Аймақтар • 03 Шілде, 2020

Індетпен күресте салғырттық танытуға болмайды

176 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Коронавирус індеті әлемді әбігерге салып, адамзатты үлкен бір сынақтан өткізіп жатыр. Дегенмен тұрғындарды вирустың құрбаны қылмау үшін дәрігер деп аталатын бір қауым табандылықпен күресуде. Әзірге итжығыс, бірде ақжелеңділер, енді бірде тәж вирусы.

Індетпен күресте салғырттық танытуға болмайды

Жағдайды қалыпқа келтіру жұмыстары атқарылуда

Бұл індет елімізге де оңайға соғып жатқан жоқ. Әсіресе халық жиі шо­ғырланған республикалық орталықтар­да. Жуырда үшінші қалада коронавирус індетімен қатар жұқпалы тұмауда ас­қынып кетті. Әп-сәтте дене қызуы көтеріліп, тыныс алуы қиындай түс­кен қаншама тұрғын шаһардағы ауру­ха­наларға қарай ағылды. Алайда денсаулық сақтау мекемелерінің науқас қабылдау сыйымдылығы көрсетілген шектен асып кетті. Әу баста дәріханаларда дәрі-дәр­мек тапшылығы байқалды. Тұрғындар на­разылығы күшейе түсті.

Осы өзекті мәселе Шымкентте ғана емес, еліміздің бірнеше облыс, қала­лар­ында да орын алды. Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізіп, эпидемиялық жағдайды реттеуде салғырттық танытқан бірқатар лауазымды тұлғаларға, бас­шыларға сөгіс, ескерту берілді. Солардың қатарында дерт өршіп тұрған өңір – Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әй­теновке де сөгіс жарияланды.

Президент өткізген жиындағы тап­сыр­­малардан нақты нәтиже шығару үшін қа­ла билігі барлық ресурстарды іске қо­сып, алдын алу шараларын бастап кетті.

 

Президент сынынан нәтиже шығарылды

Шымкент қаласында еліміздегі эпидемиялық жағдайды қалыпқа келтіру барысындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары дер кезінде орындалуда. Шымкент қаласында республика бойынша алғаш рет 51 күндізгі стационар ашылды. Нәтижесінде, қалада инфекциялық дертке шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету екі есеге күшейді. Бұл туралы емдік жұмыстарын арттыру жөнінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйте­нов ақпараттық-коммуникациялық орта­лықта өткен брифингте айтқан болатын. Аталған тапсырма дер кезінде орындалып, қаладағы эпидемиялық жағдай ретке келді.

Маусым айының соңында қалада жұқпалы аурумен ауырған науқастар саны күрт өсті. Пневмониямен ауырғандар 5,8 есеге, ал ЖРВИ-мен ауырған науқастар саны 2 есеге артты. Осы жағдайға байланысты жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалатын тұрғындар саны 5 есеге көбейді. Орта есеппен бір күнде 2100-ден аса шақырту түсе бастады. Бұл шақыртуларға дәл уақытында қызмет көрсету үшін Шым­кент қаласының әкімі Мұрат Дүй­сен­­бек­ұлының тапсырмасымен жедел түрде провизорлы орындар ашылды. Бү­гінде қалада барлық медициналық құ­рал-жаб­дықтармен қамтылған 2870 тө­сек-орын бар. Оның 650-і жұқпалы ­ау­руха­­наларға, 2220-сы провизорлы орын­ға арналған. Яғни, инфекциялық ау­руға шалдыққан науқастар үшін орын жет­кілікті. Дегенмен жағдай қалыпқа келсе де, резервтік провизорлы орындар дайын­­далуда. Кеше жеңіл атлетикалық спорт кешенінен 150 орын дайындалды. Бұл орындар 1 шілде күні 450 орынға жеткізілді.

Айта кетейік, Шымкент қаласында ха­лық­тың денсаулығын нығайту мақ­са­тында күндізгі стационар қызметкерлері демалыссыз қызмет көрсетуде. Ал барлық ауруханалар мен емханаларға дәрі-дәрмек үзіліссіз жеткізілуде.

 

Қосымша мамандармен толықтырылуда

Күн сайын науқастар санының артуы­на байланысты Шымкент қаласындағы медицина ұйымдарына қосымша медицина қызметкерлерін қабылдау қажеттілігі туындады.

