Қоғам • 03 Шілде, 2020

Темірдей тәртіп тығырықтан алып шығады

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазір коронавирус індеті кеңінен тарап, оның шын мәнінде зор қауіпті екеніне халықтың көзі жете бастады. Біздің елімізді ғана емес, дүйім дүниені дүрбелеңге түсірген бұл дүлейге тойтарыс беру үшін әлем болып жол іздеп жатыр.

Темірдей тәртіп тығырықтан алып шығады

Төтенше жағдай тоқтағаннан кейін босаңсып кеткеніміз рас. Соның салдарынан вирустың одан сайын өршуіне жол беріп қойдық. Айналамызда осы бәлекетке ұшырап, ауырып қалған адамдарды жиі кездестіріп жатырмыз. Бұл індет туған-туыстарымыз, достарымыз, әріптестеріміз, көршілеріміз – бәріне жетіп үлгерді. Сондықтан қоғамның бүтіндігі, елдің тұрақтылығы үшін енгізіліп жатқан қатаң карантин шаралары өте дұрыс қадам деп білемін. Шектеу ша­ралары экономикамызға барын­ша зиян келтірмейтіндей, жан-жақты мәселелерді терең тал­да­ғаннан кейін қабылданып отыр.

Біздің халық осы заманға дейін басынан қаншама нәубетті өткізді. Талай тар жол, тайғақ кешуден бірлігіміздің, төзімділігіміздің арқасында өттік. Бір үйдің баласындай бір бірімізге жанашыр, тірек бола білсек, кез келген қиыншылықты еңсереміз. «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлы атамыздың дана сөзі бар ғой. Бүгінгі таңда темірдей тәртіпке бой­ұсынып, қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстануымыз керек. Сон­да ғана бұл тығырықтан шы­ғып, болашағымыз жарқын болады.

 

Шерзод ПУЛАТОВ,

Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары