Экономика • 08 Шілде, 2020

Ғалымжан Пірматов: Отандық атом өнеркәсібі ел игілігіне қызмет етуде

476 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Әлемдік уран нарығындағы ахуал және компания қызметінің нәтижелері туралы «Қазатомөнеркәсіп» Басқарма төрағасы Ғалымжан ПІРМАТОВ әңгімелеп берді.

Ғалымжан Пірматов:  Отандық атом өнеркәсібі ел игілігіне қызмет етуде

– Ғалымжан Олжаұлы, әуелі уран на­рығы мен Қазатомөнеркәсіптің қыз­ме­ті жайлы ашық әңгімелесуге келіс­ке­ніңіз үшін Сізге алғысымызды біл­дір­гіміз ке­леді. Қазір жұрттың бәрін COVID-19 ін­де­тіне байланысты сұрақтар алаң­да­тып отыр. Коронавирустың уран на­ры­ғына әсе­рі болды ма? Компанияның қыз­ме­тіне қандай өзгерістер енгізілді?

– Коронавирустың өршуі – әлемдегі миллиондаған адамдардың өміріне әсер еткен төтенше жағдай. Ірі уран өндіруші елдердің кейбірі індеттің таралуының алдын алу үшін кеніштер жұмысын уақытша тоқтататынын немесе өндіріс көлемін азайтатынын бірден мәлімдеді.

COVID-19 пандемиясына қарсы күрес ретінде біз қызметкерлеріміздің қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қор­ғау және активтерімізді қалыптасқан күр­де­лі кезеңге сәйкес түрде басқару бойынша нақты шараларды дер кезінде қабылдадық. Бұл туралы 16 наурызда арнайы хабарлама жа­са­дық.

Біздің қызметкерлеріміз жұмысқа елі­міз­дің түкпір-түкпірінен келеді. Сон­дық­тан өндірістік объектілерде ауру жұқтыру ошақ­тарының пайда болу қаупінен сақ­та­нып, кеніштердегі жұмысшылар санын барынша азайттық. Компанияның өнім өндіруімен тікелей байланысы жоқ бар­лық қосалқы жұмыстарды, соның ішін­де жаңа өндірістік блоктарды дайын­дау жұмыстарын уақытша тоқтаттык. Қол­да­­ныстағы блоктарда өндіріс жалғасып жа­тыр. Бірақ жаңа блоктарды дайындау жұмыстары тоқтағандықтан, бұрын хабар­ла­ғанымыздай, 2020 жылы уран өндіру кө­ле­мі біршама азаятын болады.

Қызметкерлеріміздің және біз жұмыс іс­тейтін аймақтағы тұрғындардың ден­сау­лы­ғы мен әл-ауқаты компания үшін бірінші кезектегі міндет болып келген және солай қала береді. Қабылданған кешенді шаралар өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету­ді және біз жұмыс істейтін аймақтарда коро­на­вирустық инфекцияның таралу қаупін сейіл­туді көздейді.

Өндіріс көлемінің төмендеуі 2020 жылға белгіленген компанияның міндеттемелеріне әсер етпейтінін атап өткім келеді. Бұл мәсе­ле­ні қолда бар қорларды сату арқылы ше­ше­тін боламыз.

– Қазатомөнеркәсіп коронавирустық инфек­цияның таралуын және қыз­мет­кер­лердің ауру жұқтыруын болдырмау үшін нақты қандай қадамдар жасады?

– Өндірістегі көптеген еншілес кәсіпо­рын­дарда жұмыс вахталық әдіспен ұйым­­дас­тырылған. Компания вахтаға жа­ңа­дан келген қызметкерлерді алдын ала да­­йын­далған жеке карантиндік бөл­ме­лер­ге орналастырып, міндетті түрде тесті­леу­­ден өткізген соң ғана қайта вахталауды бекітілген жаңа ережеге сәйкес жүр­гі­зеді. Бұл қазіргі жағдайда жағымсыз сцена­рий­лер­ді болдырмауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар коронавирус инфекция­сы анықталған жағдайда атқарылар іс-әрекеттердің алгоритмін жасап шықтық. Әкім­шілік-басқару қызметкерлерінің не­гізгі бөлігі қашықтан жұмыс істеуге жі­бе­рілді.

