Қоғам • 03 Шілде, 2020

Негізгі міндет – аурудың таралуын тоқтату

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемнің көптеген елдеріндегідей, Қазақстанда да күрделі эпидемиялық жағдай қалыптасты. Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан қабылданған шаралар мен жоспарланған іс-шаралар туралы халықты мүмкіндігінше тезірек ақпараттандыруға тырысу керек.

Негізгі міндет – аурудың таралуын тоқтату

Президент Қ.Тоқаев өзінің Twitter парақшасында Үкімет 5 шілдеден бастап карантин режімін енгізу жоспарын ұсын­ғанын, сондай-ақ Қа­зақ­станда эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі мем­лекеттік комиссияның отырысы өткенін жазды. Ауру бірнеше айдың ішінде әлемнің барлық түкпіріне таралды. Дамыған елдерде індеттен болған өлім-жітім жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Мысалы, АҚШ-та бұл көрсеткіш 5%-дан асады.

5 шілдеден бастап сұлулық салондары, спорт залдары, көп­шілік іс-шаралар, кафелер мен мейрамханалардың жұмысына 14 күндік шектеу шаралары енгізіледі. Осындай жұмыс режімі барша қазақстандықтарға бұрын­нан таныс. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұқпалы ауруы бар науқастарға арналған төсектік-орын саны 50% арттырылып, 1400 қабылдау бригадасы жұмыс істеуде. ПТР-сынақтарына арналған 8 жылжымалы зертханалар сатып алынуда. Ал сынақ­тардың өздері Ресейден, Қытай­дан, Германиядан әкелінеді.

Наурызда еліміз осыған ұқсас режімді бастан өткерген болатын. Үкімет жоспарында көрсетілген шешімдер шектеулік сипатқа ие, бірақ шамадан тыс ештеңе жоқ. Мәселен, аймақтар арасындағы әуе қатынасы сақталады, жүк және жолаушылар пойыздарының қозғалысы біршама шектеледі. Алайда коронавирустық сынақтан өткендігі туралы анықтаманы ұсы­нудың қажеті жоқ. Әсіресе маусымдық факторды, демалыс кезеңі екенін ескеретін болсақ, бұл өте маңызды шара.

Қазір коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар санының өсуі байқалады. Өкініш­ке қарай, қайтыс болғандар да бар. Қазақстандықтар елдегі жағдайға өздері де жауапты екенін түсінуі керек. Сақтық шараларын жекелеген азаматтардың елемеуі, түрлі мерекелік шараларды өткізу, қарапайым санитарлық нормаларды сақтамау эпидемиялық жағдайдың күрделенуіне алып келді. Осындай шектеу шаралары көктемде айтарлықтай тиімді болды.

Қазіргі уақыттағы негізгі мін­дет – аурудың таралуын азайту және жағдайды оң бағытқа бұру.

 

Зарема ШӘУКЕНОВА,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры