Руханият • 07 Шілде, 2020

Рекордтар кітабына күймен кірді

304 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Былтыр Амангелді ауданында өткен астана мерейтойы мен Ұлттық домбыра күніне арналған мерекеде мың домбырашы халық күйі «Келіншек» пен Құрманғазының «Балбырауынын» қосыла орындап, бүкіл Батпаққара даласын күймен тербеткен еді. Өңірге белгілі өнерпаз Олжас Қылдыбаев дирижерлік еткен күйшілер мыңдығының құрамында 5-сынып оқушысынан бастап 90 жас­ты алқымдап қалған қарияларға дейін болған.

Рекордтар кітабына күймен кірді

«Осы іс-шараны бейнетаспаға түсіріп, құжаттарын реттеп халық­аралық ұйымның Со­чидегі кеңсесіне жолдадық. Ре­корд­ты тексерушілер құжат­тар­дың дұрыстығын қарап, қа­тысушыларды мұқият санап шықты. Рекордқа негіз болған басты нәрсе – 17 мың ғана халқы бар ауданнан 1000 домбырашы шығып, бәрі қо­сылып 2 күйді нақышына келтіріп орындауы. Сондықтан олар біздің іс-шараны Гиннестің рекордтар кітабына енгізіп отыр. Бұл туралы сертификат таяу­да ғана қолымызға тиді», деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлыбек Тәжин.

Ауыл күйшілерінің рекордтар кітабына енгенін куәландыратын халықаралық сертификатта «Ең көп домбырашының қатысуымен ауылдық мекенде орындалған қазақтың дәстүр­лі аспаптық пьесасы. Гиннес рекор­дына 1000 орындаушы тіркелді. Рекордты ұйымдастырушы: Қостанай облысы, Амангелді ауданының әкім­дігі», деп жазылған.

Бөлім басшысының айтуынша, биыл елорда мерейтойы қарсаңында ауданның мыңнан астам домбырашысы 5 күй орындауды жоспарлап қойған. Алайда шектеу шараларының күшеюіне байланысты, бұл шара кейінге қалдырылып отыр.

 

Қостанай облысы,
Амангелді ауданы,
Амангелді ауылы