Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың шақыруымен арнайы келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті.
Қ.Тоқаев пен Пан Ги Мунның Астанадағы осы кездесуі халықаралық қатынастар саласындағы ежелден әріптес достардың кездесуі болды. Қызмет бабына сәйкес олар бұрын да талай мәрте кездескен. Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары мәртебелі мейманның Семей полигонында, Курчатов қаласында болуына және жаһандық қарусыздану үдерістері мен ядролық қаруды таратпау тәртібін нығайтудағы Қазақстанның рөліне орай маңызды мәлімдемесіне ризашылық білдірді. “Сіздің сапарыңызды қазақстандықтар ризашылықпен еске алатын болады”, – деді Төраға өз сөзінде. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының саясатын жан-жақты қолдайды.
Пан Ги Мун қаруды таратпау және ядролық қауіпті еңсеру саласындағы Қазақстанның белсенді рөлі, осы сала бойынша бекітілген халықаралық келісімдерді біздің мемлекетіміз қатаң сақтайтыны БҰҰ-да кеңінен танымал екенін атап өтті. Ол Қазақстанның әлемдік саясаттағы өзекті мәселелерге теңгерімді және нақтылы қадамдары БҰҰ Бас Ассамблеясында жақсы белгілі екенін, ал еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен іс-қимылы осынау халықаралық ұйым тарапынан түсіністік пен қолдау тауып отырғанын атап өтті.
“Біз ядролық қарудан бас тарту жөніндегі Қазақстанның дана және батыл шешімін жоғары бағалаймыз, 29 тамызды БҰҰ Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялай отырып, оны тарихи күн деп есептейміз”, деді Пан Ги Мун. Сондай-ақ ол сәуірдің ортасында ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке Қазақстан мен АҚШ басшыларының қатысуы бүкіл әлемдегі ядролық қауіпті азайту ісіне қомақты үлес болып қосылатынын атап көрсетті. Бас хатшы, сонымен қатар, халықаралық құқықтың негізгі қағидалары мен кедейшілікпен күреске, экономикалық және саяси реформаларды ілгерілетуге, аймақтық интеграция мен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Қазақстан басшысының маңызды бастамаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жөніндегі қазақстандық парламентшілердің қызметін жоғары бағалады.
Жылы шырайлы кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жер жүзіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі Пан Ги Мунның қызметіне ризашылық білдірді және БҰҰ Бас Ассамблеясының өкілдерін алдағы мамырда өтетін Трансазиялық парламенттік жиынға қатысуға шақырды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.