Кен орындарына тасымалдау кезінде жұ­мысшылар арасында әлеуметтік арақа­шық­­тық сақталады, көлік салоны әр рейстен ке­йін тиісті жуғыш және дезинфекциялық зат­­тармен өңделеді. Бетперделер, анти­сеп­­тикалық қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмектер қажетті мөлшерде сатып алын­ған. Вахтадағы барлық ғимараттар жүйе­лі түрде дезинфекцияланып, өндіріс ба­сындағы қызметкерлердің денсаулығына күн­де­лікті бақылау жасалады.

Біз елдегі және өзіміз жұмыс істейтін ай­мақтардағы ахуалды мұқият қадағалап отыр­мыз, бүкіл қауіпсіздік шараларын толық сақтау мүмкін болған жағдайда ғана қо­салқы жұмыстарды бастаймыз.

– Кей оқырмандарымыздың хабары бол­мауы мүмкін, сондықтан әлемдік уран нарығындағы Қазақстанның, дәлі­рек айтсақ, Қазатомөнеркәсіптің рөлі қан­­дай екеніне тоқталып өтсеңіз.

– Қазақстан 2009 жылдан бері әлем­дік табиғи уран өндіруші елдердің көшін бастап келеді. Бұл ретте, 1997 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құ­рыл­ған кезде еліміз уран өндірісі бойынша алғашқы ондыққа да кірмегенін ескеру керек. Қазір компанияға қарасты өндіруші кә­сіпорындардың негізгі бөлігі дүние ­жү­зіне танымал компаниялардың – уран нары­ғындағы жетекші ойыншылардың қаты­суы­мен құрылған бірлескен кәсіпорындар екенін айта кеткім келеді.

Уран қазіргі уақытта әлемдік электр энер­гиясының шамамен 10%-ын өндіретін атом электр стансаларына (АЭС) қажетті отынды жасау үшін қолданылады. Көмір, мұнай және табиғи газ сияқты отынның басқа түрлерінен айырмашылығы сол, энергияның өте тиімді және тұрақты көзі сана­ла­тын ядролық энергия парниктік газдарды немесе атмосфераға түрлі зиянды зат­тарды шығармайды. Яғни қоршаған ор­таны ластамайды.

Әлемдік уран нарығындағы сұранысты энергетикалық компаниялардың тұтыну көлемі мен атом стансаларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті қор көлемі анықтайды.

2001 жылдан бастап 2011 жылға дейінгі ке­зеңде әлемдік уран өндірісінің қар­қын­ды өсуі байқалды. Алайда Жапония та­ри­хын­дағы ең күшті жер сілкінісі және одан кейін болған цунами сал­да­­рынан туындаған «Фукусима» атом электр стансасындағы апат уран нарығын дамытудың орта мер­зімді перспективаларын түбегейлі қайта қарауға мәжбүр етті. Осының нәти­же­сінде, әлемдік тұтыну нарығының 12%-ын құрап отырған Жапониядағы 54 реак­тор­дың барлығы жұмысын тоқтатты. Гер­мания 2022 жылға қарай өзінің бүкіл ядро­лық реакторлар паркін пайдаланудан шығаратынын хабарлады. АҚШ-тағы атом стансаларының біразы біртіндеп жабылып, атом энергетикасы дамыған бірқатар елдерде, соның ішінде Франция, Бельгия мен Кореяда антиядролық пікірталас үкіметтік деңгейде көрініс бере бастады. Осының бәрі тұтынудың айтарлықтай төмендеп, табиғи уран қорының өсуіне әкеп соқтырды.

Соған қарамастан Қазақстан өндірісті ұлғайтуды жалғастырып, 2016 жылы елімізде өндірілген өнім көлемі ең жоғары деңгейге жетіп, 24,6 мың тоннаны құрады.

