Қоғам • 10 Шілде, 2020

Бейқамдықтан арылар емес

162 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күн өткен сайын Шымкентте індет жұқтырғандардың саны арта түсуде. Алайда сақтық шараларын сақтап жүрген тұрғындар аз. Қорғанудың, сақтанудың, үйде отырудың орнына базаршылап жүр. Алаш, Қырғыз базарларында иін тірескен адамның қарасы қалың.

Бейқамдықтан арылар емес

Базардың кіре беріс қақпасындағы қарауыл да «бетперде тағып, ара қа­шықтық сақтап жүріңдер» деген жаттанды сөзді айта-айта шаршаған секілді. Ал беті ашық-шашық азық-түлікті, бейғам халықты көріп көңілге секем кіреді.

Қалада індет жұқтырғандардың са­ны 3151 болды. Сәт санап өскен көр­сеткіш, әлеуметтік желідегі қаралы хабарлар, емханалардағы төсектік орын тапшылығы, дәріхана алдындағы ұзын сонар кезек, уақытша ашылған емдеу орталықтары отандық медицина саласы мамандарының жүйкесіне ауыр салмақ салып жатыр.

Шымкенттік жедел жәрдем дәрігері Арман Хамзиннің көңіл күйге ерік берген бейне жазбасынан-ақ Шымкенттегі дәрігерлер қауымының жұмысы ауыр екенін аңғаруға болады.

Жергілікті әкімдік тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілгенімен, кәсіпкерлік нысандар жұмысын уақтылы тоқтата қойған жоқ. Абай ауданы бойынша құрылған 4 мобильдік топ кешкі мезгілде дүкендер мен дәмханалардың уақтылы жабылуына күнделікті мониторинг жұ­мыстарын жүргізуде. Дейтұрғанмен, тексеру тобы кетісімен қайта жұмысын жалғастырып, немесе «жабық» режімде жұмыс істеп жатқаны тағы бар.

Мұндай тексеру жұмыстары нәтиже­сінде Еңбекші ауданына қарасты Тәуке хан даңғылы, Елшібек батыр және Ш.Уәлиханов көшелері бойында орна­ласқан 187 коммерциялық нысанға рейд­тік іс-шара жүргізілген. Аталған ауданда 38 коммерциялық құрылымға ескерту берілді. Ал, Абай ауданы аумағында карантин режімін сақталмаған 4 кәсіп­кер­лік нысанға хаттама толтырылды. Жал­пы, қала бойынша карантин талабына ба­ғын­бай, кешкі мезгілде жұмыс істеп жатқан 50-ге жуық мекемеге хаттама толтырылған. Санитарлық нормаларды сақтамаған 7 кәсіпкерлік нысан уақытша жабылды. «Тәртіпке бағынған құл болмайды», дегендей, індеттің іргесін кеңге жаймас үшін халыққа бірінші кезекте қатаң сақтану қажет. Алайда халық күнкөрістің қамы үшін көшеге шығып кетуде. Кейбір жекеменшік кәсіпкерлік нысандар қалтасын ойлап, бас санитар шығарған қаулыдан айналып өтуде.

Індет өршіп тұрған шақта да қаладағы «Гарант» сауда орталығы аумағында жабайы сауда қызып тұр. Смартфон саудалаушылар жаяу жүргіншінің жолын кес-кестейді. «Бетперде тағып алмайсыңдар ма?», деген жанашырлыққа қаба сақалды жас жігіт: «Алла сақтайды», деп жауап қатты... Бетперде кимегені былай тұрсын, беті ашық ыдыста бәліш пен піскен жүгері сатып жүрген азаматтарды кездестірдік. Ел тұрғындары жиі шоғырланған оңтүстік шаһардағы жағдай осылай. Індет тұрғындардың денсаулығына жеткенімен, саналарына әлі жете қоймағандай...