Кеше Таиландта ірі жол апаты болды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Апаттан жарақат алған Ресейдің 28 азаматы Канчанабури провинциясындағы ауруханаға жеткізілді. Оның ішінде алты адам жан сақтау бөліміне жатқызылды.
«Қазір Ресейдің екі азаматшасы комада жатыр. Кеше Таиланд дәрігерлері үш ота жасады. Бүгінге де бірнеше ота жоспарланған», – дейді ондағы Ресей консулдығының меңгерушісі Андрей Дворников.
Жол апаты жұма күні Канчанабури провинциясында орын алды. Саяхатшыларды Паттайя қаласынан Квай өзеніне тасымалдап бара жатқан автобус аударылып түскен. Ол кезде көлік ішінде 42 жолаушы болған. «Пегас-туристик» компаниясына тиесілі бұл автобустың жүргізушісі сайға түсіп бара жатқанда рөлді бағындыра алмай қалғанын айтады. Полиция тергеу амалдарынан кейін жүргізушінің апат кезінде сау болғанын мәлімдеді.
Айдар Өрісбаев.