Себебі індетке шалдыққан науқас­тарға қажетті ем-дом жасайтын дәрігерлер саны шектеулі еді. Осы өзекті мәселені дер кезінде назарға алған жергілікті билік салалық іргелі оқу орындарының резиденттерін жұмысқа ала бастады.

«Шымкент қаласы әкімі М.Әйте­нов­тің тапсырмасына сәйкес, қаладағы меди­циналық ұйымдарды қосымша дәрігер­лермен, медбикелермен қамтамасыз ету жөнінде жұмысшы топ құрылып, жұмыс істеуде. Бүгінде Шымкент қаласындағы медицина академиясынан 84 резидент тартылуда», дейді қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр.

Қазіргі таңда, жұмысқа тартылған ре­зиденттердің: жалпы тәжірбелік дәрігері – 31, инфекционист – 8, педиатр – 4, кардиолог – 3, хирург – 9, невропатолог – 7, терапевт маман – 7.

Сонымен қатар, қаладағы 4 медици­налық колледжден 116 медбике жаңадан ашылып жатқан провизорлық және күн­дізгі стационарларға қабылданды.

 

Фармкомпаниялар тапсырысы 5 есеге артты

Өткен аптада індеттің асқынуына орай үй жағдайында ем қабылдаушылар үшін дәрі-дәрмектің тапшылығы қатты байқалды. Дәріхана кіре берісінде тұратын аскорбинка секілді арзан витаминнің өзі табылмай қалды. Барының өзі қалта қа­ғарлық.

Қала әкімі орын алып жатқан жағдайды зерттеп-зерделей келе жергілікті дәрі-дәрмек өндіретін компаниялардың қыз­метін жандандыруды қолға алды.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов дәрі-дәрмек шығаратын өндіріс орнында болып, қаланы дәрімен қамту мүмкіндігін бағамдап көрді. Бірінші болып «SANTO» дәрі-дәрмек зауытына барған әкім өндіріс цехтарын аралап көрді. Мұнда инъекциялық ерітінділер мен инфузиялар, қатты пероральді дәрілік заттар (таб­леткалар, саше, түйіршіктер), антибиотик ұнтақтары, стерильді емес ерітінділер шығарылады.

«830 қызметкер тәулік бойы төрт ауысымда жұмыс істеуде. Өнімнің 70 пайы­зы көтерме, 30 пайызы бөлшек баға­да сатылуда», деді компанияның өнді­ріс жөніндегі директоры Светлана Майорская.

Шаһар басшысы одан соң екі ірі «Ақ­ниет», «Зерде» дәрілік заттар қойма­сына барды. Олар қаладағы жүз шақты дәрі­ханаға екі мезгіл дәрі жеткізіп отырғанын айтты. Дистрибьютерлер қоймаларға күніне 2-3 көлік дәрі-дәрмек әкелінетінін жеткізді.

«Төртінші категориядағы вирусқа қарсы дәрілерге сұраныс жоғарылады. Сондықтан компаниялардың тапсырысын 5 есеге арттырдық. Қазіргі таңда 15 көлік, 5 вагон дәрі-дәрмек жолда келе жатыр. Парацетамолдың 50-ге тарта аналогтік түрі дәріханаларда бар. Көрші аймақтардан, мәселен Тараз, Қызылорда, Түркістан облыстарынан сұраныс көптеп түсуде. Ең бірінші Шымкент қаласын то­лы­ғымен қамтып болған соң ғана өзге қала­ларға жіберілетін болады», деді «Зер­де-Фито» НПО ЖШС-нің директоры.

Мамандардың айтуынша, дәрі таусылып қалады деген қорқынышпен шамадан тыс көп дәрі алып, үйде сақтай берудің қажеті жоқ. Дәрі жеткілікті. Әрбір дәрінің сақтау мерзімі мен шарттары бар. Оны қолданбаса адам организміне кері әсерін береді.

Барлық жағдаймен таныс болған Мұ­рат Дүйсенбекұлы дәрілердің жеткі­зі­луін­де ешбір кедергілер орын алмауын тап­сырды.

