Аймақтар • 08 Шілде, 2020

Жағдайды тұрақтандыруды көздейді

179 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жергілікті «Ertis телеарнасының тікелей эфирінде облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов «Өңірдегі эпидемиялық ахуал» тақырыбындағы сұхбатқа қатысты. Сұхбат барысында облыс әкімі өңірдегі індетке қарсы іс-шаралардың атқарылу барысы туралы, дәрігер мамандардың жетіспеушілігі, жалпы бұл бағытқа жұмсалатын қаржыландыру көлемі туралы баяндап берді.

Жағдайды тұрақтандыруды көздейді

– 7 шілде күнгі жағдай бойынша өңірде коронавирустық инфекцияның 1 460 жағдайы тіркелді, – деді Ә.Сқақов. – 532 адам сауығып шықса, 14 адам қайтыс болды. Облыс бойынша провизорлық төсектік орындар саны 3 462-ге дейін, яғни 4 есе арттырылған. Қазір облыста пневмониямен ауыратын 2 194 науқас провизорлық стационарларда ем алуда. Аурудың жеңіл және орташа формасымен 1 644 науқас амбулаторлық емделуде. Триаж-орталығына бүгінге 390 адам түскен. Облыс әкімі медицина қызметкерлеріне әр науқасқа жеткілікті мөлшерде назар аудару және барынша көмек көрсету міндеттелгенін атап өтті.

Қазір 9554 тұрғын амбулаторлық жағдайда қаралуда екен. 1644-і орта және жеңіл сатыдағы пневмонияға шалдыққан. Қалғандары стационарлардан сауығып шыққан адамдар. Сонымен бірге науқастар мен медиктер Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқаулары мен ұсыныстарын бұлжытпай орындаулары қажет. Адамдар өзін өзі емдеуден бас тартып, дәрігерлер көмегіне жүгінулері керек. Оған қоса, барлық мәселе бойынша 109 бірыңғай байланыс орталығындағы жедел желінің көмегіне жүгінуге болатын көрінеді.

– Бүгінде өңірде 108 өкпені жасанды желдету аппараты бар, – деді облыс әкімі. – Оның 65-і қазір жұқпалы және провизорлық стационарларға тартылған. Жақын арада тағы 33 аппарат жеткізіледі. Сонымен қатар 226 оттегімен қамтамасыз ету нүктесі бар. Қосымша 155 нүктені жабдықтау туралы шешім қабылданды, осылайша олардың жалпы саны 400-ге дейін жеткізіледі.

Бюджеттің барлық деңгейлерін, оның ішінде Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар резерві, сондай-ақ облыстық бюджетті қоса алғанда коронавирустық инфекцияға қарсы іс-шараларға 2,8 млрд теңге бөлінді. Оның 837 млн теңгесі өңір медициналық ұйымдарының ма­те­риалдық-техникалық жағдайын қам­тамасыз етуге жұмсалды. Мәселен, осы қаражатқа 33 өкпені жасанды желдету аппараты, 19 стационарлық мони­тор сатып алынса, 42 млн теңгеге ме­дициналық бұйымдар мен 660 млн теңгеге дәрігерлерге арналған ұзақ мер­зімді жеке қорғаныс заттары алынды.

Қазір облысқа 400-ден астам медицина маманы қажет. Өңірде 3 ай ішінде стационарларда жұмыс істейтін медицина қызметкерлер саны 6 есе өсті.

– Стационарларда жұмыс істейтін медицина қызметкерлер саны 497-ден 2826 дейін өсті. Бүгінде кадрларға жалпы қажеттілік 400-ден астам адамды құрайды. Біз қазір бүкіл облыстан дәрігерлерді жұмылдырдық. Бұрынғы медицина қызметкерлері мен медицина оқу орындарының түлектері ара­сынан кадрларды іздеп отырмыз. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысының өтінішіне 103 адам жауап берді. Оның 17-сі жұмысқа кірісті. Тағы 26 адам өздігінен жүгіну бойынша жұмысқа орналасты. Және 108 дәрігер басқа медицина ұйымдарынан көмекке келгенін атап өтті. Сондай-ақ қосымша тағы 15 дәрігер жұмысқа кірісуге дайын.

Облыс әкімінің айтуынша, қазір 17 мың парацетамол қаптамасы жеткізілді. Сонымен қатар 6,5 мыңнан астам цефтриаксон мен цеф-3 құтысы әкелінген препараттар Екібастұз, Ақсу қалалары мен аудандарға жеткізіледі. Облыстың көтерме қоймаларына 16 мыңға жуық қаптама антибиотик, оның ішінде, вирусқа қарсы 5 мыңға жуық орам, ыс­тықты түсіретін және 8 мыңға жуық қап­тама симптоматикалық емдеуге ар­налған препараттар түспек.

– Бүгінде медициналық ұйымдар бұрын жасалған шарттар бойынша дәрі-дәрмек алатын болады, – дейді аймақ басшы. – Қосымша өтінім 1,5 млрд теңгеге жуық сомаға сатып алуға берілді. 33 атаулы антибиотиктер, тром­болитиктер және гормондар жедел тәр­тіпте сатып алынады.

БАҚ өкілдерінің коронавирусқа қарсы күреске азаматтық қоғам мен бизнестің қаншалықты үлес қосып жатқаны туралы сұраққа жауап берген өңір басшысы осы мақсатта көктемде арнайы қор құрылғанын айтты. COVID-19 індетіне қарсы қорға бизнесмендерден 122 миллион теңге шамасында қаражат түскен. Қорға түскен ақшаны қай жерге жұмсауға болатындығын шешетін арнайы қамқоршылық кеңес бар. Облыс көлемінде осы бағытта 400 волонтер жұмыс істеуде.

 

Павлодар облысы