Тұтыну көлемі едәуір төмендеп, кері­сін­ше ұсыныс өсе түсті. Сол себепті 2015-2017 жылдары толық қаныққан на­рық­­та Қазатомөнеркәсіп өндірген уран өнім­дерінің шамамен 25%-ы сұранысқа ие болмай қалды. Әлемдегі негізгі уран өнді­ру­шілер де сұраныстың төмендеуіне ықпал ете алмады. Бұл өнім бағасына кері әсерін тигізді. 2016 жылы Қазақстандағы уран өнді­ру көлемі ең жоғары деңгейге жеткен кезде, 2007 жылдағы 138 доллармен салыстырғанда уранның бір фунты үшін 18 АҚШ доллары деңгейіндегі ең төменгі баға тіркелді. Сонымен бірге қоймалардағы дайын өнімнің қалдығы 2015 жылдың соңындағы 3 мың тоннадан 2017 жылдың соңында үш есеге, 9 мың тоннаға дейін өсті. Осылайша компания көрсеткіштеріне бағаның төмендеуімен қатар сату көлемінің де төмендеуі әсер етті.

– Шынында да, компания күрделі қи­ындықтарға тап болған екен. Қалып­тас­­қан жағдайды жақсарту үшін Қаз­атомөнеркәсіп қандай шаралар қабыл­да­ды?

– 2017 жылдың соңында компанияның алдағы 10 жылдағы дамуының жаңа страте­гия­сы жасалды. Негізгі бизнестің тұ­рақ­ты дамуы, компанияның барлық стейк­холдерлері үшін ұзақ мерзімді құнды­лықтар құру Стратегияның басты бағыты болып белгіленді. Компанияның табыстылығын арт­тыру жолында өте көп жұмыс атқа­рыл­ды.

Қазатомөнеркәсіп ең алдымен бар­лық күшті өзінің негізгі қызметіне шо­ғыр­­лан­дыруды ұйғарды. 2018 жылы Қаз­атом­өн­ер­кәсіп «Инкай» Қазақстан-Канада бірлескен кәсіпорнындағы өз үлесін 40%-дан 60%-ға дейін арттырды, «Байкен-U» ЖШС, «Қызылқұм» ЖШС және «Хорасан-U» БК» ЖШС компанияларындағы үлесіне қа­тысты мәселелерді шешу бойынша көп­жыл­дық келіссөздерді аяқтап, кәсіп­орын­­­дарды бақылауға қол жеткізді. Атқа­рыл­ған жұмыстар нәтижесінде 2020 жыл­ғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қаза­том­ө­неркәсіп жалпы алғанда 732 мың тонна уранды құрайтын Қазақстандағы келісім­шарт­талған қорлардағы үлесін 50%-дан 65%-ға дейін ұлғайтты.

Компанияның активтерін қайта құры­лым­дау есебінен негізгі емес активтердің қыс­­қаруына байланысты еншілес кә­сіп­орын­­дардың саны 82-ден 40-қа дейін қыс­қар­тылды.

Бұл шаралар компанияның бағалы қа­ғаз­дарын бастапқы орналастыру (IPO) ар­қы­лы сәтті жекешелендіру үшін қажет бол­ды.

Біз негізгі бизнеске деген көзқарасты түбегейлі өзгертуді және өндіріс көлемін ұл­ғай­тудың орнына нарыққа бағдар ұс­тан­ған тәсілді қабылдадық. Өзіміздің марке­тинг және сату тобымызды нығайтып, на­рықты терең талдау негізінде шешім қабылдауға кірістік. Компания трейдерлер мен делдалдарға уран сатуды тоқтатып, уран­ның түпкі тұтынушылары саналатын энер­гетикалық компанияларды – АЭС операторларын таңдадық.

2017 жылдың басында Қазатом­өнер­кә­сіп өз тарихында тұңғыш рет уран өндіруді қыс­қартатынын жариялады. Бұл нарықтағы сұраныс пен ұсынысты теңестіру үшін қа­жет еді. Нарық көшбасшысы ретінде біз­дің мойнымызда үлкен жауапкершілік барын сезініп, 2017 жылдың соңында болашақ өндіріс жоспарларын 2018 жылдан 2021 жылға дейін жер қойнауын пайдалануға ар­налған шарттарда көрсетілген деңгейден 20%-ға төмендетуге шешім қабылдадық.

