Тиісінше, Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Мемлекеттік комиссияның отырысы да өтті. Бұл отырыста Қазақстандағы эпидемиялық ахуалдың өршуін және коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылар санының өсуін ескере отырып, Мемлекеттік комиссия биылғы 5 шілдеден бастап шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады. Мен бұл қабылданған шешімді өте орынды деп бағалап отырмын. Неге? Себебі одан өзге жол қалмады. Осындай қадамға баруға мәжбүр болып отырмыз.
Елімізде шектеу шаралары уақтылы қолға алынып отыр. Мұндай шешімнің қабылдануына бір жағынан отандастарымыздың да әсері болды. Той-томалақ, бас қосуларды шектеудің орнына ел арасында қонаққа бару мен қыдырулар көбейіп барады. Айтайын, сондай басқосуға 1 адам дертке шалдығып келетін болса, айналасындағы кемі 10 адамның вирус жұқтырғаны емес пе? Осыны неге түсінбейміз? Түсінгені былай тұрсын, дүние жүзін дүрліктірген коронавирус инфекциясы ойдан шығарылған, расында ол мүлдем жоқ деушілер табылып жатыр. Естіп-білгенімді айтып жатқан жоқпын, осындай пікірді ұстанған таныстарым көптеп кездеседі.
Құдай сақтанғанды ғана сақтайды. Барынша сақ болғанға не жетсін? Артық жүріс-тұрысты, кездесу мен жүздесулерді кейінге қалдыра тұрғаннан дүние бүлініп қалмайды ғой. Есесіне өзіміз, отбасымыз дертке шалдығып, қауіпті індеттің құрығына ілінбейтін едік. Қазақстан халқы осыны ұғынса деймін. «Коронавирустың салдарынан көз жұмыпты» деген суық хабарды күнде естіп жатырмыз. Содан сабақ алар емеспіз. Бәлкім, Мемлекеттік комиссияның отырысында қабылданған шектеу шаралары отандастарымызға ой салатын шығар. Басты байлығымыз – денсаулығымызға атүсті қарамайық, ағайын.
Александр БАРОН,
Қазақстанның «Мицва» еврейлер қауымдастығы»
ЗТБ жетекшісі