Аймақтар • 08 Шілде, 2020

200 ерікті провизорлық орталықтарға жұмысқа келді

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, медициналық мамандардың жетіспеушілігіне байланысты әлеуметтік желілерде хабарландыру берілген.

200 ерікті провизорлық орталықтарға жұмысқа келді

Хабарландырудан соң, 200- қала тұрғыны өз еркімен жұмысқа шығуға ниет білдірді.

Олардың басым бөлігі медбикелер, фельдшерлер құрайды. Арнайы білімі жоқ  кіші қызметкерлер санитарлар болып жұмыс істеуге дайын.

 -Бұл өте қауіпті жұмыс екені белгілі,- дейді басқарма мамандары. Сондықтан жұмысқа қабылдайтын кезде бірінші кезекте медициналық  тексеруден өткізіледі. Бұған қоса, біліктілігі мен  талаптарға сай келуіне назар аударылады.  

Мысалы, Ulttyn Bolashagy қорының құрылтайшысы Шынар Баужанованың  мамандығы заңгер.

 -Әлеуметтік желілер арқылы еріктілер керек екені жайлы естідік,- дейді Шынар.-Қазір  Мойылды провизорлық госпиталінде кіші медициналық қызметкер санитар болып жұмыс істеймін. Ауысыммен жұмысқа шығамын. Тек санитардың міндетін ғана атқармаймыз, науқастарға укол салып, система қоямыз.         

Ал, денсаулық сақтау басқармасы  тізім бойынша еріктілердің әрқайсымен жеке жұмыс жүргізеді.

Себебі, олардың ішінде мамандығы бар және жоқ адамдар кездеседі.  Қазір еріктілерді іріктеу бойынша  жұмыс жүргізілуде. Ол үшін арнайы қауырт желі іске қосылған.

Басқарманың мәліметінше, әрбір адаммен келісімшарт негізінде еңбекақы төлеу бойынша жеке жұмыс жасалады.

Ең төменгі еңбекақы - 60 мың теңге, қосымша денсаулыққа келтірілген зиян үшін үстемеақы төленеді. 

Ал, өңірде 400-ден астам медицина маманы қажет болса,  3 ай ішінде стационарларда жұмыс істейтін медицина қызметкерлер саны 6 есе өсті.

Сондай-ақ, өңірдің 9554 тұрғыны індеттен қарсы үйде емделуде. Олардың 1644-і орта және жеңіл сатыдағы пневмонияға шалдыққан.

Облыс  орталықтарындағы «Баянтау» спорт сарайында науқастарды қабылдау мен диагностикалау орталығы, ал, Мойылды мен Ақсудағы санаторийлерде қосымша провизорлық стационарлар ашылды.

 Провизорлық орталықтарға қызметкерлерді іріктеу үшін өңірдегі ауруханалар мен емханалардың кадр қызметі айналысуда.

Павлодар облысы