Біз өз философиямызды өзгертіп, уран қорларын ресурс ретінде ойлауды тоқ­тат­тық. Енді біз оларды қазіргі және болашақ ұрпақ үшін еліміздің құнды активі деп қарас­тырамыз. Сондықтан уақыты келгенше және нарық қосымша жеткізілімді қажет ет­пейінше, өндірісті ұлғайтуға асықпаймыз.

Маркетинг пен сату функциясын кү­шей­тіп, нарықтың қажеттіліктерін ескере отырып өндірісті ықшамдағаннан кейін, 2018 жылы Қазатомөнеркәсіп тек ең ірі уран өндіруші ғана емес, сонымен бірге әлем­дегі ең ірі сатушыға айналды. 2018 жылы компанияның тарихында табиғи уран­ның рекордтық көлемі сатылды. Егер 2015-2017 жылдары компанияның әлемдік нарық­тағы үлесі 14%-дан аспаса, 2018 және 2019 жылдары Қазатомөнеркәсіптің үлесі барлық сұраныстың 23%-ын құрады. 2020 жылы компанияның сатылым көлемі 2019 жылғы деңгейде болады деген болжам бар. Сонымен бірге уран бұрынғыдай трейдер­лер­ге сатылмайды. Бұл жетістік 2019 жылы дамы­тыла түсіп, осы жылы одан әрі жақ­са­руы­н күтеміз.

– Қазатомөнеркәсіп өндірісті қыс­қар­ту кезінде сатылымды қалайша арт­тыр­ды деген орынды сұрақ туындайды.

– Бәрі өте қарапайым. Біріншіден, біз жер қойнауын пайдалануға арналған келі­сім­­шарттардан өндіруді 20%-ға қыс­қарт­­қанымызбен, өндіріс деңгейі шамамен 2017 жылғы деңгейде қалды. Жоспарлы көлемдерді қысқарту өндіріс көлемін ұл­ғайт­­­пауға мүмкіндік беріп, нарықтың әбден мо­лығуы кезінде жақсы септігін тигізді. Тіпті осы қабылданған шешімнен кейін де біз әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші болып отыр­мыз және нарықтағы үлесіміз де өсті.

Екіншіден, компания артық өндіріс кезеңінде жинақталған қоймадағы да­йын өнімнің қорларын азайтып, өз капитал құрылымын жақсартты.

Біздің стратегиямыз клиенттік базаны әртараптандыру және сату географиясын кеңейту тұрғысынан өз нәтижесін берді. Тек 2019 жылдың өзінде біз сату портфеліне алты жаңа компания мен екі елді қостық. Егер біз қазір тұтынушыларымыз пайдаланатын реакторлардың жалпы санын есептесек, 300-ден асып кетеді екен. Ал әлемде 441 ғана реактор бар.

Биыл біз өзіміз үшін жаңа бағыт, «Dioxitek» компаниясымен табиғи уран жет­кізу туралы коммерциялық келісім жасау арқылы Аргентина нарығын аштық. Соңғы бірнеше жылда Қазатомөнеркәсіп Бразилия, Испания және Швеция сияқты жаңа нарықтарды бағындырғанын атап өтуге болады. Табиғи уранның халықаралық нары­­ғында қатысу үлесін арттырумен қатар, компания жоғары бөлістегі өнімдерді – уран гексафториді мен төмен байытылған уран сатуға кірісті.

Біздің стратегиямыздың ұзақ мерзімді перс­пективасы – жаһандық атом өнер­кә­сі­бі­нің таңдаулы серіктесі болу.

– Бұл компанияның табысына қалай әсер етті?

