Аймақтар • 04 Шілде, 2020

Тіркелмеген қару-жарақтан құтылған абзал

463 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының заңы бойынша тіркеуге алынбаған, заңсыз аң аулап жүргенде тәркіленген, сонымен бірге азаматтардың өз еркімен тапсырған қару-жарақтары жойылады. Жуырда Солтүстік Қазақстан полициясы осындай 724 қарудың көзін жойды, - деп жазады Egemen.kz

Тіркелмеген қару-жарақтан құтылған абзал

Оны жою үшін комиссия мүшелерінің көзінше акт жасалады және қарулар атуға жарамсыз болатындай етіп, арамен ұңғылары кесіледі.  Сосын саны анықталып, одан жәшікке салынып, аузын мөрлеп бекітіп, темір-терсек қорытатын пеші бар кәсіпорынға әкелінеді. Осы жерде барлық комиссия мүшелерінің көзінше қару-жарақтың темір бөліктері ерітіледі. Сөйтіп, 724 отты қару комиссия мүшелерінің көзінше кесек темірге айналдырылды. "Бұлардың бәрі заңсыз сақталған, сонымен бірге қылмысқа қолданылғаны үшін тәркіленген қару-жарақтар. Олардың көбі заңсыз аңшылыққа пайдаланылғаны үшін соттың шешімімен тәркіленді", дейді СҚО ПД Тылдыық қамсыздандыру басқармасының бастығы, полиция майоры Александр Терехов.

Сонымен бірге ол кейбір тұрғындардың үйлерінде қалған ескі қару-жарақты өз еріктерімен тапсыратынын да айтты. Мұндайлар аталарынан қалған ескі аңшылық мылтықтары болады екен. Ондайдың кейбірін балалары тығулы жатқан жерінен тауып алатын көрінеді.

Полицейлер тіркелмеген қару-жарақты сақтағаны үшін тартқызатын жауапкершіліктен оларды полицияға өз еркімен тапсыру ғана құтқаратынын тұрғындарға ескертіп жүр.  Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап осындай акция басталып кеткен. Тіркелмеген қаруды тапсырғандар ақшалай сыйақы да алады. Мұндайды естіген облыс тұрғындары алғашқы үш күннің ішінде 31 қару тапсырған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы