09 Сәуір, 2010

ҚЫРҒЫЗ АҒАЙЫНДАР ТАҒЫ ДА ШАЙҚАСҚА ШЫҚТЫ

615 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алатаудың ар жағынан тағы да жайсыз хабар естілді. Мәселені мәмілемен шешу орнына бір-біріне таяқ ала ұмтылып, әлі жет­кені өлтіруден де тайынар емес. Мүлікті тонап немесе қиратып, үйді өртеп, білгендерін істеуде. Тағы да революция. Қырғыз ағайындар 2005 жылғы оқиғаларды тағы да қайталап отыр. Әрине, әр  ел өз жолын өзі таңдайды десек те, қырғыз халқының тағдырлы күн­дерді бастан кешіп жатқаны анық. Бүгінгі оқиға ертеңгі күні қалай жал­ғасатынын дөп басып айту қиын. Бұл елде билік пен оппози­ция­ның арасындағы шиеленіс әсте де үзілмейді. Оның бір сәт көтеріліп, онан соң біршама бәсеңдейтін кездері бар. Өткен айдың орта­сын­да оппозиция мен билік кезек­тесіп құрылтайлар өткізгенде, сол шиеленістің біршама шарық­та­ған­дай кезі болған. Сірә, билік енді оппозицияның қайта бас қосып, ұйым­шылдықпен әрекет ететінін күте қоймағандай. Енді қарсы­лас­тар­дың мәміле жолын іздемей, өз райларынан қайтпауы отқа май құйғандай болды. Алғашында сей­сенбі күні Талас облысында, оның орталығында болған қақтығыс лезде бүкіл елді шарпып, ақырын­да Бішкек қаласы отқа оранды. Иә, революция Қырғызстанға қайта оралды. Бұл өткендегіден де қызулау десе, артық емес. Көтеріл­ген халық өткеннің тәжірибесінен сабақ алғандай. Құқық қорғау орындарының адамдары көз ашы­татын газбен, әрі кетсе резіңке оқ­пен ататынын аңғарған көтері­лісшілердің таяқ пен тас қарулары әлдеқайда күшті еді. Олар барлық жерде де жеңіске жетіп жатты. Оқиғаның барысын тәптіштеп айтудың өзі артық. Ол сағат сайын өзгеріп жатады. Сәрсенбі күні қыр­ғыз астанасы үлкен шайқастың алаңына айналғандай болды. Рес­публикада төтенше жағдай жария­ланып, Біш­кек­те коменданттық сағат енгізіл­геніне қарамай, көте­рі­лісшілер мен құқық қорғау орын­дары адам­дары­ның арасында қақтығыс толастамады. Көше­лер­де, алаңдарда мүмкін болған нәр­се­нің бәрі қиратылды. Үйлердің терезелері шағылып, мәшинелер төңкеріліп, өртелді. Құқық қорғау орындарының күштері оппозиция жетекшілерін қамауға алғаннан кейін шеруге шық­қандардың әрекеттері бұрын­ғы­дан да күшейе түсті. Олар қар­сы­лас­тары­ның қаруларын тартып ала бас­тады. Бұдан кейін алаңға жиналған халықтың қолдауымен олар үкі­мет­тік ғимараттарға ша­буыл жасады. Со­ның салдарынан бас прокура­тураның, парламент­тің, ұлттық қауіпсіздік қызметінің ғимараттары отқа оранды. Оппо­зи­ция жетекші­лері қамаудан бо­сатылды. Бұл елден нақты ресми хабар алу қиын. Үкіметтің толық құ­рамын­да қызметінен кеткені ха­барланды. “Халық сенімі үкіме­тіне” басшы­лыққа тағайындалған оппозицияның бір көсемі Р.Отын­баева оппози­цияның елдегі билікті қол­дарына алғанын, сөйтіп, уақыт­ша үкімет құрылғанын, оның елдегі жағдайға толық бақылау жа­сап отырғанын мәлімдеді. Бір де­ректерге қарағанда, президент Құрманбек Бакиев пен қорғаныс министрі Б.Қалыев Оштағы пре­зидент резиденциясында болса керек. Қарулы қақтығыс болған жерде өлім бар. Денсаулық сақтау орын­дары қаза болғандар санын елуден асырып отыр. Жараланғандарды жатқызатын орын жетпеуде деген ақпарат бар. Мамадияр ЖАҚЫП.