Компаниядағы ауқымды реформалар кезінен бастап, таза пайдасы жылдан-жыл­ға тұрақты өсіп келеді. Егер 2017 жылы тү­зетілген таза пайда 31 млрд теңгені құ­раса, 2019 жылы ол 142 млрд теңгеге жетті. Соны­мен қатар Қазатомөнеркәсіптің салық төлемдерінің мөлшері де жыл сайын өсіп келеді. Егер 2017 жылы олар 72 млрд тең­ге­ні құраса, 2018 жылы 99 млрд теңге болды, 2019 жылы 127 млрд теңгені құрады.

– Сіз IPO туралы айтып қалдыңыз. Қаз­атомөнеркәсіптің IPO-сына қысқаша тоқ­талсаңыз.

– Компанияның стратегиясы мен жұмысының нәтижелері алдымызға міндет етіп қойылған IPO-ға шығуды абыроймен орындауға мүмкіндік берді. 2018 жылдың қараша айында Қазатомөнеркәсіп өзінің 15% акциялары мен ғаламдық депози­тар­лық қолхаттарын Лондон қор биржасы (LSE) мен «Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғында (AIX) орналастырды.

Қазатомөнеркәсіптің ІРО-сы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның портфелдік компаниялары арасындағы халықаралық капитал нарығындағы алғашқы IPO және 2018 жылы Лондон қор биржасындағы ТМД елдерінің ең ірі IPO-сы ретінде бағаланды.

Жалпы, «Самұрық-Қазына» АҚ Қазатом­өнеркәсіптің 25% акциясын сатудан ша­мамен 790 млн АҚШ долларын алып, Ұлт­тық қорға аударды.

Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде Қазатомөнеркәсіп жалпы сомасы 340 млрд теңге болатын дивиденд төледі. Бұл ретте ком­пания қарыз деңгейін төмендетуді де жалғастырып жатқанын айта кеткен жөн. Егер 2018 жылы компанияның қарызы 580 млн АҚШ долларын құраса, 2019 жылы ол 421 млн АҚШ долларына дейін азайды. Компания қарызын одан әрі айтарлықтай төмендету бойынша жұмыстар атқаруда.

– 2018-2019 жылдары АҚШ, Ресей, Қа­зақ­стан және Өзбекстан сияқты елдерден АҚШ нарығына келіп түскен уранға Аме­ри­каның санкция енгізу мүмкіндігі көп сөз болды. Осы талқылауларға Қаз­атом­өнер­кәсіп қаншалықты белсенді қатысты және ол немен аяқталды?

– Әлемдік атом саласы қашанда ма­ңыз­ды геосаяси мүдделердің ортасы бол­ған, ал табиғи уран стратегиялық ма­те­риал саналатындықтан түрлі «сауда со­ғыс­тары» шектеулеріне ұшырауы мүм­кін. Ірі уран өндіруші ел ретінде Қазақстан осы тәуекелдерді азайту үшін белсенді шараларды қабылдауға және өз өнімдерінің әлемдік нарыққа қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.

2018 жылдың 18 шілдесінде АҚШ Сау­да министрлігі алғаш жария болған уран өндіруші «Energy Fuels» және «Ur-Energy» ком­панияларының 2018 жылғы 16 қаң­тар­да берген өтінішінің негізінде 1962 жыл­ғы Сауданы кеңейту туралы заңның 232-бөлімі бойынша тергеуді бастау тура­лы шешім қабылдады. Бұл 1999 жылғы шіл­деде сауда шектеулері жойылғаннан кейін Қазақстаннан уран жеткізуге қатысты сау­даны шектеу туралы мемлекеттік дең­гей­де­гі алғашқы ашық пікірталас болды.

Қазатомөнеркәсіп пен Қазақстан Рес­пуб­­ликасының мемлекеттік органдары жүр­гізген үлкен жұмыстың нәтижесінде елі­міздің мүддесін қорғап, Қазақстан Рес­пуб­ликасынан АҚШ-қа уран импортына шек­теулердің енгізілуіне жол берілмеді.

– Қазатомөнеркәсіп өз қызметінің қор­шаған ортаға әсері бойынша қандай жұ­мыстар атқаруда?