1

 

«Өрттің» ошағында жүр

Мұрат Дүйсенбекұлы инфекциялық гос­питальге барып, провизорлы, күндізгі ста­ционарларды аралады. Жұқпалы ауру­лар орталығының жұмысымен танысу барысында шаһар басшысына қала­лық денсаулық сақтау басқармасы басшы­сының міндетін атқарушы Рустам Албаев госпитальдегі қазіргі жағдай­ды баяндады. Оның айтуынша, бүгін­де инфекциялық госпитальде 77 палата және 2 реанимациялық зал бар. Отте­гі жеткілікті. Мұнда covid-19 және пнев­мо­нияға шалдығып, денсаулығы ауыр жағдайға душар болған науқастар түсуде.

«Госпитальдің жансақтау бөліміне түсіп, кейін денсаулығы оңалып тұрақ­талған, алайда бірнеше күн бойы дәрі­гердің бақылауында болуы тиіс нау­қас­тарды провизорлық орталықтарға ауыс­тырып, ауыр жағдайдағы науқастарға орын дайындау жағын қарап, шешіңіздер. Жедел жәрдем қызметкерлері ары-бері сандалмауы керек», деген тапсырма бер­ді қала әкімі.

Мұнан кейін М.Әйтенов Қазығұрт шағын ауданындағы №86 мектепте дайындалып жатқан күндізгі стационарға барды. Ғимаратта жүзден астам науқасты қабылдауға мүмкіндік бар. Тағы орын қажеттілігі туындаса, нысанның екінші қа­батын да қолдануға болады. Бұл күн­дізгі стационарға дәрі жеткізу мәселесі де шешілген. Дәл осындай стационарлар Сәуле, Ақжар шағын аудандарында да дайын­далуда екен.

Сонымен қатар әкім пневмонияға шал­дыққандарды қабылдап жатқан прови­зорлық орталыққа барды. 100 орын­дық Ардагерлер үйінде қазір 25 нау­қас ем қабылдауда. Бұл жөнінде №2 емха­насы бас дәрігерінің орынбасары Э.Ер­мекбаева айтты.

«Жедел жәрдеммен жеткізілген нау­қас­тарға алғашқы медициналық кө­мек көрсетілуде. Егер де ауруханаға жат­қы­зылу керек жағдай болса, бос орын­дар бар. Екі ауысымда 20 дәрігер жұмыс іс­теу­де. Науқастардың жағдайы тұрақ­ты»,  дейді ол.

Сондай-ақ жеңіл атлетика манежінде күндізгі стационар ретінде бес жүзге жуық төсек-орын дайындалуда. Қала әкі­мі спорт кешенінде болып, ондағы жұ­мыс­ты үйлестіру және қажетті жабдық­тар­мен қамту мәселесі бойынша нақты тапсырмалар берді.

«Мұнда келуші науқастар еш қиын­дық­сыз емделуі керек және халықты күттір­меңдер. Басты мақсат – әрбір адам­ның ем алуы қолжетімді болуы тиіс», деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Мұнан өзге қала басшысы ауыр жағ­дайдағы науқастар ғана емес, жеңіл формадағы аурулар үшін де барлық жағдайдың дайын болуына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар кәсіпкерлік нысандардағы карантиндік талаптардың сақталуымен танысты.

 

Қосымша 3 ПТР зертханасы ашылды

Бүгінде тұрғындарды індеттің бел­гілерінен бұрын үрей қатты састырды. Басы ауырып, дене қызуы көтерілсе қайда барарын білмей әлек болды. Енді осы әуре-сарсаңды болдырмас үшін қалада қосымша 3 ПТР зертханасы ашылды. Зерттеу саны тәулігіне 800 тестке дейін жеткізілді. Бүгінде «ОЛИМП» зертханасының ПТР инсталяциясы жүргізілуде, бұл тестілеу көлемін күніне 1 600-ге дейін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Айта кетерлігі, сәуір-маусым айларында барлығы 71 548 сынама алынды.

Соңғы кезде вирустың белең алуына байланысты қалалық жұқпалы аурулар ауруханасын қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жер­гілікті бюджеттен 502 млн теңге бө­лінді. Инфекциялық және провизорлық стационарлар үшін 21 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттары қосымша сатып алынды. Сондай-ақ 10 күннің ішін­де 40 ӨЖЖ аппарат жеткізіліледі деп күтілуде.

