Аймақтар • 08 Шілде, 2020

Дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтергендер анықталды

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шара қабылдау үшін материалдар фармацевтикалық бақылауға тапсырылды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтергендер анықталды

"Астана – адалдық алаңы" жобасының менеджерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті жанындағы арнайы мониторингтік топпен және партиялық бақылау комиссиясы мүшелерімен бірлесіп, қаладағы бірнеше дәріханаға мониторинг жүргізді. Бұған азаматтардың дәрі-дәрмектер мен дәріханаларға қатысты шағымдары негіз болды.

Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан тұрғыны "DDM PHARM"-дан (Республика даңғылы, 7) құны 3 705 теңге тұратын 10 мг "Амлодимед" препаратын сатып алған. Дәрінің бірлігі 327 теңгеден асып кеткен. Ал "Sanario" дәріханасында (Алматы көшесі, 13) құны 2 500 теңге тұратын ЦЕФ-3 препаратының бағасын көтеру фактісі анықталды. 10 бірлікке 2 950 теңге артық төленген.

"Астана – адалдық алаңы" жобасының жетекшісі Мирас Шекенов тәртіп бұзушылық фактісін мойындаған дәріхана басшыларымен сөйлесті.

"Бүгін үш дәріхана тексерілді, олардың екеуінде баға көтерілгені анықталды. Шара қабылдау үшін нәтижелерді фармацевтикалық бақылауға жібереміз. Сондай-ақ ертеңнен бастап қалада барлық дәріханаларды тексеретін партиялық арнайы мониторингтік топтар жұмыс істей бастайтынын атап өткім келеді. Сонымен қатар барлық азаматтарды дәрі-дәрмек бағасының көтерілуі бойынша WhatsApp нөміріне (+7 702 000 24 94) хабарлама жіберуге шақырамын. Медициналық дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеру денсаулық сақтау министрінің бұйрығын бұзу болып есептеледі", - деп атап өтті М.Шекенов. Егер дәрі-дәрмек бағасы туралы күмән туындаса, DARI.KZ қосымшасы арқылы, ndda.kz сайты немесе Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бекітілген бұйрығы (adilet.zan.kz) арқылы тексере аласыз.

Бұрын хабарланғандай, елордалық полицейлер медициналық препараттарды заңсыз сату фактілері бойынша рейд жүргізуде. Екі күн ішінде жалпы сомасы 6 млн теңгеге жуық дәрі-дәрмек тәркіленді.