09 Сәуір, 2010

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің мәлімдемесі

869 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше көршіміз Қырғызстанда болған қанды жағдай – бүлікшілік бізді алаң­датып отыр. Қырғыз еліндегі мұндай оқиға бірінші рет емес, екінші рет болып отыр. Алайда кім ұтты? Қираған тағы да жас мемлекет. Әрбір бүлікшілік Қыр­ғыз­станды одан әрі ондаған жылдарға кері кетіреді. Бұған осындай алауыздық зар­да­бынан әлі де ес жия алмай отырған Украи­наны мысал етсек те жетіп жатыр. Бүлік арқылы билікке келген ешбір өкімет халықтың жағдайын жақсартқан емес, керісінше, ол бұрынғы жетістік­тері­нен де айырылуына әкеліп соқтырған. Өз отандастарының қолымен әлсіреген жас мемлекет кім көрінгеннің ойыншы­ғы­на, сыртқы алпауыт мемлекеттердің боданына айналары сөзсіз. Сондықтан мұсылман баласы қандай да бір мүшкіл мәселені шешуде қақтығыс пен бүлік жолын емес, татулық пен келісім, түсіністік, келіссөз жолын таңдауы тиіс. Мұсылман үшін иманнан кейінгі ең үлкен нығмет – тыныштық нығметі. Қасиетті Құранда “Бақара” сүресінде: “Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә”  делінген. Ендеше, елдегі, діндегі тыныштықты сақтау әркімнің міндеті. Басшыға бағыну мәселесі – мұсылмандардың, пайғамбар жолымен жүретін мұсылмандардың ең негізгі мәселелерінің бірі. Құранда: “Ей, иман келтіргендер, Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар және араларыңыздан болған басшыларға бойұсыныңыздар”, – делінген. Бұл аятта Алла тағала бізге Өзіне бағынуды, Пайғамбарға (хазреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) және арамыздан шыққан басшыларға бағыну керек екенін ашық бұйырып тұр. Сондықтан халқымыз көрші елде болып жатқан жағдайдан ғибрат алып, тыныштық пен татулықты, бейбітшілікті әрдайым қаперде ұстауы ләзім. Ал көршіміздің тезірек өркениетті елдер жолына түсуін қалаймыз.