Бүгінде Қызылорда қаласында 54 мектеп бар. Оның ішінде күрделі жөндеуді қажет ететін ғимараттар сараланып, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Білім саласындағы биылғы жағымды жаңалықтың бірі аймақ орталығында барлығы 8 мектепке және 2 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде "Жұмыспен қамту жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында 4 мектеп яғни №23, 43, 112, 173 және 2 балабақшаға күрделі жөндеуден өтсе, республикалық "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы негізінде Ақсуат ауылдық округінде орналасқан №143 орта мектебі жаңғыртылуда. Сонымен қатар қаламыздағы №1, 4, 176 мектептердің есік-терезелері мен шатырын жаңалауға Халықаралық жобалар арқылы қаражат бөлінген.
Қала әкімі алдымен Ж.Қизатов атындағы №23 мектептегі күрделі жөндеу жұмысының барысын көрді. Салынғанына 35 жыл болған білім ордасының сыртқы әрлеу жұмыстары, ауыз су, кәріз жүйесі мен жылу жүйесі құбырлары тозып, есік-терезесі ескірген. Қала басшысы жұмыс сапасына мән беруді тапсырып, мемлекеттен бөлінген әр тиынның сұрауы болатынын ескертті. Мұнан соң шаһар басшысы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясында халықаралық жобалар арқылы жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көрді. Мектеп басшылығының мемлекет қаржысына иек артып отырмай, жаңғырту жұмыстарына халықаралық қорлардан қаржы тарту бастамасын оң бағалады.
М.Көкенов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолын "Қасиет LTD" ЖШС және "Ақпарат-Қызылорда" ЖШС салып жатыр. Қала басшысы қос мердігерге осыған дейін тротуарлардың сапасына байланысты орын алған олқылықтардың қайталанбауын ескертті.
Одан кейін қала әкімі осы Титов қыстағында орналасқан Ә.Молдағұлова атындағы №173 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Мектеп 44 жылдан бері жөндеуден өтпеген. Ғимараттың салынған уақыты мен жағдайын сараптай келе күрделі жөндеуге "Жұмыспен қамту жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында қаржы бөлінген. Мердігер мекеме басшысы құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталып, оқу маусымына толық дайын болатынын жеткізді.
"Жұмыспен қамту жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан Н.Ахмадеева атындағы №112 орта мектепте металды сайдинг жабындары дұрыс қойылмаған, қала басшысы мердігерге бұл олқылықты тез арада дұрыстауды тапсырды.
Қала әкімі А.Тоқмағамбетов көшесінің бойындағы кварталаралық жылу желілерін қайта құру жұмыстарын да назарға алды. Бүгінде жаңғырту жұмыстарына жылу шығымы аз, заман талабына сай отандық өнімдер қолданылуда. Шаһар басшысы мұндағы жұмыстың баяу жүргізіліп жатқанын айтып, мердігерге және жауапты сала басшыларына "мейлінше тез әрі сапалы жұмыс істеу керек", - деп тапсырма жүктеді.
Айта кетейік, биыл қала бойынша "Жұмыспен қамту жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында тозығы жеткен 7 шақырым жылу құбырларын ауыстыру жоспарлануда. Аталған жоба негізінде 200 жуық азамат жұмыспен қамтылды.