Қоғам • 10 Шілде, 2020

Өкпесі қабынған науқас саны өсті

188 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны 2 749 адамнан асты. Олардың ішінде 838 адамның бойынан симптомды індет анықталған. Ал дерттен 1290 адам айығып, жазылып шықты.

Өкпесі қабынған науқас саны өсті

Жалпы, облыста 5581 адам медицина қызметкерлерінің бақы­ла­уына алынған. Оның ішінде ста­цио­нарлық емдеуде 2583 науқас болса, 895 симп­томсыз науқас үй жағ­да­йында ем­де­ліп жатыр. Ал үйде оқшау­лан­ған­дар саны 2103 адам екен.

– Инфекциялық ауруханалардағы реанимация бөлімдерінде ауыр және өте ауыр жағдайдағы 41 пациент бар. Олардың 39-ы ересек адам, 2-еуі бала. 15 науқас өкпені жасанды жолмен желдету аппаратына қосылған. Жалпы, соңғы аптада инфекцияның өсу қар­қы­ны 4 пайызды құрады. Облыста эпи­демияға қарсы және зарарсыздандыру шаралары жалғасуда, – дейді Ал­маты облысындағы індетпен күрес жұ­мысының барысымен таныстырған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

Өкінішке қарай өткен жылмен салыстырғанда облыста өкпе­сі қабынғандардың үлесі 2,5 есеге өсіп отыр. Науқастар арасындағы өлім-жітім көбейіп кеткен. Былтыр осы мерзімде пневмониядан 90 адам қайтыс болса, қазір 190 адам дерттен көз жұмған.

– Облыста соңғы аптада провизор бөлімінен 618 адам емделіп шықты. Жалпы, күн сайын өкпесі қабынған 150-ден астам науқас емделіп шықса, осы диагнозбен емханаға түсетіндер саны 200-ге дейін жетіп отыр. Ауруы асқынған пациенттер санының өсуіне байланысты инфекциялық стационарда соңғы екі аптада орындар саны 3 есе, яғни 17 стационарлық мекемеде 150-ден 500-ге дейін артты. Пневмониямен ауыратын науқастарды емдеу үшін 31 стационарда төсек саны 1 мыңнан 3 мыңға дейін көбейтілді. Мәселен, Талдықорған қаласындағы 300 орындық инфекциялық стацио­нар облыстық аурухана базасына көшірілді. Тері-венерологиялық диспансер базасында 85 провизорлы төсектік орын ашылды. Сонымен қатар бүгіннен бастап облыстық фтизио-пуль­м­онология орталығында 120 төсек­тік провизорға науқастарды қа­был­­дау басталды. Талдықорған қаласы бойынша 532 провизорлық қа­был­дау орны 532 төсекке дейін жетті, – дейді Б.Байжұманов.

Ал  облыс аумағында дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау және оның бағасын өсіруге жол бермеу мақ­са­тында бірнеше мониторинг тобы құ­ры­лып, жұмыс істеуде. Қазір аймақта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дәрі-дәрмектің қолжетімді болуы мен бағасын өсіруге жол бер­меу мақсатында облыстық бас мем­ле­кет­тік санитарлық дәрігерінің қау­лы­сымен мониторинг тобы құрылған. Сол сияқты Nur Otan партиясының аудандық, қалалық филиалдары да бұл мәселені бақылауда ұстайды. Дәрі-дәрмектің көтерме және бөлшек саудасы мәселесі бойынша өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылған. Бүгінге дейін Алматы облысындағы фармацевтикалық қызметпен айналысатын 70 нысанға мониторинг жасалған. Алыпсатарлыққа жол бермеу үшін медикаменттердің бір қолға сатылатын көлемі жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

 

Алматы облысы