Аймақтар • 02 Шілде, 2020

Жамбыл облысында діни ахуал тұрақты

297 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселелері жөнінде жиын өткізді. Жиында облыстық дін істер басқармасының басшысы Жангелді Омаров "2018-2022 жылдарға арналған экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл" бағдарламасының мақсатты индикаторлары мен тармақтарының орындалуы туралы баяндады, - деп хабарлайды Egemen.kz 

Жамбыл облысында діни ахуал тұрақты

Басқарма басшысы діни топтар мен қауымдастықтардың радикалдық идеологияға қарсы иммунитетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру және насихат жұмыстарының 80 пайызға орындалғанын жеткізді. Ал, деструктивті топтардың 11 көшбасшысымен кездесулер өткізіліп, 3 адам қоғамға бейімделген. "Теологтарға деструктивті ағымдардың жетекшілерімен және белсенділерімен кездесу көбіне қиынға соғады. Бұл орайда жалған діни бірлестіктердің өкілдерімен алдын алу шараларын өткізуде құқық қорғау органдарынан көмек қажет", деді ол. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев теологтардың имамдармен және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, сотталғандардың радикалды идеология мен радикализацияға қарсы иммунитетін нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтудың мақсатты индикатордың орындалуы 100 пайызды құраған. 2018-2019 жылдары да бұл көрсеткіш осы деңгейде болған. Нәтижесінде 33 сотталушы радикалды көзқарасынан қайтқан. Ақпараттық-түсіндіру топтары теолог-мамандармен 80 пайызға қамтылған. Топ құрамында 26 дінтанушы, 1 философ және 1 филолог жұмыс істейді. "Облысымыздың 131 студенті еліміздің жоғары оқу орындарында діни білім алуда десек, оның 27-сі биыл бітіреді. Студенттердің басым бөлігі Алматыдағы Нұр-Мүбәрак университетінде, қалғаны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде, шет тілдер және іскерлік мансап университетінде оқиды", дейді Жангелді Омаров.

Сонымен қатар, 115 жамбылдық Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы медресе мен колледждерде білім алуда екен. Олардың 41-і оқуын биыл тәмамдайды. Тараз қаласындағы облыстық орталық "Һибатулла Тарази" мешітіндегі медреседе 37 шәкірт білімін шындауда. Ал, 6 студент Мысырдағы Әл-Азхар университетіне Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының бағыты бойынша оқуда. Олардың екеуі биыл бітіріп, діни басқармада қызмет ете бастайды. Жиын соңында Бердібек Сапарбаев "Конференциялар мен семинарларды әсіресе халықаралық деңгейде өткізу керек. Дер кезінде және тиісті деңгейдегі шараларды қамтитын ауқымды тәрбие жұмыстарын жүзеге асыру арқылы экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алуға болады. Бұл тұрғыда бұған дейін атап өткенімдей, барлық мүдделі құрылымдардың бірлескен жұмысы өте маңызды", деді ол.

 

Жамбыл облысы