Демеушілер тарапынан 200 Бобров аппараты сатып алынды, қосымша ком­пьютерлік томографтардың жеткізілуі күтілуде. Коронавирустың жеңіл формасымен ауырып жатқан науқастарды бақылау үшін мобильдік топтар құрылды. Барлық мобильді топтар көліктермен қам­тамасыз етіліп, медициналық персонал басқа функционалдық міндеттерден босатылған.

 

Дәрі провизорлық және күндізгі стационарға жеткізілді

Инфекциялық дертке шалдыққан науқастарға дер кезінде көмек көрсету үшін медициналық ұйымдарға қосымша дә­рі-дәрмек жеткізілді. Бірінші кезекте дәрілік заттар науқастар емделіп жат­қан провизорлық және карантиндік стацио­нарға жеткізіліп, ақ халаттылар нау­қастарға медициналық көмек көрсетуде.

Медициналық препараттармен қам­тамасыз ету үшін Бірыңғай дистрибьютормен 852 дәрілік зат пен медициналық бұйымдар позициясы бойынша 1,8 млрд теңге сомасына келісімшарттар жасалды. Бұған қоса эпидемиялық жағдайдың шиеленісуіне және ЖРВИ мен пневмония көрсеткішінің күрт өсуіне байланысты медициналық ұйымдар көмек көрсету үшін 207,1 млн теңге сомаға Бірыңғай дистрибьютор арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қосымша өтінімдер рәсімделді.

Бүгінгі таңда Бірыңғай дистрибьютор қосымша өтінімдер бойынша 76,8 млн теңге сомаға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тиеп-жөнелтуде. Шымкенттегі ауруханалар мен дәріханалар демалысқа қарамастан дәрі-дәрмекпен қамтылуда.

Күндізгі стационарда медицина мамандары демалыс күндеріне қарамастан, аптасына жеті күн, таңғы сағат 08:00-ден бастап 20:00-ге дейін жұмыс істеуде. Ал оларға қажетті дәрілер өз уақытында жет­кізіліп отыр.

Пневмония және ЖРВИ дертіне шал­дық­қан науқастар емханаларда ем қабыл­дап жатқандықтан, қаладағы дәріханалар мен ауруханалар да дәрі-дәрмекпен қам­тылуда.

Айта кетейік, халық денсаулығын ны­­­ғайту мақсатында пневмония ЖРВИ дертіне шалдыққан науқастарды емдеу үшін мемлекеттік 26 емханада 314 төсек орын­­дық күндізгі стационар ашылды. Бір төсек-орын күніне кемінде 5 адамға қыз­мет көрсетуге мүмкіндігі бар. Яғни 1570 тұрғынды ем-дом шараларымен қамтиды. Ол үшін 39 дәрігер, 57 медбике қызмет көрсетуде.

 

350 орындық провизорлық стационар ашылды

Шымкентте провизорлық стацио­нар­лардың саны тағы бір нысанмен толықты. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Бұрынғы студенттерге арналған Нұр­сәт және Гиперхаус сауда орталығының жанындағы жатақханада 350 төсек-орын провизорлық стационар ашылды.

Бір тәуліктің ішінде қажетті кисло­род­тық жастықтар, ӨЖЖ аппараты, рент­ген аппаратпен және өзге де қажетті медициналық құралдармен жабдықталды. Және медицина мамандары тартылды»,  деді Е.Садыр.

Қазір провизорлық стационарда ха­лық­қа жедел жәрдем көрсетілуде. Ме­ди­ци­налық ұйымдарда күндізгі стацио­нардың жұмысы күшейтілді. Пневмо­ния және ЖРВИ дертіне шалдық­қан науқастар енді емханада ем қабыл­дай алады. Бұл үшін медициналық ұйым­дарда күндізгі стационардың төсек қоры кеңейтілді. Пневмония және ЖРВИ дертіне шалдыққан науқастарды емдеу үшін 14 мемлекеттік емханада және 26 жекеменшік медицина орталығында 623 төсек-орын дайындалды. Мұндағы мамандар дәрігердің тағайындауы бойынша науқастарға тамырдан және жамбас­тан екпе салу сынды емдеу шараларын жүргізеді. Күндізгі станционарда төсек-орын мен дәрілік заттар жеткілікті.

Айта кетерлігі, науқастар тіркелген емханасы бойынша станционарда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде емделе алады.

 

ШЫМКЕНТ