ойыншысы атандым. Осыдан кейін менің баскетбол әлеміндегі сапарым басталды десем де болады.
Жастайынан талантымен, ерекше дарынымен мамандардың көзіне түскен Рүстем ересектер арасындағы спорттық мансабын 2002 жылы елорданың «Астана Тайгерс» командасында бастады. Шабуылдаушы-қорғаушы позициясында ойнаған ол 2011 жылы «Астана» президенттік баскетбол клубына ауысып, былтыр карьерасын осы командада аяқтады.
Кейіпкеріміз 17 жылдың ішінде 13 рет Ұлттық чемпионаттың жеңімпазы және 11 рет Қазақстан кубогының иегері атанды. Сонымен қатар ол Қазақстанның ерлер құрамасының тұрақты мүшесі болды және Азия кубогы мен Әлем кубогы сияқты бірнеше ірі халықаралық турнирлерде бақ сынады.
«Астана Тайгерс» командасында жүріп Рүстем Ерғали 2004 және 2010 жыл аралығында алты рет ел чемпионы атанса, «Астана» клубында тағы жеті рет Қазақстан чемпионы деген мәртебелі атаққа ие болды. Тек бір рет 2015/2016 жылғы маусымда чемпионатты екінші орынмен аяқтап, күміс медаль олжалады. Ал «Астана Тайгерс» құрамында жүргенде 2003/2004 жылғы ел чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Бұл Рүстемнің ел чемпионатындағы алғашқы жүлдесі еді.
– Жалпы, жетістікке жетуімнің ешқандай сыры, ешқандай құпиясы жоқ. Адам жетістікке жету үшін тынбай еңбек етуі керек. Сонымен қатар өз ісін сүйіп, махаббатпен істесе түбінде биік шыңды бағындырады деп есептеймін. Мысалы, мен баскетбол спортын жан-тәніммен сүйдім. Күні-түні жаттығу жасадым. Соның арқасында осындай жетістікке жеттім. Чемпиондықтың сыры – осы ғана.
Рүстемнің айтуынша, елімізде спорттың басқа түрі сияқты баскетбол да бір орында тұрмай, күн өткен сайын дамып, алға жылжып келеді. Соның дәлелі ретінде ол Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына шығуына бір табан жақын қалғанын айтты. «Бізге тек сәттілік жетпей қалды. Әйтпесе бір аяғымызбен әлем чемпионатында тұр едік. Егер елімізде баскетболдың дамуы нашар болса, әлем біріншілігінің іріктеу кезеңіне де қатыса алмайтын едік. Сонымен қатар АҚШ және Еуропа құрамалары секілді әлемнің алдыңғы легінде болмасақ та, Азия құрлығында өзіміздің лайықты орнымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, біз дұрыс бағытта дамып келеміз», дейді ол.
Сондай-ақ кейіпкеріміз спортты дамытудың тетігін басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ дейді. Тек жастардың осы спортпен айналысуына мүмкіндік жасап, заман талабына сай спорт кешендерін салу керек екенін айтады. «Қазіргі таңда талапқа сай спорт кешендері Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында ғана бар. Мұндай дәстүрді өңірлерде жалғастырып, ауылдарда балалар үйірмесін ашу керек. Таланттың көбі ауылдан шығады және сол талантты көре білу керек», дейді Рүстем.
Бүгінде Рүстем Ерғали «Астана» баскетбол клубының атқарушы директоры. ВТБ Бірыңғай лигасында бақ сынайтын командамыз жанкүйерлер тарапынан көп сынға ұшырап жатады. Басты себеп – аталған лигадағы сүреңсіз ойыны. Бірақ Рүстемнің пікірінше жанкүйерлердің сыны орынсыз.
– Меніңше, «Астананың» ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф кезеңіне шыққан 15 команданың қатарынан көрінуінің өзі үлкен жетістік. Мұнда бюджеті жағынан бізден екі, тіпті үш есе жоғары командалармен ойнаймыз. Соған қарамай біздің жігіттер намысқа тырысып, аты дардай СКА, «Химки» секілді командалармен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетіп келеді. Шағын бюджетпен және ең жас команда бола тұра, жоғарыда атаған командалармен бір деңгейде ойнауымыздың өзі жоғары жетістік.
Қазір әлемдік командаларды легионерсіз елестету мүмкін емес. Кез келген спорт түрін алып қарасаңыз, онда сырттан келген кемі екі-үш ойыншы жүреді. Мысалы, мықты деп жүрген АҚШ командаларының өзінде Еуропаның, Азияның жігіттері ойнайды. Рүстем де еліміздегі командаларда легионерлердің болуы заңды деп санайды.
– Командаларға легионер тарту бүкіл әлемде бар тәжірибе. Сондықтан бұл қалыпты жағдай, оған үрке қараудың қажеті жоқ. Қайта мұның бізге оң әсері бар. Өйткені баскетболдан АҚШ мектебінің шоқтығы биік. Сол жақтан келген жігіттер осы спорттың қыр-сырын біздің спортшыларға үйретіп, тәжірибесімен бөліседі. Сондай-ақ сен спортшы ретінде қалыптасып, өсуің үшін бәсекелестікке дайын болуың керек. Бәсеке бар жерде өсу бар екені айтпаса да түсінікті. Легионер санын азайту керек десе, оған келісемін. Бірақ қазір әлемде легионерсіз ойнайтын команданы кездестіру өте қиын, – дейді Рүстем.