– Қазатомөнеркәсіп өз қызметінің тәсіл­де­рін түбегейлі өзгертті. Ең озық ESG (эко­ло­гиялық, әлеуметтік жауапкершілік, кор­поративтік басқару) халықаралық тәжі­рибесін және жария компания ре­тін­де ашықтықты қолданады. Бұл атом энер­гетикасында ерекше маңызды, өйт­ке­ні тұтынушылар жеткізушілер мен се­рік­тес­тер­ді таңдау кезінде ESG мәсе­ле­ле­ріне ерекше назар аударады. Сонымен қатар ком­панияның барлық шешімдері, ең алдымен еліміз үшін ұзақ мерзімді пайда алу үшін стратегиялық активтерді тиімді бас­қа­руға бағытталған.

Қазатомөнеркәсіп өз қызметінің қор­ша­­ған ортаға тигізетін экологиялық әсерін үнемі төмендетіп отыруға да­йын екендігін көрсетіп келеді. Мәселен, үстіміздегі жылы эко­логиялық жобаларды қаржыландыру Кеңес Одағы дәуірінен бері «ҮМЗ» АҚ жұ­мы­сы кезінде пайдалануға жарамсыз болып қалған және ерекше өңдеуді қажет ететін ғимараттар мен құрылыстарды бөлшектеу мен көмуден басталды.

– 2019 жылдың желтоқсанында Өске­мен­дегі Үлбі металлургиялық зауы­­ты базасында салынған АЭЖХА-ның ТБУ Банкіне төмен байытылған уран­­ның соңғы партиясы жеткізілді. Бұл жо­бадағы Қазатомөнеркәсіптің рөлі қан­дай? АЭЖХА ТБУ Банкінің Қазақ­ст­ан Рес­публикасы мен компа­ния­ға қан­дай пай­дасы бар?

– Төмен байытылған уран банкі Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен АЭЖХА арасындағы 2015 жылғы келі­сімге сәйкес құрылды. 2017 жылы ТБУ Банкінің ашылуына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев пен АЭЖХА бас директоры Ю.Амано қатысты. ТБУ Банкінің құрылуы халықаралық қауым­дас­тық­тың Елбасымыздың ядролық қаруды тарат­пау жөніндегі бастамаларын мойындауы мен елімізге деген сенімінің белгісі.

Банкте сақталатын төмен байытылған уран еліміздің оңтүстік өңірлерінде өнді­рі­ле­тін уран тотығына қарағанда жоғары бөліс нәтижесіндегі өнім саналады.
45 жылдан астам тарихы бар ҮМЗ әртүрлі қай­та бөлістің радиоактивті материалдарын, оның ішінде төмен байытылған уран­ды сақтау тәжірибесіне ие. ТБУБ қой­масында физикалық қауіпсіздікті қам­та­масыз етудің ең жақсы стандарттары енгізіл­ген, оны АЭЖХА-ның инспекция­сы растады. Материалды қабылдау кезінде ҮМЗ мамандары халықаралық және қазақ­стан­дық стандарттарға сәйкес барлық қажет­ті өлшемдерді жүргізді. Сондай-ақ радиа­ция­лық фон бақылауға алынды, ол ТБУ Бан­кінің шекарасында өзгермеген және мате­риалды жүктегеннен кейін табиғи фон дең­гейінде қалды. АЭЖХА мамандары материалды орналастыру процесінің барлық барысын қадағалап отырды.

ТБУ Банкі үшін жеткізушілерді таңдау про­цесі тек коммерциялық негіз­де жүр­гі­зілді, барлық халықаралық жет­кі­зу­шілер арасында ашық тендер өткізілді. Қаза­том­ө­неркәсіп ең тиімді ұсыныстардың бірін ұсынып, 2019 жылдың желтоқсан айында сәтті аяқталған ТБУ Банкіне жеткі­зілім­дер­дің жартысына жуығын жүзеге асыру құқығына ие болды.

– Сұхбат соңында компанияның яд­ро­лық отын циклінің барлық тізбегі бо­йынша қызметін дамыту жоспарлары жай­лы не айтасыз?

