
Пиреней түбегіндегі феминизм қозғалысының белсенді қыздары Испания парламентіне басып кіріп, залдан күштеп шығарылғанша аборт жасау құқығын сақтап қалу жөнінде талап қойды. Бұл туралы DigitalJournal.com порталы хабарлады.
Акция бар-жоғы үш минутқа созылды. Осы уақыттың ішінде Femen тобының жүгенсіз бойжеткендері үстеріндегі сырт киімдерін шешіп тастап, парламенттің таңертеңгі мәжілісін үзіп жіберді. Олар жалаңаш қалыптарында аборттың сақталып қалуы керек екенін айғайлап айта бастады.
Порталдың мәліметі бойынша, үш қыз парламенттің жоғарғы Испанияның әділет министрі Альберто Руиз-Галлардон сөйлеп жатқан кезде кіріп келген. Қозғалыс белсенділері сол бойда: «Аборт деген – қасиетті нәрсе, оған тиісуге болмайды», - деп айғайлаған. Олар бұл сөздерді денелеріне де жазып алыпты. Шешінгенде соларды көрсетпек болған.
Парламент күзет бөлімінің қызметкерлері феминисткаларды мүмкіндігінше алып шығуға тырысқандарымен, олардың екеуі бұған айрықша қатты қарсылық көрсетті. Ақырында бәрі жабылып жүріп, жүгенсіздерді сыртқы есіктен шығарып тастады.
Бұдан бұрын Femen белсенділері Испанияның БАҚ-тарына осындай бірнеше акция ұйымдастыратындарын мәлімдеген екен. Олар «Еуропа елдеріндегі патриархаттылықпен күресуге» бекем бел буыпты. Соның бір көрінісі осылай көрінді.
Мұрат Айтқожа.
Біздің анықтама.
Фемини́зм (латынша: femina, «әйел») — жыныстық, нәсілдік, жыныстық қатынастағы бағыттылық, жас, этностық, әлеуметтік мәртебелілік жағынан қысымға ұшыраған барлық әйелдерді қорғау мақсатын көздейтін қоғамдық-саяси қозғалыс.
Феминизм XVIII ғасырда пайда болды. Оның айрықша жоғары белсенділік алған кезі өткен ғасырдың 60-шы жылдарының аяғына тура келеді. Қозғалыстың теория ретінде қалыптасуы Батыста мынадай интеллектуалдық ағымдар бойынша жүргізілді: либеральды философия және адам құқығының теориясы (Локк, Руссо, Миль және басқалар); адамның әлеуметтік және саяси тұрғыдағы мінез-құлқындағы жыныстық әрекетін қарастыру (Зигмунд Фрейд, Вильгельм Райх, Маргарет Мид, Франкфурт мектебінің философтары: Герберт Маркузе және Теодор Адорно). Қазір оның америкалық моделі де қалыптаса бастады.



