Аймақтар • 07 Шілде, 2020

Жеңіс Қасымбек: Жағдай бақылауда, алаңдауға негіз жоқ

460 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жергілікті Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде өткен брифингте өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға шолу жасап, кейбір мәселелерге қатысты туындаған сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді, – деп жазады Egemen.kz.

Жеңіс Қасымбек: Жағдай бақылауда, алаңдауға негіз жоқ

Қазіргі уақытта облыс бойынша барлығы 20 инфекциялық бейіндегі медициналық нысан және 14 пульмопровизорлық госпиталь жұмыс істеп тұр екен. Өңірдегі ауруханаларда төсек саны 4 200 орынға көбейтілген.

Облыс әкімі инфекциялық бөлімшелердегі жүктеме 81%, ал провизорлық бөлімшелердегі жүктеме 79% құрайтынын мәлім етті.

"Мысалы, Қарағанды бойынша бүгінгі күні жұқпалы аурулар стационарларында 1 264 төсек бар, оның 141-і бос. Провизорлық стационарларда барлығы 720 төсек, бос 118 төсек бар. Дегенмен, біз жұқпалы және пульмопровизорлық төсек санын арттыру бойынша шаралар қабылдаймыз", – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, ол Қарағандыда 350 орындық пульмопровизорлық госпитальдің ашылуға дайын екенін, оның компьютерлік томографпен және тыныс алу жеткіліксіздігі бар науқастарды емдеуге қажетті медициналық газ берудің заманауи жүйесімен жабдықталғанын айтты.

Алдағы уақытта Жезқазғанда 350 орындық провизорлық стационар жұмыс істей бастайды. Сондай-ақ, мұнда 250 төсекке шақталған инфекциялық госпиталь пайдалануға беріледі. Балқаш қаласында 100 төсектік пульмопровизорлық стационар ашылмақшы.

Облыстағы басым бағыттағы шаруалардың бірі ауруханалар мен госпитальдарды техникалық жабдықтау екенін атап өтті өңір басшысы. Соңғы аптада 47 ӨЖЖ аппараты, әрқайсысы екі пациентке арналған 160 оттегі концентраты және 146 пульсоксиметр сатып алынған. Алдағы уақытта қосымша 80 ӨЖЖ аппаратын және 1 200 оттегі концентраторларын, 500 пульсоксиметрлерді, 16 сандық рентген-аппаратты, 3 дана орталықтандырылған медициналық газдармен қамтамасыз ету жүйесін және басқаларын сатып алу жоспарда бар екен.

Қарағанды мен Жезқазған қалаларында тәулігіне 3 мың талдау шығаратын үш ПТР-зертхана жұмыс істер тұр. Осы аптаның аяғында Теміртауда ПТР-зертхана жұмысын бастайды, ал Балқашта ол тамыз айында ашылады.

Облыста 16 компьютерлік томография кабинеті бар. Таяу арада  Қарағандыда тағы бір компьютерлік томограф орнатылады. Жалпы, өңірде қазан айына қарай барлығы 21 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істейтін болады деп сендірді облыс басшысы.

Брифинг барысында облыс әкімі қазіргі уақытта мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде ауруларды халық емімен және басқа да баламалы әдістермен емдеу бойынша көптеген дәйексіз ақпараттардың таратылып жүргенін сынға алды.

– Айта кету керек, ауыр ауруларды емдеумен, антибиотиктерді тағайындаумен тек дәрігерлер ғана айналыса алады. Өзін-өзі емдеу өлімге дейін әкелуі әбден мүмкін, – деп ескертті өңір басшысы.

1

Сондай-ақ, тікелей эфир барысында Жеңіс Қасымбек облыстағы дәрі-дәрмекке қатысты туындаған мәселелерге де кеңінен тоқталды. Бөлшек дәріхана желілеріне жақын арада дәрі-дәрмектің ірі партиялары жеткізілетін болыпты. Қоймаларға ингавириннің 10 мың, азитромициннің 15 мың орамасы және цефтриаксон келіп түскенін айтты. Арпефлю дәрісі де жеткізіледі деп күтілуде. Жақын арада парацетамолдың 190 мың орамасы облыстың дәріханалық желісіне жөнелтілетін көрінеді.

Жеңіс Қасымбек дәрі-дәрмектің бағасын өсіріп сататындардың барлығын қатаң жаза күтетінін мәлімдеді.

"Дәрі-дәрмекті жоғары бағамен сату – бұл адамгершілікке жатпайтын қылық. Біз дәріханаларда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың болуын анықтау бойынша мониторингтік топтар құрдық. Егер дәрі-дәрмекті дәріханадан тыс сату фактілері анықталса, полицияға жүгіне аласыздар",деген өңір басшысы қазірдің өзінде мұндай ұятсыз іспен айналысып, ұсталғандардың бар екенін тілге тиек етті.

Тікелей эфирде облыс басшысы жерлеу қызметтеріне қатысты мәселелер туралы да сөз қозғады.

"Облыс орталығында жерлеу қызметтерінің құны 150 мың теңге. Карантинге дейін де осындай баға болған. Өткен аптада бұл мәселе талқыланды. Қарағандыда "КВИ" диагнозымен жерлеу қызметін тек "Патологоанатомиялық орталық плюс" ЖШС көрсетеді. Фирма басшылығымен қала бойынша бағаны 150 мың теңге, облыс бойынша барлық аудандарға жеткізуді қоса есептегенде 200 мың теңгеге дейінгі шамада қалдыруға уағдаластық", – деді ол.

Жалпы, облыс әкімі жерлеу қызметі саласындабағаны жөнсіз өсіріп, пайдакүнемдікпен айналысудың адамгершілікке жатпайтын іс екенін және мұндай абыройсыз әрекеттер анықталар болса, қатаң шаралар қолданылатынын айтты.

Сонымен қатар, брифингте өңір басшысы Қарағанды облысының азық-түлік қоймаларында және тұрақтандыру қорында 57 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры бар екенін, жалпы тауарларды жеткізу барасында ешқандай іркілістің жоқтығын мәлімдеді.

Брифингте дәл қазіргі күрделі жағдайда бизнесті қолдау бойынша да біршама мәселелер туындағанын айтты өңір басшысы. Жеткілікті қоры жоқ шағын кәсіпорындар нарықтан кетуге мәжбүр болып жатыр. Өндірістік байланыстар үзіліп,  жұмыссыздықтың өсу қаупі туындаған.

"Сондықтан біздің басты міндетіміз –жағдайды тұрақтандыру және дағдарыстан тезірек шығуға бағытталған барлық шараларды қабылдау", деп атап өтті облыс әкімі.

Мысалы, қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламалар арқылы 31,4 млрд теңге инвестиция сомасына 830 бизнес-жобаға қолдау көрсетілген. Жалпы, биыл 8 мыңға жуық жұмыс орнын аша отырып, 2 500 жобаға қолдау көрсету жоспарланған екен.

Бұдан бөлек, дағдарысқа қарсы іс-шаралар аясында бизнес-үдерістерді тұрақтандыру мақсатында Қарағанды облысының 30 мыңнан астам субъектісінің салықтар, екінші деңгейлі банктердің несиелері, жалдау ақысы және коммуналдық өтемақы бойынша төлемдері кейінге қалдырылыпты.

Тікелей эфирде өткен брифингтің соңында Жеңіс Қасымбек облыстағы жалпы жағдайдың ұдайы бақылауда екенін және қандай да бір алаңдаушылыққа еш негіздің жоқтығын сенімді түрде мәлімдеді.