– Өздеріңізге мәлім, өндірілген табиғи уран тікелей электр қуатын өндіретін отын ретінде пайдалануға жатпайды. Оны кеннен ажыратып алып, ядролық отынға айналдыру үшін өңдеудің бірнеше кезеңінен өтуі керек. Бұл кезеңдердің жиынтығы ядролық отын циклы деп аталады.

Ядролық отын цикліндегі өзінің тех­ни­ка­лық мүмкіндіктерін одан әрі да­мыту бо­йынша жұмыс шеңберінде Қазатом­өнер­кә­сіп 2020 жылдың басында канадалық Cameco компаниясынан уранды қайта өңдеу мен конверсиялаудың бірегей техно­ло­гиясын алды. Бұл компанияға «ҮМЗ» АҚ базасында жылына 6000 тонна қуатқа ие аффинаждау зауытының құрылысы жобасын бастауға мүмкіндік береді. Әлемдегі ең озық саналатын бұл технология сұйық радиоактивті қалдықтардың тасталуын бол­дырмау және табиғи уранды қайта өң­деу кезінде қауіпті химиялық заттарды тұ­ты­нуды төмендету есебінен Қазақс­танда қол­данылатын жоғары эколо­гия­лық стан­дарт­тарға сәйкес болуымен ерек­ше­ле­не­ді.

Қолымыз жеткен бірегей конверсия­лау технологиясының көмегімен Қаз­атом­өнер­кәсіп болашақта қолайлы нарық­тық конъюн­ктура басталған кезде уранды кон­версиялау бойынша өз қуаттарын құра алады.

Өскеменде қытайлық АЭС-терге арнал­ған, байытылған уранға шаққанда, қуаты жылына 200 тонна болатын отын қондыр­ғы­ларын шығаратын зауыт құрылысы жал­ғасуда. Аталған жобаға Франциядан, Гер­маниядан және Қытайдан жабдықтар өнді­ру­шілер тартылғандықтан бүкіл жаһанды жаулаған пандемия салдарынан зауытты іске қосу мерзіміне өзгерістер енгізуге тура келіп отыр.

2020 жылдың басында компания «Уран­ды байыту орталығы» АҚ-ның 50% үлесін (минус 1 акция) осы бірлескен кәсіпорындағы серіктесі – «Росатом» мемлекеттік корпорациясына сатты. Осы мәмілені жүзеге асыру Қазатомөнеркәсіпке 100 млн АҚШ доллары көлемінде кіріс алуға және «УБО» АҚ-қа елеулі қосымша қара­жат құюдың алдын алуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге Қазатомөнеркәсіп бұрынғы шарттармен уран байыту қыз­мет­теріне қолжетімділік құқығын сақтап қал­ды. Бастапқыда «УБО» АҚ құрудағы мақ­саттың өзі сол болатын.

Сондай-ақ Қазатомөнеркәсіп сирек металдар – тантал мен бериллий маркетингін да­мытуға байланысты жұмыстарға көп көңіл бөле бастағанын атап өткім келеді. Сирек металдар мен олардың қоспалары бірегей физика-химиялық кешендік қа­сиет­тер­ге ие болғандықтан аспап жасау, машина жасау, металлургия, атом энергетикасы және медицинада кеңінен қолданылады.

Қызметіміздің тиімділігін арттыру үшін цифрландыру жобаларын белсенді түр­де өндіріске енгізіп жатырмыз. Бұл бізге дерек­терді талдау арқасында тау-кен да­йын­­дық жұмыстарын тиімді әрі нақты жос­­парлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өндіріс процестерін және қаржы-шаруа­шы­лық қызметін автоматтандыруға ерекше көңіл бөлeміз.

Сұхбатымызды түйіндей келе, уран қорлары – Қазатомөнеркәсіпке сеніп тапсырылған елiміздің ұзақ мерзімді активі екенін атап өткім келеді. Біз бұл активті қазақстандықтардың қазіргі және болашақ ұрпақтарының игілігі үшін лайықты басқаруға қызмет етудеміз.

– Ғалымжан Олжаұлы, мазмұнды әңгімеңіз бен бізге бөлген уақытыңыз үшін рахмет.

 

Әңгімелескен

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»